Қазақстан дамуында агроөнеркәсіп саласының алатын орны ерекше. Ұлан-ғайыр даламызда ауыл шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндік бар. Қазіргі таңда біз мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алсақ, әлемдегі озық елдердің қатарына қосылатын уақытымыздың ауылы алыс емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында осы мәселелерге ерекше тоқталып, сол бағытта атқарылатын жұмыстарды нақтылап береді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында да ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп, бұл саланы дамыту бағытында атқарылатын міндеттерді атап өтті. Онда агроөнеркәсіпте бизнесті дамытуға, жерді тиімді пайдаланудағы барлық кедергілерді жою қажеттігі міндеттелді. “…Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз”, – деген Мемлекет басшысы бұл жолы да халықты толғандырып жүрген түйткілді мәселелерге басымдық беріп, келелі мәселелерге ерекше тоқталды.
Болашақты бағамдаған Жолдаудың төртінші бөлімінде Елбасы Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруға байланысты нақты алты тапсырма берді. Атап айтқанда, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету, жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы егіс алаңын бес жыл ішінде 2 миллион гектарға жеткізу, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми-зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін ұлғайту жүзеге асырылуға тиіс. Сондай-ақ, Елбасы ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырды. Аталған міндеттер “Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” аясында іске асырылмақ.
Өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған аграрлық саланы барынша бүгінгі заманға бейімдеу, негізінен, қарапайым шаруа адамдарына айтарлықтай қолдау болатыны белгілі. Расында, бұл салаға айрықша қамқорлық қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек еткенде ауыл шаруашылығы саласының қосқан үлесін, оның құрылымдарының жеткен жетістігін ерекше атап өтпеске болмайды. Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсіп, 416,7 млрд. теңгені құрады.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, облыс диқандары былтыр гектар берекелігін орташа есеппен 17,2 центнерге жеткізіп, 5,5 миллион тонна астық жинады. Диқандардың еселі еңбегінің нәтижесінде қамбаға құйылған алтын дәнді сақтау бағытында да біраз істің басы қайырылды. Жаңа элеваторлық қуаттар, астық кептіргіштер салу мен іске қосу бойынша жұмыстар жалғасуда. Облысымызда лицензия алған 52 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 86 мың тонна болатын төртеуі 2016 жылы пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде астықты қабылдау мен сақтау үшін сыйымдылық көлемі 6,6 млн. тоннаға жеткізілді.
Жыл сайын біздің өңір алыс және жақын шетелдерге 300 млн. АҚШ долларының өнімін экспортқа шығарады. Яғни, 1,5 млн. тонна сапалы солтүстікқазақстандық астық, 250 мың тонна ұн, 150 мың тонна майлы дақылдардың тұқымы шекара асады.
Жылдың басты құжатының ауыл шаруашылығы саласының бірінші бағытында субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажеттігі айтылған болатын. 2016 жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,0 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп. Облыстың агроқұрылымдары 32 млрд. теңгеге 1342 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ал бұл салаға тартылған инвестиция мөлшері 56,8 млрд. теңгені құрады.
Өңір экономикасын дамытамыз десек, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіруіміз керек. Бұл туралы Елбасы Жолдауында атап айтылды. Онда кішігірім қожалықтарды ірілендіріп, үлкен күшке айналдыру мәселесі қозғалды. Яғни, Жолдаудың екінші бағытында айтылғандай, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін жаңа қабылданған “Ауылшаруашылығы кооперативтері туралы” Заңға сүйене отырып, 30 мыңдай қосалқы және шағын фермерлік шаруашылықтарды біріктіру көзделуде.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс аудандарында 40-қа жуық ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, соншама сүт қабылдау бекеттері мен мал бордақылау алаңдары ашылды. Мақсат – облыстағы ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендірудің арқасында сауылатын сүттің көлемін жылына 543 мың тоннаға жеткізу. Бұл нәтижеге қол жеткізу жолында “Игілік”, “Бірлік” және “Ынтымақ” мемлекеттік бағдарламаларының көмегі мол болмақ. Осылайша, жаңа заң шеңберінде өңірімізде ірілендірілетін 30 мыңға жуық ұсақ шаруашылықтар аймақтық сүт кластерінің тынысын кеңейтуде өзіндік үлесін қосатын болады деп күтілуде.
Бүгінде арнайы мобильді топ мүшелері аудан, ауыл округтерінде тұрғындармен кездесіп, ауылдық кооперацияның артықшылығын түсіндіруде. Кооперативтің рөлі мен маңыздылығы кеңінен талқылануда.
Үшінші бағыт – өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құруға арналған. Теріскейде шикізатты өңдеу бағытында да тың серпіліс бар. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жыл сайын шамамен 500 мың тонна сүт өндіреді. Бүгінде сүт өндірісімен айналысып жүрген 120 шаруашылықтың әр сиырынан орташа есеппен 3800 литр сүт сауылады. Жауапты науқанның нәтижесінде облыста жұмыс істейтін 14 ірі сүт кешені қажетті шикізатпен қамтылатын болады. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Ақжар ауданындағы “Бекет” шаруа қожалығында, Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінде, Айыртау ауданындағы “Прекрасное” шаруа қожалығында және Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Акса Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 мың сиырға арналған 4 сүт кешенін құру жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісі былтыр 83,6 млрд. теңгені құрады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша сарымай өндірісі – 1,6 пайызға, ұн – 32,7, ірімшік пен сүзбе – 6,6, кондитерлік өнімдер 12,0 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі картасы жасалды. Былтыр карта шеңберінде сомасы 7,8 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 270 жұмыс орны ашылды. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін үш мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін сомасы 191,4 млрд. теңгенің 64 инвестициялық жобасын жүзеге асыру.
Мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстың агроқұрылымдары жыл сайын мал шаруашылығы үшін 20 мың бастан астам ірі қара сатып алуда, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Соңғы жылдары түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, аграрлық сектор қарқынды дамуда, нәтижесінде ауылдықтардың жағдайы жақсара түсті. Мәселен, былтыр “Сыбаға” бағдарламасымен – 2261 ірі қара, “Құлан” бағдарламасы бойынша – 1691 жылқы, “Алтын асық” бағдарламасы аясында 4704 қой сатып алынды. Қолдаудың осындай шараларының арқасында жыл сайын мал мен құстың барлық түрлерінің басының көбеюі байқалуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында ірі қара басы – 1,1 пайызға, ал ұсақ мал мен жылқы 2 пайыздан астамға көбейген.
Бесінші – жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға көбейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу. Бұл бағыт бойынша алдағы үш жылда облысымыздағы суармалы жерлердің көлемін 28 мың гектарға дейін арттыру көзделген. Бұл жұмыстарды жүргізуге облыс бюджетінен 38 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Жаңаша сипаттағы биылғы Жолдау мазмұнын терең сезіне отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету Елбасы саясатының басты бағыты екендігіне тағы да көз жеткіздік. “Болашақ – аграрлық секторда…” деген Елбасы сөзін толық қолдаймыз. Өйткені, ауыл шаруашылығы дамыса, еліміз де алға басады.
Қайрат ОМАРОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.