«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ САЛАДА ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР АЗ ЕМЕС

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің үлкен залында өңіріміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жұмысының өткен жылғы қорытындысы мен 2018 жылға арналған даму перспективаларын талқылаған кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Ең алдымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. “Былтыр өңірімізде ірі қара мал басы – 343,7 мың, қой-ешкі – 386,7 мың, жылқы – 115,5 мың, шошқа 142,0 мың және құс 4,3 миллион болды. Тірі салмақта 92 мың тонна мал мен құс еті өндіріліп, 546,1 мың тонна сүт сауылып, 695,7 миллион дана жұмыртқа алынды. Ет өндіруде Уәлиханов және Тайынша аудандары көш соңында қалды. Тайыншалықтар сүт және жұмыртқа өндіру көлемі жағынан да соңғы орында. Еттің 463,9 тоннасы экспортқа шығарылса, есілдіктер оның – 2 тоннасын, тайыншалықтар – 3,1 тоннасын, тимирязевтіктер 5 тоннасын ғана шекара асырды. Ал Шал ақын және Уәлиханов аудандары ірі қара мал етінің бір тоннасын да экспорттамады”, – деген Қайрат Қайроллаұлы биыл 30 мың бас ірі қара мал, 20 мың қой, 4 мың жылқы сатып алып, әрбір ауданда заманауи сүт кешенін салу көзделіп отырғанын айтты. Былтыр Ақжар, Аққайың, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда төрт тауарлы-сүт фермасы ашылған.

Өткен жылы өңірімізде 1,4 миллион гектар жерге 90,8 мың тонна минералды тыңайтқыш себілсе де, топырақ құнарлылығын арттыру ісіне енжарлық байқалған. Мәселен, бір ғана Ақжар ауданындағы 309 шаруашылықтың тек 17-сі ғана алқапқа тыңайтқыш сіңірген. Сонымен қатар Уәлиханов, Аққайың және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың бірқатар агроқұрылымдары да бұл жұмысқа мүлдем мән бермеген.

Былтыр өңірімізде 93,6 миллиард теңгенің азық-түлік өнімі өндірілген. Алайда, кей аудандарда осы тұрғыда кейін кеткені байқалған. Мәселен, өндіріс көлемі Уәлиханов ауданында – 37,9 пайызға, Мамлют ауданында 27,2 пайызға төмендеген. Өңдеу кәсіпорындары өздерінің әлеуетін толық пайдаланбаған. Өңір басшысы осы саланы төмендетіп алған аудан әкімдерін сынға алып, бұл жұмыстағы жүйесіздіктен және оны өзгертуге деген құлықсыздықтан туындағанын айтты.

– Бұлай жұмыс істеуге жол бермеймін. Оның нәтижесі болуы керек. Еліміздің ауыл шаруашылығы ең дамыған өңірі болсақ та, тауарды экспорттаудан гөрі әлдеқайда көбірек импорттаймыз. Дүкен сөрелеріндегі шұжықтың жартысы басқа жақтардан әкелінген. Біздің міндет – өнімді өндіріп, өңдеп, экспортқа шығару, – деді Құмар Іргебайұлы.

Жиында бұдан кейін сөз алған облыстық жер инспекциясы басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев былтыр 372 мың гектар алқапты қамтыған 350 тексеріс жүргізіліп, 138 заң бұзушылық анықталғанын айтты. Нәтижесінде жалпы сомасы 7,1 миллион теңге 77 әкімшілік айыппұл салынып, оның 5,1 миллион теңгесі өндіріліп алынған. Ал биыл 155,0 мың гектарға тексеріс жүргізілмек. Алайда, Мейрам Жақсылықұлы басқармада бұл мақсатқа автокөлік жетіспейтінін айтып, өңір басшысынан көмек сұрады. Құмар Ақсақалов ешқандай қолдау болмайтынын, қазір кімнің қалай жұмыс істеп жүргенін кабинеттен шықпай-ақ білуге болатынын айтты.

– Ауылдық округтердің әкімдері кімнің жақсы, кімнің жаман жұмыс істейтінін білуге міндетті. Бір жыл өтті, жүргізілген жұмыс нашар. Жеті миллион теңге айыппұл салдық дейсіз. Бұл көп пе?! Жерді дұрыс пайдаланбай отырғандармен неге жұмыс жүргізілмейді? – деді басқарма басшысын сынға алған Құмар Ақсақалов.

Алқалы жиында облыстық жер қатынастары басқармасының жұмысы да көңіл көншітпейтіндігі атап көрсетілді. Өңіріміздегі егістік алқабы 4891,7 мың гектар болса, оның 22,5 пайызына 3021 шаруа қожалығы, ал 76,3 пайызына 735 серіктестік иелік етіп отыр. Алайда, осынша мол әрі құнарлы жерді тиімді пайдаланбайтын агроқұрылымдар да аз емес. Өңір басшысы өнікті жұмыс істемейтін аграрийлерді жауапқа тартып, заңнама негізінде жерге иелік ету құқығынан айыру керектігін айтты. Әзірше бұл бағытта жұмыс әлсіз жүргізілуде. Өткен жылы 188,8 мың гектар жер ғана мемлекетке қайтарылыпты. Осы орайда Құмар Ақсақалов басқарма басшылығына жақында ғана тағайындалған Ерболат Бекшеновке зор міндет жүктеп отыр. “Жылдан-жылға нашар жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктерден жерді тартып алу үрдісін бастау керек. Олар еңбекақы төлемейді, топыраққа тыңайтқыш сеппейді, технологияны сақтамайды әрі өзгелерге еңбектенуге мүмкіндік бермейді. Әрбір ауданда кезігетін мұндай шаруашылықтардың қатары жыл сайын сиреп отыруы тиіс”, – деп тапсырды өңір басшысы Ерболат Мұратұлына.

Өңір басшысы жер телімдерін сату үрдісіне қатысты ойын да білдірді. Петропавл қаласында бірде-бір бос жер телімі жоқ екен. Барлығы 10 жыл бұрын аукционсыз сатылып кетіпті. Құмар Іргебайұлы енді жер телімін сату тек аукцион арқылы ғана жүргізілуіне, салынатын құрылыс сәулеткерлік талаптарға сай болуы керектігіне назар аударды. Сондай-ақ, ол егер кәсіпкер жерді белгіленген уақыттың ішінде өз мақсатында пайдаланбаса, тартып алу қажеттігін айтты. “Инвестор шақырайық десек, бос жер жоқ. Иемденіп алғандардың барлығы сатқысы келеді. Сұрайтын бағаларын да тым қымбат. Сол жерде ондаған жылдар бойы отырып, түк бітірмейді. Әсіресе, адамдар демалатын жерлерді сатпау керек. Мысалы, бізде Қазақстан Конституциясы көшесіндегі саябақ аймағында жер телімі сатылып кеткен, енді оның иесі ол жерде зәулім тұрғын үйді салу үшін рұқсат сұрап жүр. Кесірінен серуендеуге арналған жаяу жүргіншілер жолы жабылып қалады. Бұл жерді сату туралы шешім қалай қабылданған екен? – деп таңданған Құмар Іргебайұлы басқарма басшылығына осы жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде ветеринарлық қызметтің атқарар рөлі зор. Өткен жылы жүргізілген сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде 816 бас қара малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталып, көзі жойылған. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің аумақтары мен қоражайларына дезинфекция жүргізілген. Барлығы 461 нысанда 448 мың шаршы метр аумақ дезинфекцияланған. 370 ауру малдың иелеріне бюджеттен олардың нарықтық бағасының 30 пайызы қайтарылған. Белгілі болғандай, бұл індетті жұқтырудың 66 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі екен. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербатыр Мадияров көптеген шаруашылықтар ветеринарлық заңнаманың талаптарын сақтамайтынын, санитарлық жағдайға көңіл бөлмейтінін атап айтты. Тіпті, кейбірінде ветеринарлық қызмет те жоқ болып шыққан. Карантиндік шаралардың жүргізілмеуіне байланысты жұқпалы аурулар бір шаруашылықтан екіншісіне тараған. Абырой болғанда, бруцеллез адамдарға жұқпаған. “Ветеринарлық қызмет әрдайым барлығын бақылап отыруы тиіс. Өйткені, бұл аурулардың салдары ауыр. Біз мұны өзге облыстардағы жағдайлардан көріп отырмыз”, – деді Құмар Іргебайұлы.

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе мемлекеттік орман қорын қорғауға арналды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов өңіріміздегі мемлекеттік орман қорындағы жердің көлемі 549,6 мың гектар екенін айтты. Өткен жылы облыстық бюджетке орман пайдаланушыларынан 253 миллион теңге ақша түскен. Орман күзеті 73 өртті ауыздықтаған. Басқарма басшысы осы жұмысқа 100 миллион теңге бөлген Құмар Іргебайұлына алғысын білдірді. Бұл сомаға олар алты өрт сөндіру көлігін сатып алыпты.

Жалпы, ағаш өңдеумен өңірімізде 29 орман пайдаланушысы айналысады. Олар 28 цех ұйымдастырып, технологиялық жоңқа дайындау бойынша үш өндірісті, ағаш көмірін әзірлейтін үш зауытты іске қосқан. Құмар Ақсақалов ағаш өңдеу аясында жүзеге асырылып отырған жобалардың саны аз екенін, бұл жұмысқа инвесторларды тарту керектігін айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp