«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АВТОРЛЫҚ ТАҒАМДАРЫМЕН ТАНЫЛҒАН АСПАЗ

Евгений Лазухин облыс орталығындағы “Homad” мейрам­ханасының бас аспазы болып еңбек етеді. Петропавл қаласындағы №5 кәсіптік білім беру училищесін тамамдаған оның бұл саладағы еңбек өтіліне он алты жыл болыпты. Біліктілігі мен тәжірибесін күннен-күнге шыңдай түсуге дағдыланған ол – бүгінде өңіріміздің белгілі аспаздарының бірі. Евгений Александрович еңбек ететін мейрамханада күнде – мереке, күнде – той. Қонақтардың ерекшеліктерін ескермейінше, бәсекелестігі мығым мейрамхана бизнесінің талабына төтеп беру оңайға соқпайды. Ал мұндай орталықтардағы негізгі ауыртпалық бас аспазға түсетіні сөзсіз.

– Өзіңнің кәсіби біліктілігіңді арттырып отырған кезде ғана жұмыс орныңды сақтай аласың әрі табысың да жоғары болады. Сондықтан бүгіннің өзінде мен республикалық, халықаралық семинарларға, курстарға қатысып, өзімді кәсіби жетілдіріп отырамын. Он жастан бастап аспаздыққа әуестендім, анама қолғабыс жасадым, еңбекке ерте араластым. Осы әрекеттерімнің арқасында үлкен сұранысқа ие 5-санаттағы аспазбын, – дейді Евгений Александрович.  

Қоғамдық тамақтандыру бизнесінің ауыртпалығы жетерлік. Мұнда үлкен сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана тұтынушының көңілінен шығады. Тіпті, үй жағдайында да солай. Тағамның таза әрі дәмді болуы, тамақтандыру мәзірін үнемі жаңартып отыру – нағыз білікті аспаздың қолынан ғана келетін іс. Әдетте мейрамхананың есігін неше түрлі ұлт өкілдері, әртүрлі мінезді адамдар, көңіл күйі мың құбылатын қонақтар ашады. Олардың әрқайсысына не керек екенін мейрамхана қызметкерлері дөп басуы керек.

– Әр ұлттың тағамы түрліше. Менің қолым қазақтың ұлттық тағамдарына епті. Өз еліңнің ас-суын білмеу – ұят. Сондықтан осы кәсіпке үйрене бастағаннан қазақтың ұлттық тағамдарына, оның жасалу тарихына үлкен мән бердім. Жалпы өз басым әзірбайжан асханасына ерекше ілтипат білдіремін. Сондай-ақ, өткен жылы Астана қаласына барып, италиялық әріптестерімнен дәріс алып қайттым. Онда өз біліктіліктерін бөлісуге дайын өзбек және әзірбайжан ағайындар да болды, – деген ол өзінің талай ұлттың тағамдарын жасауға жетік екендігін аңғартты.

Маманның айтуынша, әр ұлттың тағамында өзіндік белгілер болады. Аспаз олардың құрамына, безендірілуіне қолтаңба қалдырады. Қоғамдық орындардағы аспаздық қызмет – үлкен шығармашылықты, ізденісті, жауапкершілікті, жан-жақтылықты талап ететін жұмыс. Ұлттық тағамдардан ұлттың болмысы мен ерекшеліктері аңғарылатынын да ұмытпаған абзал. Тағамның қалыптасқан дәстүрінен ауытқымай пісірген аспаз шеберлігінің шыңы байқалады. Сондай-ақ, қоспалардың үйлесімділігін дөп басқан аспаз өзінің авторлық тағамын ұсына алады.

– Мейрамханалардағы басқосулар – әртүрлі ұлттық сипаттағы мерекелер. Тойшылардың ұлтына қарай тағамның мәзірін ұсыну – бізге сын. Мейрамхана – көпшілік шоғырланатын, әр тұтынушының сөзі заң деп түсіндірілетін мәдени орта. Сондықтан біз бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Өз тәжірибеммен бөлісер болсам, мен тоңазытқышта қашанда қазы-қарта мен жал-жая сақтаймын, сорпа дайын тұрады, бүйрек пен бірнеше салат түрінен жартылай өнімдер дайындап қоямын. Өйткені, кездейсоқ келіп қалған қонақтарға сый көрсету үшін осы тағамдардан ұсыныс жасасаң, қателеспейсің, – дейді Евгений Александрович.

Осыдан бір жарым ай бұрын Астана қаласында аспаздардың халықаралық сайысы ұйымдастырылды. Оған Франция, Италия, Израиль, Ресей елдеріндегі аспаздық өнер майталмандары жиналды. Осы сайыстың қазылар алқасының құрамында болған Евгений Лазухин басқа әріптестеріне өзінің сынын айтып, бағасын берді. Бүгінде өз ісінің білгірі ретінде танылған аспазды шетелдік әріптестері жақсы таниды. Артынан еріп келе жатқан шәкірттері де баршылық. Петропавл құрылыс-экономика колледжінің аспаз дайындайтын бөліміне дәріс беретін ұстаз басқаға білгенін үйретуден жалықпайды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp