
Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтының бірінші курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті. Әскери оқу орнына биыл түскен 200 жас Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді.
Әрбір жауынгер ант қабылдай отырып, әскери қызметтің қиындықтарына төзуге, бұл қызметті абыроймен алып жүруге міндеттенеді. Анттың талабы әскери еңбек процесінде ерік-жігерді, өзіне деген сенімділікті, ұжымға деген сенімді күшейту қажеттілігін білдіреді. Әлемді алаңдатып отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты салтанатты рәсім алғаш рет әскери институттың “Instagram” әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы онлайн-режімде өтті.
– Ант қабылдау арқылы сіздер әскери институттың толыққанды мүшесі боласыздар. Офицер болу – нағыз батылдар, Отанның патриоттары таңдайтын жол. Өйткені, бұл – әскери атақ қана емес, аталған мамандықты таңдаған адамның ерекше мәртебесі. Ата-аналарыңыз, туыстарыңыз және жақындарыңыз сіздермен мақтанады. Осы жолда өздеріңізді жақсы қырынан танытып, жетістіктерге жетеді деп үміт артып отырғанын да есте ұстаңыздар, – деді әскери институт бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Ілияс Сағындықов.
Әскери ант қабылдаған курсанттарға институттың ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, запастағы полковник Бауыржан Досжанов та жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Отанға адал қызмет етуге ант қабылдаған курсанттардың бірі Ақжол Шәкішев командирлерге, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына курсанттардың атынан әскери антқа адалдық танытып, Отан қорғау мақсатында жанын аямай, өмірін осы іске жұмсаған аға-апалардың жолын лайықты түрде жалғастыруға уәде берді.
Облыс орталығындағы әскери институт ашылғаннан бері үш жарым мыңнан астам офицер даярлап шығарды. Институт түлектері жыл сайын Ұлттық ұлан кадрларының қатарын толықтырып, еліміздің басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында лайықты қызмет атқаруда. Бұл жайттар түлектердің өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту ісіне елеулі үлес қосып жүргеніне дәлел бола алады. Әскери институт базасында Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген курсанттар да оқып жатқанын айта кеткен жөн.
Олжас ӘДІЛБЕК,
Ұлттық Ұлан әскери институтының баспасөз хатшысы.