Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл 5,6 млн. тонна астық бастырды. Бұл туралы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлім етті.
– Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің астықты өңірі. Облыста республика астығының үштен бірі өндіріледі. Жалпы өңірлік өнім үлесінде ауыл шаруашылығы өнімі 22 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2016 жылдың 9 айында 289 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан бері бұл салаға 45 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Ауыл шаруашылығында экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі жұмыс істейді. Бұл шамамен 109 мың адам. Биыл егістік алқаптың көлемі 4 млн. 375 мың гектарды құрады. Орташа өнімділік – 17 центнер, кейбір алқаптарда гектар берекелігі 30 центнерден асады, – деді ол.
Соңғы 5 жылда облыста сыйымдылығы 600 мың тоннадан асатын 24 элеватор салынды. Сондықтан биыл астық сақтауға және оның қар астында қалмауына барлық жағдайлар жасалды.
Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға биыл 31,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млрд. теңгеге көп. Астық сұрпын жаңарту және алмастыру, минералдық тыңайтқыштарды қолдану бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Жергілікті диқандар ерте пісетін дәнді дақылдарды өсіруге бағыт ұстап отыр. Себебі, соңғы екі жылдағы ауа райы егіннің өніміне қатты әсер етті. Сондықтан да биыл кеш пісетін дәнді дақылдар алқабы 19 пайызға азайтылды.
Брифингте облыстың машина жасау өндірісі туралы да айтылды. 25 жыл ішінде өңірде 160 млрд. теңгеге 16 мың бірлік теxника сатып алынған.
Соңғы екі жыл жергілікті зауытта жасалған “SAMPO ASIA” комбайндары ораққа қатысуда. Биыл Петропавлда “Батыр” брендтік атауымен К-704 тракторы шығарылды. Олардың бағасы арзанырақ және теxникалық мүмкіндіктері бойынша өзге модельдерден қалыс қалмайды.
– Осы зауытта егін егетін кешендер құрастыру жоспарлануда. Келесі жылдан бастап, бізде өзіміздің егін егетін кешендеріміз болады. Сонымен қатар, гербицидтер шашатын теxниканы да шығарып жатырмыз, қазір шамамен 500 данасы құрастырылды. Біздің облыс ғана емес, оны өзге өңірлер де сатып алуда, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 191 млрд. теңгенің 62 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Ет және ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы өз жемісін беріп, 2011 жылдан бері алыс және жақын шет мемлекеттерден 11 мыңнан астам асылтұқымды ірі қара сатып алынды. 40-қа тарта асылтұқымды мал басын көбейтетін репродукторлар құрылды. Облыста 14 ірі сүт кешені жұмыс істейді.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге де үлкен мән беріліп келеді.
– Бүгінде облысымызда 154 өңдеуші кәсіпорын бар. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің арнайы картасы жасалды. Негізінен ет пен сүт өңдеу, ұн және макарон өнімдерін жасау, сонымен қатар, майлы дақылдарды өңдеу жобалары жүзеге асырылады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Өңірде 500 жаңа жұмыс орнын ашатын, құны 19 млрд. теңгелік майлы дақылдарды өңдеу жобасы іске қосылмақ. Нысан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріледі. Аталмыш компания қазақстандық тараппен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік парк құрады. Онда дәнді дақылдарды терең өңдеу өндірісі, ет комбинаты, сүт зауыты, біріктірілген жем түрлерін шығару зауыты салынбақ. Одан бөлек, облыста қант зауыты салынатындығын жеке айта кету керек. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Айдарбек Сейпілұлы журналистерге “Серпін” бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 600-ден астам бала университеттерде, 400-ден астамы колледждерде оқып жатқанын хабарлады.
– Өздеріңіз білесіздер, бізде көші-қонның теріс сальдосы тіркелуде. Сондықтан оңтүстік өңірлермен біз тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкімінің тапсырмасымен мен өзім 4-5 рет оңтүстік өңірлерге барып келдім. Кездесу өткіздім. Бүгінгі таңда 700 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келуге ниет танытуда. Қазіргі уақытта 127 отбасы көшіп келді. Әрине, қоныс аударған адамға оңай емес, қиыншылықтар да болады. Бірақ аудан әкімдері барлығын бақылауда ұстап отыр, – деді ол.