«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК ҮШІН…

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде облысымыздағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарының студенттері арасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған “Жастар адалдық пен әділдік үшін” атты пікірталас турнирі өтті. Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа “нөлдік төзімділікті” қалыптастыру, өскелең ұрпақ бойына адалдық, әділдік сияқты жақсы мінездерді ұялату мақсатын көздеген шараны Петропавл дебат қауымдастығының белсенділері мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары ұйымдастырды.

Сайыс басталмас бұрын Петропавл дебат қауымдастығының жетекшісі Рустам Жантасов пен турнирдің бас төрешісі Рүстем Арманов қатысушыларға алғыстарын білдіріп, сәттілік тіледі.

Сайыскерлер іріктеу кезеңдерінен өту үшін екі күн бойы британдық парламент әдісі бойынша пікір таластырды. Жастар еліміздің басты игілігі – егемендіктің өлшеусіз сыйларын ұтымды дәлелдермен, нақты ұсыныстармен жеткізді. Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін жемқорлықтың тамырына балта шабу қажеттігі де әсерлі әңгімелер арқылы өрбіді. Турнирдің үздік спикерін анықтау мақсатында “идея, құндылықтар мен рухқа” негізделген Линкольн және Дуглас форматындағы раундтар негізгі ойындарға қатарласып өтті.

Іріктеу ойындары аяқталған соң командаларды өзара таныстыру және біріктіру мақсатында белсенді демалыс және тренинг арқылы тимбилдинг ұйымдастырылды.

Ойын қорытындысы бойынша үшінші орынды Петропавлдағы қазақ-түрік лицейінің намысын қорғаған Меркеш Рауан мен Арыстан Дәулетов иеленсе, жүлделі екінші орынға Данияр Естай мен Дамир Жұмаш табан тіреді. Өткір пікірлерімен төрешілердің ықыласына ие болған Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілдері Дамир Гималетдинов пен Әли Қосмағанбет бірінші орынды қанжығаларына байлады. Тілмарлығымен ерекшеленген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Серік Айдарбеков “Үздік спикер” аталымында жеңімпаз деп танылды.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp