Орыстың әйгілі жазушысы Максим Горький: “Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын”, – деген екен. Өз басым қолыма түскен кезекті әдебиетті аяқтаған сайын қаламгердің бұл ойымен келісіп, кітап құдіретті күшке ие екенін тағы бір мәрте сезінгендей боламын.
Кез келген туындыны мұқият оқи отырып, ондағы адам өміріне пайдасы тиетін жайттарды түйсіну, автордың меңзеп отырған тәрбиелік мәнге ие пікірлерін өмірде пайдалану арқылы біз ой-санамызды жаңғырта түсетініміз анық. Әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарының бірі де осы кітап оқу. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде ұйымдастырылған кітап оқу челлендж-эстафетасына қатысуға шақырды.
Күнделікті өмірімізде жұмыс бастылығымызға, тағы да басқа себептерге байланысты кітап оқуға уақыт таба бермейтініміз шындық. Алайда, қазіргі төтенше жағдай кезінде бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туып отыр. Барша ел халқы осындай игі бастамаға орай жан дүниесін байытуға, әдеби мұраны танып-білуге ықылас білдіріп жатқанында мен де босқа отыра алмадым. Сәті түспей, оқи алмай жүрген кітаптарыма тапсырыс беріп, уақытымды пайдалы өткізудемін. Соңғы оқыған шығармаларым “Балуан Шолақ” және Шыңғыс Айтматовтың “Ақ кеме” туындысы. Ендігі кезекте әл-Фарабидің “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты”, жас қаламгерлер Аягүл Мантайдың “Жүрекке оралу” және Қытайдан қоныс аударған Есбол Нұрахмет, Ұмтыл Зарыққан есімді жазушылардың прозалық шығармаларымен танысуды жөн көріп отырмын. Сондай-ақ, жас ақындар Айжан Табараққызы мен Ажар Ерболғанның өлеңдерін сүйсініп оқитындардың бірімін. Бұл қаламгерлердің шығармаларымен тереңірек танысуды көздеп отырмын.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің: “Кітап оқыған шақтан бастап интеллигент бола бастадым” деген пікірін ұдайы балаларым мен немерелеріме айтып отырамын. Шынымен, кітап арқылы адамзат ақыл-ойын кеңейтіп, жаман әдеттерден аулақ болуды үйренеді. Біз білімді ұрпақ дегенде рухани жан дүниесі бай, талап-талғамы терең, саламатты өмір салтын дұрыс қалыптастырған адамды айтамыз. Бірақ түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық, отансүйгіштік, тағы басқа қасиеттер болуы керек. Ұрпағымыз осындай талапқа сай болып жетілуі үшін жаһандану заманында тек тәрбиемен шектелу жеткіліксіз. Сондықтан біз рухани кемелдену көзі болып табылатын кітап әлеміне барша қоғам болып үңілуге тиіспіз. Мәселен, пандемия кезінде әкесі ұлына, анасы қызына кітап оқудың пайдасы жайында көбірек әңгімелеп, өздері пайдалы әдебиеттерді оқи бастаса, нұр үстіне нұр емес пе? Шектеу шараларының қатаңдатылғанына қарамастан, бүгінде барлық кітапханалар онлайн жұмыс түріне көшті. Сол жерден тапсырыспен кітап алдыртып, әркім отбасымен оқыса, қандай ғажап?!
Ғабит Мүсіреповтің: “Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік”, – деген сөзін қаперге алып, мен өз отбасымда да челлендж өткізудемін. Бүгінгі ұрпақ ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әдебиеттерді көбірек оқуға дағдылануы тиіс. Осы мақсатта ел аузындағы баталар, салт-дәстүрлер жинақтарын өз балаларым мен немерелеріме оқытудамын. Әлемде жақсы тәжірибелер аз емес. Солардың бірі – “Бір қала – бір кітап” акциясы. Бұл шара кезінде кейбір қала тұрғындары бір ай ішінде бір жақсы кітапты жаппай оқып шығады. Осындай өнегелі істі өңіріміз бойынша да қолға алсақ, бүгінгі ұрпақтың кітап оқуға деген ықыласы арта түсетіні сөзсіз.
Қайни МЫРЗАТАЕВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.