
Петропавл қаласындағы “Динамо” стадионында қысқы киімге ауысуға байланысты полиция гарнизоны жеке құрамының саптық көрсетілімі өтті. Облыстық және қалалық полиция ведомствосының басшылығы, офицерлер мен сержанттар, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың сарбаздары, мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлері алаңда 10 саптық “қорапша” ретінде құрылды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев пен қызметкерлердің командирлері тәртіп сақшыларының жарғыны, қызметтік құжаттарды білуін және қысқы арнайы киімдерінің даярлығын тексерді.
400-ден аса әріптестері және ардагерлер қатысқан іс-шарада ерекше көзге түскен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері Мейірбек Мейрам пен Талғат Іңкәровтің офицерлік шеніне ие болғанын айта кету қажет. Олар өткен жаз айлары кезінде суға батып бара жатқан балықшыны құтқарып, аман алып қалған. Сондай-ақ, Руслан Ахматовқа “Құтқарушы” III дәрежелі төс белгісі табыс етілді. Полиция өкілі 2016 жылдың маусым айында өз өмірін қатерге тігіп, облыс орталығының Ойқала ауданындағы көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыз баланы құтқарып қалған.