Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, 4 проценттік автонесие әрі кетсе, бір айдың ішінде беріле бастайды.
«Қазіргі кезде ақша түсті. Үкіметтің қаулысы бар. Бүгінде ол қаржыны тарату шаралары атқарылып жатыр», — деді Андрей Лаврентьев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.
Қазақстанда 4 проценттік автонесие бағдарламасы 2015 жылы қолға алынған болатын. Содан бері 13 245 жеңіл автокөлік сатылыпты. Биыл 19 ақпанда Үкімет 4 пайыздық автонесие бағдарламасына қосымша 10 миллиард теңге бөлу туралы қаулы қабылдаған болатын. Соның 8 миллиарды жеңіл көліктерді несиелеуге бағытталса, 2 миллиард теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам автомобиль сатылады.
Төрт пайыздық автонесие бағдарламасы қолға алынған 4 жылда бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінді.