Өткен жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік жемқорлар рейтингінде зерттеу жүргізілген 176 мемлекеттің ішінде Қазақстан мүмкін болған 100 балдан 29 балл жинап, 131-ші орынды иеленіпті. 2015 жылғы нақ осындай әлемдік рейтингте еліміз 168 мемлекеттің ішінде 123-ші орынға тұрақтаған еді. Бір жыл ішінде еліміздегі “сыбайлас жемқорлық” індеті асқынып, халықаралық рейтингіде бірден сегіз сатыға көтеріліппіз.
“Адамзаттың бірінші ұстазы” Аристотель: “Ең бастысы – әрбір мемлекеттік құрылыстың жанындағы істі лауазымды тұлғалар пайдаға батпайтындай етіп қою керек”, – деген екен. Содан бері екі мың жарымдай жылдай уақыт өткенімен, әлі де “баяғы жартас, сол жартастың” кебін бастан өткеріп отырмыз. Лауазымды тұлғалардың алды пайдаға батып, арты тұтылып, “Миллион кімге бұйырады?” деген ойын телеарналық жоба емес, қоғамның ащы шындығына айналғандай.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 2933 құқық бұзушылық тіркелсе, соның 76 пайызы сыбайлас жемқорлық фактілері екен. Анықталған қылмыстардың дені парақорлық, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға және ұрлыққа қатысты. Республика бойынша сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін барлығы 1129 адам жауапкершілікке тартылса, олардың 18-і – республикалық, 59-ы – облыстық, 134-і – қалалық және аудандық деңгейдегі бірінші басшылар.
Солтүстік Қазақстан облысы өзге өңірлерге қарағанда сыбайлас жемқорлық қылмысының тіркелуі бойынша соңғы орында екені белгілі. Десек те, тура жолдан тайғандар біздің өңірде де аз емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның өңіріміздегі департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы облыста 56 сыбайлас жемқорлық қылмысы орын алған. Соның салдарынан мемлекетке келген шығын 157 млн. теңгені құрапты. Осы кезеңде 41 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, соның 10-ы бірінші басшылар екен. Тіпті, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда да сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп, 50 млн. теңгедей қаржы ашкөздігін тыя алмағандардың қалтасында кеткен. Сол фактілер бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды.
Жемқорлықтың кесірінен орға жығылғандардың еңбек өтіліне назар аударғанда, осылай құздан құлау үшін еңбек етті ме деген ойға қаласың. Көп жылдық еңбегі қу құлқынның кесірінен бір-ақ сәтте өшеді. Ата-бабаларымыз: “Шайтан түртпесін”, – деп бекер айтпаған ғой.
Өткен жылы “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің директоры Ербол Әбдірахмановтың да қолына кісен салынды. Осыған дейін талай мемлекеттік органдарды басқарып, лауазымды қызметтерді атқарған ол 250 000 теңге пара алып жатқан жерінде ұсталды. Қол астындағы қызметкерлердің бірін жұмыстан шығарамын деп қорқытып, біріне қызмет бабы бойынша қамқорлық көрсететінін айтып, олардан жүйелі түрде ақша алып келген. Осындай қылмыстық әрекеттерімен заңсыз түрде 1 500 000 теңге алған.
Айыбы әшкере болған экс шенеунік сот отырысында өз кінәсін толық мойындап, істеген қылығына өкінетіндігін айтты. Өкініш өзегін өртесе де, бәрі кеш. Петропавл қалалық сотының үкімімен Ербол Әбдірахманов еліміздің Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-тарауы 1,4-тармақтарында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Төрт жарым жылға бас бостандығынан айрылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленді. Өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айрылған ол жазасын жалпы режімдегі түзеу мекемесінде өтеуде.
Ал үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлық бойынша қолына кісен салынғандардың бірі – Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы, полиция полковнигі П.Мартынюк. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлері оны қылмыстық іс бойынша процессуалдық келісімнің тұжырымдамасы мен қайтадан біліктілігін көтеру үшін жеке тұлғадан 500 мың теңге мөлшерінде кезекті параны алып жатқан кезде ұстады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Атқарып отырған лауазымына байланысты халықтың мүддесін ойлап, құқығын қорғауға тиіс жандардың осылай адал жолдан таюы, сөз жоқ, қынжыларлық жайт. Мұндай фактілер жиі орын алғаны соншалық, елең етпейтін де болдық. Біреу қылмыс үстінде ұсталыпты деген хабар жетсе, “Жеп қойған шығар”, – деп қысқа қайырамыз. Осы орайда облыс орталығы көшелерінде қарапайым тұрғындар арасында “Жемқорлық фактісінің куәгері болдыңыз ба?” деген мәселе бойынша сауалнама жүргіздік. Жауап берген кісілердің тең жартысы “алғыс” ретінде сый-сияпат жасағандарын мойындады. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі аталмыш дертпен тиімді күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігіне назар аударды.
Ал Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында сауалнама өткізіп, сыбайлас жемқорлық құқық қорғау, салық және кеден органдары, ауруханалар мен емханаларда, сот орындаушылары мен прокуратурада жиі кездесетіндігіне көз жеткізген. Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың айтуларына қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтері мен тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерінде, республикалық билік органдарында, білім беру мекемелерінде және әскери комиссариат пен әскерде де “бармақ басты, көз қыстылық” жиі орын алатыны байқалады.
“Елде сыбайлас жемқорлықты тоқтату үшін не істеу керек?” деген мәселеге түрлі сала мамандары әрқилы пікір айтады. Соның бірі – өселең ұрпақты “ардың адамы” қылып тәрбиелеу. Бүгінде орта мектептердің жанынан “Адал ұрпақ” еріктілер клубының құрылуы осы бағытта жасалған нақты қадам десек, қателеспейміз. Қазір өңірімізде мектептер жанында оқушыларды рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық бағытта тәрбиелеуді көздейтін 432 еріктілер клубы жұмыс істейді.
Жыл сайын мүдделі органдардың ұйымдастыруымен студенттер мен оқушылар арасында адалдықты, әділдікті дәріптейтін шығармашылық байқаулар өтеді. Жасөспірімдердің сыбайлас жемқорлық тақырыбына салған суреттерін көріп, жазған шығармаларын оқығанда жемқорлық өскелең ұрпақтың өзіне деген сенімін жоятындай көрінеді. “Бәрі сатылады, барлығын сатып алуға болады”, “Беделді әкең, көкең болса, жол ашық” деген ой жастың да, жасамыстың да санасын жаулап алғаны соншалық, бұл ой өзегі алынбаған сыздауықтай пісіп, жетілді. Тәуелсіздігін алған еліміз үшін жемқорлықтың бұлай белең алуы тамырымызға балта шауып, тілерсегімізді қиғанмен бірдей. Ал тілерсегі қиылған көк-бөріні соғып алу оңай шаруа. Ендеше, өсер елдің өркениетіне жат, тәуелсіздігімізді құртар жегі құртпен күресте кімге болсын әлсіздік танытпау басты шарт болуы тиіс. Себебі, бөрі де қалыптасқан заңдылықты бұзғандарына аяушылық жасамайды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті салған Е.НИЗОВА.