«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРШЫЛАРҒА ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасында аграрлық кеңестің отырысы өткізіліп, 2015 жылғы егін орағының ерекшеліктері сөз болды. Оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.

Жиында “Солтүстік Қазақстан тәжірибе стансасы” ЖШС-нің ғылыми кеңесшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ольга Гаас биылғы орақ науқанының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұжырымдай отырып, олардың бірқатарына тоқталды. Ольга Семеновнаның айтуынша, көктемде ертерек себілген дақылдарды жинай бастағандар астықтың сапасы жақсы екендігіне көз жеткізген. Алайда, ол алқаптарда әлі де көп егін жатқандықтан, орақ науқанының нәтижесі туралы қорытынды пікір жасауға әлі ерте, сапалы өнім алу үшін науқанды ғылыми негізде ұйымдастыру керек деген ойын білдірді. Ғалымның соңғы он жыл ішіндегі зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 35-25 пайыз ылғалдықпен, балуыз ортадан жоғары жетілген кезде дестеге түсірілген дақылдан жоғары технологиялық астық өнімдері алынады. Биылғы мамыр айының үшінші онкүндігінде себілген астық бүгінде пісіп, жинауға дайын тұр. Ал егістік кезінде толассыз жауған жауын-шашынның кесірінен маусымның бірінші онкүндігінде, тіпті, одан да кеш себілген дәнді дақылдардың біразы әлі күнге дейін көк күйінде қалып отыр. Сондағы жылдам пісетін сорттардың өзі әлі толық жетілмеген. Сондықтан мұндай жағдайда десикациялау қажет, деді. Мұны уақыт тығыздығы талап етеді. Десикант препараттарының да түрлері көп және олардың әсер ету деңгейі әрқилы. Сондықтан қандай десикантты пайдаланса да, аграршы оны қолдану ережесін жақсы білгені жөн.  

Бидайдың қандай түрінен орақты бастау қажеттігі туралы ғылыми тұжырым жасаған Ольга Гаас “Астана”, “Астана-2”, “Омская-19” сорттарын бірінші кезекте жинауға кеңес берді. Ал “Омская-18”, “Омская-35”, “Қарабалық-90” сұрыптарын кеш жинаса да, масақтары шашыла қоймайды. Өңірдегі егін алқаптарының жетілу, пісу деңгейі күн сайын өзгеруде. Кешегі мәлімет бойынша, бидайдың 80 пайызынан астамы жинауға дайын, ал 10-15 пайызының балуыздары әлі де көк күйінде. Сондықтан ғалымдар бидай егетін кәсіпкерлерге егістіктің 70 пайызын ерте пісетін сорттарға арнауға кеңес берді. Сондай-ақ, тәуекелге барып, егістікті есепсіз атжалға құлатқан да дұрыс емес. Атжалдардың екі күннен артық ашық аспан астында жатпағаны жөн, делінді.

Стансаның тағы бір ғалымы – Александр Пигалев аграршыларға бидай өсіп тұрғанда тез кебетіндіктен, тура дестеге салған әлдеқайда тиімді екенін ескертті. Сондай-ақ, астықты десикациялау тәсілі мен десикант препараттары туралы кең ақпарат берді.

“Степноишим тәжірибе стансасы” ЖШС-нің директоры Александр Кобзев, “Агрохимснаб” ЖШС-нің директоры Василий Шкодин, “АбиЖер” ЖШС-нің директоры Игорь Гришанов сияқты ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан майталмандардың айтар кеңестері де көп болды. Агроқұрылым басшылары өз тәжірибелеріне сүйене отырып, орақ науқаны көп жағдайда техникалық жарақтандырылуға да байланысты екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар облыстағы ауа райы болжамы қызметін жүргізіп отырған мекеменің жұмысына сын айтты. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың жетіспеушілігі туралы мәселе де ортаға салынып, оның шешімді жолдары сөз болды.

Жиын соңындағы гидрометеорология орталығының директоры Қымбат Мерғалымованың айтуынша, күздің бірінші айының соңғы екі онкүндігі жауын-шашынды болмақ, температура төмендеп, жел күшейеді. Бұл ақпарат аграршыларға тездете қимылдауға ой салды.

Отырысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қорытындылады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp