Бұрынғының жастары сүйгеніне сезімін өз аузымен жеткізуге жүрегі дауаламай, жеңгесіне жүгінсе, бүгінгінің жастары ғаламтордағы ғашығымен тілдесу үшін теңгесіне жүгінетін заман туғанына сіз бен біз куәгер болып келеміз. Айтпағым – әлеуметтік желілер жайында. Ғаламторды біржақты қаралаудан аулақпын. Адамзатқа тигізіп жатқан пайдасы орасан зор. Соған, керісінше, зиянды жақтары да жоқ емес.
Агент десе тәбетіміз қашып, ішкен асымызды жерге қоятын дертке ұшырадық бұл күнде. Жайшылықта күнделікті шаруаны ертеңге қалдырып үйренген мына біз, ұялы телефонымызға агент «ұя салғалы» уақыт атаулы сынаптай сырғи түсіп, кей сәтте өмір көшінен кешігіп қалған жандай беймаза күй кешіп жүрген боламыз. Уақыт өтісімен заманауи техниканың құрбанына қалай айналғанымызды байқамай да қалдық. Алысқа бармай-ақ, өзіңіз күнделікті мініп жүретін қоғамдық көлікті алып қараңыз: әр орындықта жайғасқан жас қауымның назары ұялы телефонда, агенттің «әлегімен» түсетін аялдамасынан асып кеткендігін аңғармай қалып, күйініп жатқаны… Бұл тек автобуста қолданылатын іс емес, сабақ үстінде, жұмыс уақытында, ұйқыға жатар алдында, тіпті, ас ішіп отырғанның өзінде «онлайн» болып отыратындары – көп мысалдың бірегейі ғана. Аталған уақыттарда агенттің шырмауында отыру кері әсерін тигізбейді деу – ойға қонымсыз. Өйткені, сабағын түсінбей, жұмысында олқылық кетіп, ұйқысы шала, ал ішкен асы сіңімсіз болып жатса – агентке айып тақпай қалай отырамыз? «Болашақ – жастардың қолында» дейміз-ау, жастардың қолында болашақ емес, ұялы телефон ғана жүрген сияқты болып көрінеді. Жоғарыдағы аталған бірнеше мысал соның айғағы іспеттес. Бұл күні «бесіктен белі шықпай жатып», ғаламтордың «ғаламатын» қызықтап, компьютердің құлағында ойнайтын бүлдіршіннің мектеп партасында агентке алаңдап отырып, оқылған сабақты ұқпай қалуы мүмкін, ертеңгі күні елі үміт күтетін азаматтың алған білімі аса маңызды емес пе?!
Агентті біреулер бақыттың құсына балап жатса, енді бірі зая кеткен уақытқа теңейтін тәрізді. Таяқтың екі ұшы бары сияқты, бұл теңеулердің әрқайсысы өзінше дұрыс.
Мұны уақыт өлтірудің ермегі деп жататындар да баршылық. Оларға айтар уәж жоқ. Шынында да, атқан таңы агентпен басталып, күні агентпен бататын азаматтар кездеседі. Алтын уақытымыздың қадірін білмей, күнұзақ телефон экранына телміріп отырғанша, адами болмысымызды қалыптастырудағы тап-тырмас рухани байлықтың көзі – кітап оқыған әлдеқайда артық екені баршамызға мәлім. Бірақ біздер көз майын тауысып кітап оқығанша, мобильді агентке неліктен үйірміз?
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе бар. Ол – агенттегі тіл таңдау. Онсыз да ойсырап тұрған тілімізді латынның әріптерімен жазатындар бар. Грамматикалық қателер судың түбіндегі лайша тұнып тұр. Тіпті, мобильді агенттің әліпбиі пайда болып, өзінің «тілі» қалыптасып келе жатқандай. Қарапайым сәлемдесу «прив»-тан басталады, қалайсыңы – «каксың», не жаңалығы «не жана?» я болмаса, «не жнлк?» болып, рахмет сөзі «раха»-ға айналып кеткен. Ғаламтор әлемінен алыс адамға бұл тілді ұғыну үшін сөздік керек пе деп қаласың. Ананың сүтімен, бесіктегі әлдиімен бойға сіңген туған тілдің тағдырына өз қолымызбен тосқауыл қойып жүргеніміз қалай?! Мағжан бабамыз тебіреніп, мақтанышпен сипаттаған «Таза, Терең, Өткір, Күшті, Кең» тілімізді өзіміз қақ ортасынан шорт кесіп, өзге тілмен шұбарлап, байлап-матап тастадық па деген үрей бар.
Әлеуметтік желілер жыл сайын дамып, жаңарып келеді. Қоғам тек агентті ғана емес, «вконтакте», «фейсбук», «ватсап» сынды желілерді қолдануда. Олар өте ыңғайлы. Бір демде хат алмасып, жақыныңның жағдайын сұрай аласың. Аудио, видео материалдармен алмасып, қалаған мақсатыңа оңай қол жеткізесің. Бір демде сурет алмасып, өміріндегі жаңалықтарынан хабардар бола аласың. Жаһандану үрдісіне бой алдырған бұл дәуір қоғамның дамуына тікелей ықпал жасап келеді. Ал адамзат өзі жасаған техниканың құлына айналып бара ма, қалай өзі?!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА.
Аққайың ауданы.