Дәнекерлеуші Нұрбек Мәнапұлы Қытайдың Алтай аймағында 1972 жылы дүниеге келген. 2005 жылы ата-жұртын аңсап жеткен ол дәнекерлеуші мамандығын игереді. Қазір Ильичевка ауылындағы “Тайынша май” зауытында еңбек етуде.
– Өзімнің ата жұртыма оралғаныма қуанамын. Үш қыз, бір ұлым бар. Солтүстікке қоныс аударғаныма өкінбеймін. Мұнда бізді қуана қарсы алды. Елімнің қай өңірінде тұрсам да жұмыссыз қалған емеспін. Жалпы жұмыстың оңайы жоқ. Дәнекерлеу ісі де қажырлықты қажет етеді. Бүгінде дәнекерлеуші мамандар сұранысқа ие. “Тайынша май” зауытында 4 разрядты дәнекерлеуші әрі механикпін, – деді ол. Дәнекерлеушіге суретшінің шығармашылығы секілді асқан ептілік қажет. Сонымен қатар бұл іс зейінді, қажыр-қайратты, табандылықты талап етеді. Сол себепті бар жұмысты ынта-ықыласпен орындау керек.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.