Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа қадамы ретінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында ғылыми Аграрлық орталық құрылмақ.
Қазақ-қытай іскерлік кеңесі аясында өткен маңызды шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері, ҚКП ОК Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі Дин Сюэсян қатысты. Іс-шара барысында университет пен Қытайдың «Айцзю» корпорациясы арасында меморандумға қол қойылды.
Меморандумның басты мақсаты – Қытайдың солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен орнатылған ұзақмерзімді әріптестікті жаңа деңгейге көтеру. М. Қозыбаев университеті аталған оқу орнымен 2017 жылдан бері ғылыми және білім беру бағытында серіктестік орнатқан. Маңызды құжатқа жергілікті университеттің басқарма төрағасы-ректоры Ербол Исақаев пен «Айцзю» корпорациясының директоры Цзя Цзин қол қойды.
Жаңа аграрлық орталық озық агротехнологияларды енгізуге, жоғары білікті мамандарды даярлауға, инвестициялар тартуға және Қазақстанның аграрлық секторының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек. Сонымен бірге, жоба екі ел арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастығын тереңдетуге жол ашады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».