«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМДАРДАН АЯМАЙМЫЗ ЕШТЕҢЕ …

Елбасымыз бекіткен “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы шеңберінде салынған облыстық Қан орталығының іске қосылғанына төрт жылға жуықтап қалды.

Орталық 6 бөлімшеден тұрады. Бұл орайда қанды тестілеу бөлімшесінің жұмысын алдымен атаған жөн. Онда 2 зертхана бар. Қанды тестілеу бөлімшесін донорлардың сүзгісі десе де болады. Себебі, осы бөлімше арқылы тапсырылған қанға трансфузиялық-ақпараттық, бактериологиялық зерттеулер жүргізіледі. Жасы 18-ге толған, салмағы 50 килограмнан кем емес кез келген азамат донор бола алады. Қан тапсыру 2 айда бір рет жүргізілетіндіктен, донордан араға 60 күн түспей қан алынбайды. Бұрындары жасы 60-тан асқан адам қан тапсырмайтын, ал қазір шектеу қойылмайды.

Қан орталығындағы “Жылжымалы донорлық қосынның” жұмысы жайлы бір-екі ауыз сөз. Оның жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Құрамында 13 қызметкері бар донорлық қосын облысымыздың аудандарына жылына 2 рет іссапарға шығып отырады. Мұның өзі елді-мекендерде тұрып жатқан жандардың да назардан тыс қалмайтынын көрсетеді. Мұндай іссапарлар тиімді. Мәселен, қосын Тайынша ауданында болғанда бір күннің ішінде ғана 100 адам қан тапсырған.  

Қайырымдылық, ізгілік тән болатын игілікті іске қаламызда көптеген еңбек ұжымдары, олардан қалыс қалмай оқу орындары белсенділік танытуда. Солардың қатарында облыстық Ішкі істер департаменті, әскери институт, №6637 әскери бөлімі, СҚМУ, гуманитарлық-техникалық колледж және тағы басқалары бар. Орталық өздерінің кәсіптік мерекелері– Бүкілдүниежүзілік донор күні я болмаса Тәуелсіздік күні сияқты ел өмірдегі ерекше аталынып өтетін айтулы мерекелер қарсаңында арнайы акция ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мұндай күндері де орталыққа келіп, өздерінің азаматтық парыздарын өтеп жататындардың қатары көптен саналады. Олар “Нұр Отан” партиясы филиалының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, студенттер, жастар және тағы басқалары. 200-дей адам қан тапсырады.

– Қан және оның компоненттерін дайындау жөніндегі жоспарымызды жылма-жыл орындап келеміз. Қол жеткізген көрсеткіштеріміздің деңгейі өсе түсуде. Мысалы,2010 жылы 4829,9 литр көлемінде қан дайындалса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 7750 литрге жеткізілді. Атқаратын жұмысымыз маңызды саналатындықтан, оны алдағы уақытта да тиісті деңгейден түсірмей, жалғастыра беру ұжымымыз үшін зор міндет болып саналады, – дейді облыстық қан орталығының директоры Сабыржан Тәукелов.

Орталық жұмысының жылдан-жылға оңға басып, қол жеткен табыстарының қомақты бола түскендігін мына бір мысалдан да көруге болады. Жыл сайын Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-өндірістік трансплантация орталығында облыстардағы қан орталықтарында дайындалатын қан компоненттері тексеріліп, зерттеледі. Міне, осындай сынақ кезінде біздің ұжымның атына сын айтылып көрген жоқ. Бұл ұжым үшін үлкен жетістік саналады. Ал орталықтың республика бойынша үштікке кіретінін айтсақ, ол да ұйымшылдықтың, тынымсыз ізденістің жемісі екені даусыз.

Ынтымағы жарасқан орталықта 140-қа жуық адам қоян-қолтық еңбек етуде. Ұжым соңғы жылдары жастармен де толыға түскен. Оларға Роза Жетпісова, Ольга Стихина сынды ардагерлер тәлімгерлік етуде. Ал, Наталья Дүйсенбаева, Анна Скочилова сияқты жастар – ұжымдағы беткеұстар мамандар.

Облыстық қан орталығынан қаланың ауруханаларына жылына 1 тоннадан астам мұздатылған, сыртқы әсерлерден сақтандырылған плазма және сондай мөлшерде кәдуілгі қызыл қан жіберіліп отырылады. Жалпы, ондағы қажет стратегиялық қор көлемі кез келген уақытта 2 тоннаға жуық екен.

Қошан ҚАЛИ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp