«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚ – БАСТЫ ТАЛАП

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі бағыттарының бірі тұрғындардың әлеуетін көтеру екенін атап өтті. Бұл – заманауи мемлекеттік аппараттың арқасында жүзеге асатын міндет. Елімізде қолға алынған реформаларды сапалы жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне тікелей байланысты. Бүгінгі таңда республикада мемлекеттік қызметке лайықтыларды іріктеп алу жүйесі қалыптасты. 

Үстіміздегі жылы өңірімізде мемлекеттік қызметшілер арасында тестілеуден өтуге 1088 азамат өтініш білдіріп, 60 пайыздан астамы межелік мәнді еңсерді. Үш деңгейлі іріктеу жүйесінің негізгі жаңашылдығы үміткердің жеке қасиеттерін бағалайтын тестілеу болып отыр. Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің сабырлылық, жауапкершілік, адалдық сияқты қасиеттеріне өзін-өзі дамытуға, жылдамдыққа, әріптестік байланыс орната білуіне, көшбасшылығы мен стратегиялық ойлау қабілетіне назар аударылады. Сондай-ақ, тестілеуге үміткердің шынайылық деңгейін анықтайтын сұрақтар да енгізілген. Біздің өңірде аталған көрсеткіш бойынша межелік мәннен он үміткердің сегізі өтеді.

Осыдан төрт жыл бұрын қабылданған “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында бүгіндері мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсу мүмкіндігі кеңейтілді. Мемлекеттік қызметте еңбек жолын төменгі тұрған қызметтен бастап, тәжірибе жинақтамай, жоғары лауазымға қол жеткізу мүмкін емес. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова бас маманнан басқарма басшысына дейін қызметтік өсудің барлық кезеңінен өткен. “Мен жекеменшікте де, квазимемлекеттік секторда да жұмыс істедім. Мемлекеттік қызметті таңдағаныма еш өкінбеймін. Мемлекеттік қызметте адал еңбек етсең, лауазымың жоғарылайтынына көзім жетті. Меритократия қағидаты өзіңе деген сенімді оятады”, – дейді Құралай Амангелдіқызы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде тек лайықты, білімді адамдар келуін және кадрлар іріктеуде басқа қағидат болмауы тиіс екенін қадап айтты. Бүгінде осы айтылғандар ішкі конкурстар арқылы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңіріміздегі жергілікті атқарушы биліктің 79 мемлекеттік қызметшісінің лауазымы жоғарылады.
Солардың бірі – Шал ақын аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, “Үздік мемлекеттік қызметші” республикалық конкурсының ақтық сынына өткен Жарқын Мұхамеджанов. Жарқын Берікұлы мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бері еңбек етіп жүр. Осы уақыт аралығында бас маман болды, сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
– Қызметін жаңа бастаған әр мемлекеттік қызметші уақыт өте келе өзіне жүктелген міндетті адал және тиімді атқарса, еңбегі еленетінін түсінеді. Мансабымның жоғарылауын – адал еңбегімнің жемісі деп білемін. Мен алдыма міндеттер қойып, жоспарлы түрде соған жетуге тырысамын, – дейді Жарқын Мұхамеджанов.
Кадрды іріктеу мен қызметті жоғарылатуда меритократия қағидатын ұстану мемлекеттік қызметшілер құрамының сапасын жақсартады. Өңірімізде соңғы 15 жылда жоғары білімі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесі 60-тан 85 пайызға көтерілді. Қазір еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің арасында “Болашақ” бағдарламасының – 9, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 16 түлегі бар.
Президенттік шәкіртақы иегерлері барлық салаға, соның ішінде мемлекеттік қызметке де қажет. Ержан Мәкен осыдан бес жыл бұрын Германиядағы Мартин Лютер атындағы университетті тамамдағаннан кейін елге оралып, мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастады. “Мемлекеттік басқару жүйесінің сапасы онда еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне тәуелді. “Болашақ” бағдарламасы меритократия қағидаты бойынша кәсіби мемлекеттік аппарат құруға мүмкіндік береді”, – деген Ержан Мәкен үстіміздегі жылдың тамыз айында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметіне жарияланған ішкі конкурста жеңіске жетті.
Мансаптық өсу ең алдымен кәсіби біліктілігіңді жоғарылатуды талап етеді. Жыл сайын жүзден астам мемлекеттік қызметші ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түседі. Олардың қатарында біздің өңірден Арман Дүйсенбинов те бар. Өткен жылы Арман Есілбайұлы ішкі конкурс бойынша Аққайың ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық құрылымдық бөлімшесінің басшысы қызметіне тағайындалған еді. Ал үстіміздегі жылы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсті. Арман Дүйсенбиновтің пікірінше, академияға оқуға түсуі – оның мансаптық жолындағы жаңа кезең. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге мансабын жоғарылатуға, біліктілігін көтеруге барлық жағдай жасалған. Тек өзіңе және алдыңа қойған мақсатыңа сенсең, ісің оңға басады.
Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, елдің дамуы мен тұрақтылығын сақтау міндеті жүктеліп отыр. Оларға қойылатын талап та жоғары. Сол себепті барлығымыз мемлекеттік қызмет беделді ғана емес, мол жауапкершілікті, қажырлы еңбекті қажет ететін сала екенін түсінуіміз керек.
 

Елена СТЕПАНЕНКО,
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі о
блыстық

департаментінің басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp