«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ АЗАМАТ ЕДІ

Атақты ғалым, академик Манаш Қозыбаев «Азамат деп ез болып отыра бермейтін, заман талқысына көнбейтін, талап пен талантын жегіп, терін төгіп, құлашын кең сермейтін батыл да батыр өр адамды айтады» деп сипаттапты. Болат Мағазұлының өмір жолы, қажырлы еңбегі, қайраткерлігі теріскей өңірдің сан-салалы ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған еді. Бірнеше кеңшардағы, аудандық партия комитеттеріндегі қызметінде адамға, жеке тұлғаларға ерекше көңіл бөліп, халықпен етене жақындасып, алдымен азаматтық келбетін жоғары ұстаған басшы болды.

Болат Мағазұлының халқына адалдығы ата-анасының тәрбиесімен қанға сіңген қасиеті десек артық айтпаймыз. Әкесі Мағаз қуғын-сүргінге ұшырап, халық жауы ретінде атылып кеткенде анасы жеті баламен жесір қалса да балаларын еліне, жеріне адал азаматтар етіп тәрбиеледі. Кейін Болат Мағазұлының еңбегі қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, оларға ескерткіш орнату кезінде анық көрінді. Жазықсыз жапа шеккен ел азаматтарын ақтау және олардың есімдерін болашаққа алтын әріппен жазып қалдыру жолында да бар мүмкіндікті пайдаланды. Жас ұрпақ өз тарихын біліп, құрметтеуі үшін тер төкті.

Болат Мағазұлы «Память» қоғамдық қорын ұйымдастырды. Жиырма жыл ішінде қор саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімін анықтау бойынша көп жұмыс атқарды.

«Память» қорының бастамасымен, өлкетанушылар мен зерттеушілер З.Тайшыбай, Қ.Мағазов, В.Трусов, Қ.Мұқанов, С.Жұмабаев, және тағы басқалардың үлкен қолғабыс тигізуімен Солтүстік Қазақстан облысында қудаланған 8 мыңға жуық адамның тізімі жасалып, «Ақталған есімдер» деген қазақ-орыс тілдеріндегі жинақ та шығарылған. Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қабырғасын салудың бастамашыларының бірі болды.

Ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек еткен Болат Мағазұлы 1965-1968 жылдары менің туған жерім Сергеев ауданы, «Заря» кеңшарында партком хатшысы қызметінде болды. Сол жылдары кеңшардың шарушылығында оң өзгерістер байқалды. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрмыс-тіршілігі түзеле бастаған кезең еді.

Біздің Социал ауылы Есіл өзеніне Иманбұрлық өзенінің құятын жерінде орналасқан. Көктемгі егіс аяқталғаннан кейін маусым айының басында «сабантой» деген дәстүрлі той болатын. Болат Мағазұлының бастамашылдығымен біздің ауылдың табиғаты көркем жерлерінде осы мереке өткізілуші еді. Түрлі спорт ойындары, ұлттық ойындар, көркемөнерпаздар концерті, еңбек озаттарын марапаттау сынды тағы басқа шаралар елдің есінен кетпейтін. Ағамыз бұл шараларды өткізуге тікелей басшылық жасайтын және мерекелерде міндетті түрде ұлттық реңк болуын баса назар аударатын.

Ауыл азаматтарын әрдайым қолдап, олардың еңбек жолында өсіп, белгілі бір деңгейге жетуіне ақыл-кеңесімен ықпал еткен кезі де көп. 1966 жылы Социал ауылының трактор-егіс бригадасының бригадирі Есілбай Қантаевтың кандидатурсы КСРО Жоғары кеңесіне депутаттықа ұсынылған кезде жергілікті партия ұйымының атынан қолдау көрсетіп, жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге басшылық жасағаны есімізде. «Заря» кеңшарының құрамында болған Алқаағаш, Социал – екі қазақ ауылының дамуына көңіл бөліп отырды. Сол жылдары ауылдарда клуб, дүкен салынды. Кеңшар орталығында стадион бой көтерді. Мәдени, спорттық шаралар жиі өткізіліп тұрды. Ауылдың мәдени, рухани дамуы мен әлеуметтік-тұрмыстық өркендеуі үшін еңбек етті.

Осындай ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерінің арқасында Болат Мағазұлы 1968-1970 жылдары Булаев аудандық партия комитетінің хатшысы, 1970-1980 жылдары Тимирязев ауданындағы «Мокворецкий», Бескөл ауданындағы «Озерный» кеңшарының директоры қызметін он екі жыл атқарып, облыс деңгейіндегі басшылық қызметтерде де болды. Оның бұл еңбегі бағаланып «Құрметті ардагер», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі адалдығы үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» орден-медальдарымен марапатталды.

Өзінің өмірден түйгендерін үнемі ақ қағаз бетіне түсіріп отыратын Болат аға «Мемориал», «Ауыл жыры», «Зарлы заман зардабы», «Өмір белестері», «Көңіл сыры» деген кітаптарын жазды. Теріскейдегі еңбек адамының қажырлы бейнесі мен адал еңбегі осы кітаптарға түсті. Ал 2023 жылы саяси қуғын- сүргін құрбандарының толық ақталуына байланысты «Халық жауының» ұрпағы» деген деректі фильмінің басты кейіпкерінің бірі ретінде халықтың адал ұлдары туралы ой бөлісті.

Еліміздің болашағы үшін ерен еңбегімен белгілі болған Болат Мағазұлы Сағындықов есімі әрдайым халық жадында сақталады. Жарқын бейнесі ұмытылмайды.

Қадыр АХМЕТОВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор,А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp