
Әр адамның қызметі қоғамға сіңірген еңбегіне қарай бағаланады. Сондықтан өмірім мен шығармашылығымды бала тәрбиесіне және ана тіліме адал қызмет етуге арнадым. Күнделікті жұмысымда уақытпен санаспай, қайтсем де ана тілімнің мәртебесін көтеруге өз үлесімді қосуым керек деген мақсат қойдым. Ал бүгінгі күні еңбегімнің жемісін көріп, шәкірттерімнің алғысына бөленіп жүрмін.
Өткен жыл мен үшін ерекше сәттерге толы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тәжірибелі ұстаздардың арасында “Үздік педагог” байқауында бақ сынап, жеңімпаз атануым – мен үшін зор мақтаныш. Одан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан “ІІ дәрежелі Барыс” орденін алу бақыты бұйырды. Бұл марапат мені одан сайын жігерлендіріп, ізденіске, адал еңбекке ынталандырғаны сөзсіз.
Бақытыма орай, алғашқы еңбек жолымды өзім оқыған мектебімде бастадым. Сабақ берудің қыр-сырын өз ұстаздарымнан үйрендім. “Білгенім тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз” демекші, қасымдағы кілең жайсаңдардан үйренуден жалықпадым. Қазір өзім де сол аға ұстаздар қатарына қосылып, тәжірибеммен бөлісіп жүрмін. Озық тәжірибені үйрене отырып, заманмен үндес әдістемелік құралдар әзірлеуге бел будым. Мақалаларым “Педагогикалық хабаршы”, “Қазақ тілі: әдістеме”, “Трибуна”, “Soltústik Qazaqstan”, “Білім айнасы” сияқты облыстық, республикалық газет-журналдарға жиі жарияланады. Баспа беттерінде жарық көрген әдістемелік және көмекші құралдарым, жинақтарым да бар.
Шығармашылық ізденіс барысында алыс-жақын шетелдердегі әріптестеріммен кәсіби қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Омбы қаласындағы халықаралық “Джей энд эс” компаниясымен он бес жылдай бірлесе жұмыс істеудеміз. Озық тәжірибелерін үйрену мақсатында қаламызға Швецариядан Камиль Осейни, Англиядан Дея Эванс пен Том шақырылды. Шетелдік әріптестеріміз өңіріміздегі бірқатар мектепте сабақ өткізіп, мұғалімдерге дәріс оқыды. Біз де көршілес Ресейге барып, тәжірибе алмасып тұрамыз. Шетелдегі қазақтардың ана тілін ұмытпауына үлес қосқанымызға олардың алғысы шексіз.
Білім берудің жаңартылған мазмұны мектеп түлектерінің әлемдік білім кеңістігінде өз қабілеттерін танытуға мүмкіндік береді. Сондықтан тек білім мен білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, ақпарат көздерін өз бетімен қорытып, бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеу жауапкершілігі жүктелді. Оқушылардың білім сапасы мұғалімнің біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне байланысты деп есептеймін.
Өзім қызмет ететін ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында түстен кейін оқушының өз таңдауы бойынша әр пәннен қосымша сабақтар өтеді. “Тілтаным” авторлық бағдарламам талай дарынды шәкіртті шыңдауға септігін тигізіп келеді. Соның нәтижесінде республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайысының, “Жарқын болашақ”, “Мың бала”, “Тіл – тәуелсіздік символы” байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Қорыта айтқанда, ұлы ұстаз әл-Фарабидің: “Білімді адам көп нәрсені біледі және қабілеті, дарыны арқылы басқа белгісіз нәрселерді өз бетінше аша алады”, – деген қанатты сөзінде мұғалім үнемі ізденісте болу қажет деген ой айтылады. Отандық іс-тәжірибе негізінде әлемдік тәжірибедегі алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру үшін белсенді оқыту әдіс-тәсілдерін тиімді қолданып, сыни тұрғыда ойлай алатын, өз бетінше шешім қабылдайтын, бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиелеуге міндеттіміз! Сондықтан өмір бойы оқудан жалықпай, өз шеберлігімізді шыңдай отыра, шығармашылық қабілетімізді арттыра беруіміз керек.
Рахат ӘЗІМБАЕВА,
ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттың мұғалімі.