Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді түрде жүргізілетін іс-қимыл жергілікті билік органдары қызметінде негізгі басымдықтардың бірі саналады. Қоғамды жегідей жеген кеселді түбегейлі еңсеру – бір жолғы науқан емес, осы себепті заңдылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік ахуалын қалыптастыруға бағытталған жүйелі іс-шаралар бір сәт те босаңсымауы тиіс.
Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды кеңінен өрістетіп, қылмыстардың алдын алу бағытында Президенттің 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы басты бағдарға алынған. Стратегиялық құжат сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жан-жақты жоюды, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты иммунитетті қалыптастыруды және озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, сыбайлас жемқорлық көріністерімен ымырасыз күресуді діттейді.
Әкімдіктер жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялар 44 отырыс өткізіп, 105 мәселе қаралды, олар бойынша 350 тапсырма берілді. Адамгершілік болмыспен еш сыйыспайтын келеңсіз құбыластардың алдын алуда ішкі аудит қызметі маңызды рөл атқарады. Соңғы үш жылда 41 аудиторлық іс-шара өткізіліп, 141 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 41 өкім қабылданып, заң бұзушылықтарды болдырмауға бағытталған 302 ұсыным берілді.
4-ші үлгілік базалық бағыттағы жобалық кеңсе шеңберінде жыл сайын облыстың барлық басқармалары мен аудандарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіледі. Оның нәтижелері негізінде 369 тәуекел анықталып, әрқайсысы бойынша ықтимал заң бұзушылықтарды барынша азайту шаралары қабылданды.
Ашықтықты арттыруда және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуде қазіргі заманғы озық технологиялардың әлеуеті өте зор. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 99 пайызы электрондық форматқа көшірілген. Рұқсат беру рәсімдері саласында 49 электрондық мемлекеттік қызмет ұсынылды, ал электрондық форматта барлығы 267 мыңға жуық қызмет көрсетілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артық. Жер қатынастары саласында жер учаскелерін берудің ашық және объективті тетігін қамтамасыз ететін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры кеңінен пайдаланылады.
Халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылуда. Өңірлік хаб базасында оқыту іс-шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылады, ауылдық елді мекендерде АТ-орталықтары кезең-кезеңмен құрылуда. Электрондық сервистерді кеңінен қолдану арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі арттырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетілді.
Қоғамдық бақылау азаматтарды қабылдау орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Облыста осындай 15 орталық жұмыс істейді, оған 9076 адам жүгінді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға көп. Бүгінде 806 қабылдау жүргізіліп, 5096 кеңес берілді, 830 өтініш қабылданды. Жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдар саны 30 пайызға азайды, бұл – билік органдары жұмысының ашықтығы мен сапасының артқанының нақты бір мысалы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру күнделікті жұмысымыздың маңызды буыны болып қала береді. Әлеуметтік тапсырыстар аясында 7 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы біліктілікті арттыру курстарында 429 мемлекеттік қызметші даярланды. «Заң мен тәртіп» жобасы аясында 47 мыңға жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетіліп, 1800-ден астам мәселе медиативтік жолмен шешілді.
Профилактикалық бағыттағы құқықтық ағарту және халықпен сындарлы диалог жүргізу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді құралына айналып отыр.
Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВ,
Солтүстік Қазақстан
облысының әкімі.