«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АДАЛ ҰРПАҚ” СЛЕТІ

“Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының өңірлік онлайн-слеті өтті. Оған барлық аудандар мен Петропавл қаласының белсенді жастары қатысты.

Үш жылдан бері мектептерде “Адал ұрпақ”, колледждер мен университетте “Саналы ұрпақ” клубтары жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, өскелең ұрпақтың бойында қоғамдық індетке төзбеушілік сезімін орнықтыру, құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу мақсатын діттеген клубтардың жиынында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы Ернар Баянғазин сөз сөйлеп, слетке жиналғандарды құттықтады.
“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мақсатымен 435 білім беру ұйымдарында “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтары құрылған. Олардың құрамында 20 мыңнан астам оқушы бар. Адамгершілігі жоғары, тапсырылған іске жауапты, бастамашыл және әлеуметтік сауатты азаматтар мен патриоттар тәрбиелеу шараларына “Адал ұрпақ” ерікті клуб мүшелері белсене қатысып келеді”, – деді Ернар Баянғазин.
Слетте облыстық іскер әйелдер қауымдастығы филиалының төрайымы Алла Кувшинова, дебатшылар федерациясының президенті БекМұхаммед Жауылкебаев сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
Онлайн-конференция аясында клуб жұмыстарының қызықты тәжірибелері үлгі етіліп, жиналғандар назарына әлеуметтік бейнероликтер ұсынылды. Заградовка орта мектебінің оқушылары сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша жүргізген сауалнама қорытындыларымен таныстырды. Әріптестерін “бармақ басты, көз қысты” жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Бұл орайда отбасы, мектеп, қоғамдық ортаның тәлімгерлік рөлі өлшеусіз екендігі баса айтылды. “Ар-ұят, әділдік, парасаттылық қасиеттерін бойына жастайынан сіңірген жас ешқашан заң бұзбайды. Тарту жасамасаң, пара бермесең, осылайша, нақты әрекеттермен өнеге көрсетсең, қатарымыз көбейе түсері анық”, – десті клуб белсенділері. Олар тақырыптық дебаттарға, тәрбие сағаттарына, қайырымдылық іс-шараларға қатысу арқылы жемқорлыққа қарсы күресті бір сәт те тоқтатпақ емес.


Екатерина СТАРОСТИНА,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің
 бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp