Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.
Жұмыс сапарының екінші күні Алик Шпекбаев №2 Петропавл қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен полиция басқармасында ашылған фронт-офистердің жұмысымен танысты. Бұл жерде де келушілердің жылдам, ешқандай кедергісіз қызмет алуына толық жағдай жасалған. Фронт-офис қызметкерлері әр адамды жылы жүзбен қарсы алып, оларға құқықтық кеңес береді. Екі фронт-офисте де жасалған жағдайға көңілі толған Алик Шпекбаев жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ал амбулаторлық-емханалық қызметті цифрландыруды енгізуде қанатқақты ұйым болып табылатын №3 қалалық емханада сапалы медициналық қызмет көрсетуде қандай жағдай жасалғандығын көрді. Осыдан сегіз жыл бұрын ашылған емханада 76 дәрігер мен 246 орта медицина қызметкерлері 70977 адамға қызмет көрсетеді. Учаскелік дәрігерге, зертханаға барып, қан тапсыруға, диагностика кабинеттеріне жазылу электрондық үлгіде жүргізіледі. Үстіміздегі жылы “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсенің ұсынысымен қызмет көрсету сапасын жақсартып, дәрігерлердің жұмысын бағалау үшін Qr–код енгізіліпті. Алдағы уақытта зертханалық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Аталған шаралар толық жүзеге асса, медициналық қызметке қолжетімділікті арттырып, бекітілген тұрғындарға сапалы көмек көрсетіледі. Енгізілген жаңашылдықтың арқасында бірқатар жетістіктерге де жетіпті. Мәселен, тұрғындар тарапынан арыз-шағым 90 пайызға азайып, зертханада қызмет көрсету уақыты алты минуттан үш минутқа, ал қабылдауда кезек күту уақыты екі сағаттан 40 минутқа дейін төмендеген. Осының арқасында ем алуға келушілердің легі тәртіпке келтіріліпті.
Осыдан кейін Алик Жатқамбайұлы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 500-ге жуық өнім түрін шығаратын серіктестікте 1500-дей адам жұмыс істейді. Еліміз бойынша 10 филиалы бар. Жылдық тауар айнылымы 7 млрд.теңгені құрайтын серіктестікке өнімдерін шетелге экспорттауға жол шығыны кедергі болып отыр. Осы орайда серіктестік басшысы Дмитрий Шарапаев “Жаңа Жібек жолы” жобасына үміт артып отырғанын жасырмады.
Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің материалдық-техникалық базасымен және жастардың бойында адалдықты қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен де танысты. Жыл сайын жаңа зертханалық кабинеттер алып, материалдық-техникалық базаны жаңартып отыратын жоғары оқу орнында “Саналы ұрпақ” офисі және студенттерге қызмет көрсету орталығы, “Адалдық дүкені” жұмыс істейді. Студенттермен тілдесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді сұраған Алик Шпекбаев университет басшылығына қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту керектігін айтты.
Өткен жылы ашылған Оқушылар сарайы да агенттік төрағасының назарынан тыс қалмады. Бұл жерде Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков өсекелең ұрпақтың бойында адалдық сезімін қалыптастыруда өз тәжірибелерімен бөлісті. Аталған мектепте оқушылар бір-бірінен көшірмейді. Ал бұл өз біліміне ғана сенетін, өзгенің еңбегін иемденбейтін адал, тәртіпті ұрпақты тәрбиелеуге мүмкіндік береді, дейді Нұрғали Елшібеков. Алдағы уақытта бұл тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептерге енгізуді жоспарлап отыр.
Өткен жылдың аяғында ашылған “Қызылжар-адалдық алаңы” жобалық кеңсесі де осы жерде орналасқан. Жоба жұмысына тартылған мемлекеттік қызмешілер, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алты саланың жұмысын бақылауға алыпты. Қазіргі таңда салынып жатқан жолдар мен аулалардың сапасын жіті қадағалап отыр екен. Осы күнге дейін 110 өтініш түссе, соның жетпісі бойынша тиісті жұмыстар атқарылыпты.