«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚ– БАСТЫ БАҒДАР

“Береке” шағынауданында ашылған №25 мектепте директорлар кеңесі өтті. Шарада облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жаңа оқу жылына жоспарларымен бөлісті.

Бүгінде білім саласын жетілдіру бағытындағы басты міндеттердің бірі – мектептерге кәсіби кадрларды жұмылдыру. Үстіміздегі жылы 676 жас маман облыстағы білім ошақтарына жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру мекемелеріне жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы да айтылды. Биыл республика бойынша 323 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, оның 40 пайызы біздің өңірімізге тиесілі.
Мүмкіндігі шектеулі өрендердің басқа оқушылармен бірдей білім алуы аса маңызды. Бүгінде аутист балалар үшін №21 орта мектепте инклюзивті, ал №40 орта мектепте ресурстық сыныптар жұмыс істейді. Жалпы облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар 1500-ден астам оқушы біліммен қамтылған. 428 ұйымда инклюзивті оқыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Осы мақсатта биыл облыс орталығындағы №23, 8 және 2 орта мектептерде инклюзивті білім беретін кабинеттер ашылды.
Соңғы жылдары білім беру жүйесіне заманауи технологиялар енгізілуде. Шара барысында Есіл ауданындағы Покровка орта мектебінің директоры, жас маман Болатхан Жүсіпов оқушыларды тестілеудің жаңа әдістемесімен таныстырды. Қатысушылар әр баланың білімін жеке қадағалап, материалды меңгеру деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін тың әдіске оң бағасын берді.
Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Нұрғали Елшібеков академиялық адалдық саясатын енгізудегі тәжірибесімен бөлісті. Бастама оқу орындарындағы жемқорлыққа тосқауыл болмақ. Онда оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, мектеп жасынан бастап адалдық, жауапкершілік қасиеттерін арттыру көзделеді. “Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің “Білім беру” бағыты бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ол жайлы жобалық кеңсе жетекшісі Екатерина Старостина баяндады.
Шара соңында директорлар аталған бастаманы бірауыздан қолдап, өздері басқаратын білім ордаларына академиялық адалдық саясатын енгізу қажеттігі жөнінде шешім қабылдады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Сурет http://petropavl.sko.gov.kz сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp