Үстіміздегі жылғы 20-21 қазан күндері елордада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Азық-түлік тиелген керуен Астанаға жетті.
“Қазақстан” спорт кешенінің автотұрақ аймағында ұйымдастырылатын бұл шараға Петропавл қаласы мен облыстың барлық аудандарынан 115 кәсіпорын қатысып, 100-ден астам өнім түрін саудаға шығарады деп күтілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, Астана қаласының 20 жылдығына арналған шара екі күнге созылады. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы құрылымдары елорда тұрғындарына ет, балық, сүт, макарон өнімдерін, көкөніс, бал және басқа да азық-түлік түрлерін ұсынады. Біздің облысымыздан Астана қаласына 725 тонна азық-түлік апару жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы көпшілікке қолжетімді болу үшін 15-20 пайызға арзанға сатылмақ. Сатып алушыларға арнап 60 сауда шатыры орнатылатын болады. Автокөліктерде картоп және көкөністерді көтерме бағамен сату ұйымдастырылады.
Таңғы сағат 9-да басталатын жәрмеңкеге келушілерге облыстың шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарлама, қолданбалы қолөнер шеберлері жасаған бұйымдардың көрмесі ұсынылады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.