«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕДІ

Жақсы тұрмысқа қалай қол жеткізуге болатынын сұраса, біз, сөзсіз, еңбек арқылы деп жауап берер едік. Шынымен де, маңдай тер, адал еңбек адамды жақсылыққа жеткізеді. Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар аз емес. Еңбекті сүйетіндерге бизнестің көзін табуға мүмкіндік зор.

Ақжар ауданының орталығы – Талшық ауылында кәсібін дөңгелеткен Қайсар Темірболатов бүгіндері “Үй тұшпарасы” брендімен танымал жартылай дайын өнімдер шығарумен айналысады. Қазіргі таңда “Арлан” жеке кәсіпкер­лігінің тұшпарасы мен субүйрегі көпшіліктің талғамынан шығуда.
“Келісіп пішкен тон келте бол­мас” дегендей, отбасы ақылдаса келіп, жеке кәсіп ашуды ұйғарады. Жартылай дайын фабрикат­тарды нарыққа ұсынудың дұрыс шешім боларына да иланады. Се­бебі, Ақжар ауданында және көр­ші елді мекендерде кәсіпкерліктің бұл түрімен айналысушылар жоқ әрі тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Тәуекелге бел буған Қайсар Серікұлы алдымен “Бастау” бағдарламасы аясында бір айлық оқудан өтеді. Кейін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы 2 миллион теңгенің 6 пайыздық үстемесі бар несиеге қол жеткізеді. Осылайша, аудан орталығында сиыр етінен тұшпара жасайтын цех ашқан. Бүгіндері шағын цех тоңазытылған жартылай фабрикаттар шығаратын заманауи өндіріс орнына айналып отыр.
– Бастапқыда бұл бастамамыздың табысты боларына күмән­мен қарағандар көп болды. Екі жыл бұрын жұмысымызды бастағанда, бізде 50 шаршы метр ғана цех, тұшпара жасайтын 2-3 жұмысшы болды. Сапалы өнім арқылы сатып алушылардың сеніміне ие болдық, – дейді Қайсар Серікұлы.
Цех Темірболатовтар отбасының үйіне жанама салынған. Мұнда өнімді әзірлеп, сақтайтын және ыдыстарды жуатын бөлмелер бар. Нысанның ішіне жарық пен су тартылған. Өнімді сақтау талаптары да қатаң бақыланады. Ет пен дайын өнімді қатыруға арналған үш мұздатқыш бар. Цех қоймасында қапқап ұн, пияз, картоп, бұрыш, қораптарға салынған жұмыртқалар сақталады. Мұнда негізгі жұмыстың барлығы қолмен атқарылады. Неліктен жұмысты жеңілдететін арнайы аппаратты сатып алып, орнатпайтындарын сұрап білдік.
– Әрине, етті жылдам фаршқа айналдыратын, оны түйетін құрылғыларды сатып алсақ, жұмысымыз жеңілдей түсер еді. Бірақ қолмен жасалған тағамның дәмі ерекше болады емес пе? Біздің басты ерекшелігіміз де осы – қолмен түю. Дүкендерде сатылып жатқан тұшпаралар автоматтың көмегімен жасалады. Оған түрлі дәмдегіштер қосылады. Бірақ автоматтандырылған құрылғы­лардан шыққан өнім қолмен жасалғандай болмайтынын біз жақсы түсіндік, – дейді кәсіпкердің зайыбы Нұрсұлу Сейсембайқызы.
Жақсы өнім әрдайым сұранысқа ие екендігі белгілі. Әзірге тұтынушыларға тұшпара және субүйрек сияқты өнімнің екі түрі ұсынылған. Қазіргі таңда кәсіпкер төрт адамды жұмыспен қамтуда. Олардың дені – қыз-келіншектер. Атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Шағын цех болса да, жұмыс ауқымды. Сәуле Шамғұнова, Әсемгүл Маратова, Ақмарал Ғаббасова күніне 20-25 килограмм, ал айына бір тоннаға жуық өнім дайындайды. Тапсырыс бойынша әзірленген өнім Талшық, Ленинград және көрші Уә­лиханов ауданының Қызылту ауылындағы дүкендерге жеткізіледі. Нұрсұлу Темірболатова бүгінге дейін өнімдерді кері қайтарып беру жағдайлары орын алмағанын жеткізді.
Цехта тек табиғи өнімдер қолданылады. Жұмыртқа ұнтағы мүлдем пайдаланылмайды. Қамыр, ет, картоп – барлығы үйдегі әдіспен, ешбір қоспасыз дайындалады. Жартылай дайын өнім әуелі қатырылады, кейін 900 және 450 грамдық орамаларға салынады. Әрбіреуіне техникалық талаптарға сәйкес жазуы бар қағаздар жапсырылады. Бұл өнім салқын жерде 30 тәулікке дейін сақталады.
Шикізат жағынан қиындық туындамайды. Ауылдағы азық-түлік өнімдері сапалы әрі табиғи екендігі белгілі. Тұшпараға қажетті ет жергілікті шаруа қожалығынан және тұрғындардан сатып алынады. Сөйтіп, цехқа ай сайын 200 килограмға дейін ет жеткізіледі. Алдағы уақытта еттің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін тағы бір шаруа қожалығымен келісім жасау жоспарлануда. Нәтижесінде әзірленетін өнім түрлері көбейті­ліп, тефтели, манты және котлет жасау қолға алынбақ.
Ісі өрге басқан ауыл азаматы алдағы уақытта кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту жолдарын қарастыруда.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp