Қазір ой-өрісімді кеңейтемін деген өскелең ұрпаққа барлық жағдай жасалған. Соған қарамастан оқушылар мен студенттер кітапханаларға көп бас сұға бермейді.
Соңғы жылдары аға буынның тарапынан: “Жастар кітап оқымайды. Сөздік қоры жұтаң. Таңның атысынан кештің батысына дейін ұялы телефонға телміріп отырады. Мұғалімдер қайда қарап жүр?” деген сияқты сыни пікірлерді жиі естіп жүрміз. Шынымен де, кітап оқуға не кедергі? Бұған мұғалімдерді кінәлау дұрыс па?
Біздің кезде жастар кітапқа үйір болды. Өйткені, мұғалімдер олардан алдымен кітап оқуды талап ететін. Жазғы демалыс кезінде әдеби кітаптарды оқып келуді тапсыратын. Өрендер де ұстаздарының айтқанын екі етпей, заманның үнімен, қоғамның тынысымен үндескен туындыларды іздеп жүріп оқитын. Содан олар жаман болмады. Сол әдебиет бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп шықты. Алайда, бертін келе оқытушылар тізгінді босатып алған сыңайлы. Соған байланысты кітаптың қадірі де түсуде. Сондай-ақ, қоғамда “Қазір кітаптың орнын жаңа технологиялар алмастыруда. Қажет ақпаратты интернеттен лезде-ақ тауып алуға болады. Бұл кітап оқығаннан гөрі әлдеқайда қолайлы” деген пікір қалыптасуда.
Сөз жоқ, интернеттің пайдасы көп. Бірақ кітап оқырманды тәрбиелейді. Мәселен, біз балалық шақта Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа” кітабын жарыса оқыдық. Өзімізді кейіпкердің орнына қойып, тәрбиеледік. Кітаптың артықшылығы сол – біз әрбір кейіпкердің бойындағы жақсы қасиеттерді алуға тырыстық. Ал жаманынан жирендік.
Жазушы Әбіш Кекілбаев “Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана” – деген. Демек, жастар кітап оқып, рухани бай болуы керек. Мұғалімдер осыны естен шығармаса екен.
Құдайберген ҚОСПАҚАЕВ, №2 орта мектептің мұғалімі.
Петропавл қаласы.