«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ ӨҢІРГЕ ҚАЖЕТ ӨНІМ

Өңірімізде “Өндіріс” мемлекеттік бағдарламасы аясында полипропилен қаптарын өндіретін зауыт іске қосылды. “SMBGROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елімізде бик-бэг қаптар шығаруды қолға алып отыр. Ұнтақ заттарға арналған қаптама жасайтын кәсіпорынның жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Жүк тасымалдауға арналған вагон қаптарының әрқайсысына бір жарым тоннаға дейін өнім сыяды. Өнімді кез келген температурада тасымалдауға және сақтауға мүмкіндік беретін полипропилен қаптар сыртқы ортаның әсеріне төзімді келеді. Сұранысқа ие тауар болғанымен бүгінге дейін Қазақстанның небәрі 4 қаласында ғана өндіріліп келген.
– Өңірдегі ірі кәсіпорындар карантинге қарамастан жұмыс істеп жатыр. Карантин талаптары қатаң сақталған. Жұмысшылардың дене қызуы өлшенеді, үйден жұмысқа автобустармен тасымалданады. Ғимарат үнемі санитарлық және дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Облыста орта және шағын бизнес субъектілері мен шағын кәсіпорындар ғана уақытша жұмысын тоқтатты. Өйткені, оларда келіп-кететін халық көп болғандықтан қадағалау мүмкін емес, – деді Құмар Ақсақалов.
Бос тұрған ғимаратты сатып алып, зауыт ашқан “SMBGROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына сауда айналымына жылына 1,5 млн. қап шығаруды жоспарлап отыр. Мұндай қаптар, әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысатындарға өте тиімді. Сондықтан өнімге сұраныс боларына сенімді. Инвесторлар бұл жобаға 600 млн. теңге жұмсап, 135 адамды жұмыспен қамтымақ.
Өндірістің өңір экономикасы үшін оң әсері болатынына сенім білдірген облыс әкімі диқандарға астықты сақтау үшін қойма іздегеннен гөрі осындай қаптарды пайдаланған тиімді екенін айтты. Ылғал өткізбейтін қаптарға салынған бидайды далада да сақтауға болады.
– Біз бұл жобаны 2015 жылдан бастап қолға алдық. Осы уақыт ішінде жан-жақты зерттедік. Мұндай өндіріс орындары Көкшетау, Павлодар сынды қалаларда ғана болғандықтан ішкі нарық сұранысының 60 пайызын ресейлік зауыттар қамтып отыр. Бүгінгі таңда тапсырыстар бар. Тігіншілер алғашқы партияны дайындап жатыр, – деді “SMBGROUP FAMILY” ЖШС-нің құрылтайшысы Мұқан Сәдуов.
Зауытта әзірге 35 адам еңбек етуде. Тігінші Татьяна Макарованың айтуынша, өнімділігі жоғары қондырғылардың арқасында жұмыс жеңілдей түскен. Мәселен, тігін машиналары Жапониядан жеткізілсе, шикізат Ресейден алынады. Кәсіпорын алдағы уақытта шикізатты өзі өндірмек, ол үшін Тайвань еліне қажетті қондырғыларға тапсырыс беріп қойыпты.

 

Жанбота ЕСТАЙҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp