«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ, БАУЫРЫМ ДЕП”

Ұмытпасам, 9-сыныпта оқитын кезім. “Достықты қалай түсінесің?” деген тақырыпта шығарма жаздық. Мұғалима апайдың атын ұмыттым, жүзінен әр кез жылылық шуағы төгіліп тұратын. “5” деген баға қойғаны есімде қалыпты. Басты кейіпкер ретінде сыныптасым әрі интернаттағы бөлмелесім Болатты таңдаппын. Мен басымнан өткен қилы тағдырым жайлы көп тіс жара бермеймін. Өзімнің сүйікті газетімнің бірлік мерекесімен орайластырып мақала жазып берсеңіз деген өтінішінен кейін ғана ағымнан жарылып отырмын.

Кіндік қаным тамған жер – Жамбыл ауданының Қарағаш ауылы. Дүние есігін іңгәлап ашқан үш күннен кейін Айымжан ауылында тұратын Әнкей есімді нағашы әжем бауырына басты. Мұнда татар ағайындарымыздан 12 отбасы тұратын. Бірінші сыныпты бітірген соң шешеме еріп, Ресейдің Нижний-Тагил қаласына келдім. 5-сыныптан кейін қайтадан Айымжанға оралып, біржола тұрақтап қалдық. Кейін сабағымды Преснов орта мектебінде орысша жалғастырдым. Болатпен осында таныстым. Бойы ұзындау, маған қарағанда қарулы еді. Бөтен ортаның тентектерінен қорғап, мектеп бітіргенше туған ағам сияқты сүйенішім, қорғаным болып жүрді. Бір-бірімізге дос болайық деп уәделесіп, анттасқан жоқпыз. Тілмен ұғындырып болмайтын жүрегіміздің түбінде ұялап жатқан бір ұлы сезім тілектес, мұраттас етті. Бәлкім, ой-ниетіміз, өмірге деген көзқарасымыз, мақсат-ұмтылысымыз да себепкер болған шығар. Содан бері жұбымыз жазылмай келеді. Адалдығымызға, қалтқысыз сенімімізге еш сызат түскен емес. Бізді көзбен көрмейтін, тек жүрекпен ғана сездіретін тылсым күш – адал пейіл, шынайы достық байланыстырғанын есейе келе түсіндім. Достықтың маңызы, құдіреті ешнәрсемен өлшенбейді, бағаланбайды.
Жастайымнан ауылдық ортада өскендіктен, тұрғылықты халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін бір кісідей меңгердім. Қазақта “досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды” деген тамаша қағида бар. Екеуара шынайы түсінушілік, қарапайым сыйластық қилы кезеңдерде басымызға сая, отбасымызға пана болған тұтас ұлт пен ұлысты құрметтеу сезіміне ұласты. Бақ та, дәулет те – бірлікте. Мен бұл сөзді Қазақстандағы ұлттардың ауызбірлігін, ынтымағын көзбен көріп, жүрекпен сезініп жүргеннен кейін айтып отырмын. Жасыратыны жоқ, бәзбіреулер осындай киелі де қасиетті ұғымдарды жалаң ұран, сезімді қытықтар пафос ретінде алаулатып-жалаулатып жүргенімен, түпкі мән-мағынасын пайымдай бермейтіні өкінішті. Тарихқа үңілсек, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар салдарынан көптеген мемлекеттердің шаңырағы күйреп, ортасына түскен. Бір тудың астына бірігудің орнына бастары бірікпей, дауласып, жауласып жүргендері қаншама?
Осындайда достық пен ауызбірлікті ту еткен елде өмір сүріп жатқаныңды мақтан етесің. Өзіңді шын мәнінде бақытты санайсың. Мені соңғы кездері жасөспірімдер арасында түрлі қылмыстардың өршіп бара жатқаны алаңдатады. Оларға өмірден көрген-түйгені мол ақсақал, “Nur Otan” партиясы қалалық саяси кеңесінің бюро мүшесі ретінде айтар ақылым: “Айналайындар, жеңіл іс – бір күндік, асыл мұрат – мың күндік. Пайдалы кәсіппен айналысыңдар. Бауырмалдық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттерді бойларыңа дарытып, саналарыңа құйып өсіңдер. Шынайы достықтың, рухани кемелденудің болашақ иесі сендерсіңдер. Халқыңа, еліңе қорған бола білгенді сенім мен үміт ешқашан алдамайды. Уақыт жүктеген аманатқа адал болыңдар”.
Өзге ұлтқа деген сүйіспеншілік адам, шекара талғамайтынына талай рет көзім жетті. Атам Литфулла соғыста қаза тапқаннан кейін әжем Әбдірахман деген қазаққа тұрмысқа шықты. Оң-солымды танығанша өзімнің татар екенімді білмедім. Қазағы да, орысы да, немісі де араласып, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жүретінбіз. Түрге, тілге қарап бөлінуді білмейтінбіз. Өмірімнің біраз бөлігі мемлекеттік қызмет саласында өткенде де ата-ана, мектеп тәрбиесімен қалыптасқан шынайы интернационалистік қалпымды жоғалтпадым. Ұлт пен ұлыстардың арасындағы жарасымдылық – бүгінде Қазақстан саясатының темірқазығы, біріктірушілік идеясы. Мәңгілік Ел мұратына ұмтылған мемлекеттің жеңісі, тәуелсіздігіміздің жемісі десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі ұстаным – Қазақстанды терезесі тең, керегесі кең өркениетті елдер санатына қосу.
Қазақстан – ұлттар достығының ұйытқысы екені төрткүл дүниеге аян. Сөз арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлан-асыр жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен абзал. Оның негізгі бағыты – ұлтаралық ынтымақтастық пен ұрпақтар арасындағы сабақтастық дәстүрлерін жалғастыру, нығайту. Оның бір мысалын біздің отбасынан да көруге болады. Әйелім Разалия көп жыл бойы шаштараз болып еңбек етті. Құрбылары – түрлі ұлт өкілдері. Сәуледей келін сыйлаған құдағиымыз Шолпанға алғысымыз шексіз. Апам Рина өз бақытын Айымжаннан тапты. Күйеуі Ғани – іргелі әулеттен. Анамыз Фагима сексенді еңсерген шағында бақилық болды. Көзі жұмылғанша “Қазақстан – төркінім” деп айналып-толғанып өтті. Әкеме бір уыс топырақ Башқұртстан жерінен бұйырды.
Көңілге қанат біткен сәттерде ойыма әр кез хакім Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген жыр жолдары оралады. Бір шаңырақ астында тоғысқан қазақ жұрты мен этностар өсіп-өркендеуіміздің алтын қазығы, түп тамыры, бірлігіміздің бастауы достық, өзара түсіністік екенін жақсы біледі. «Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады» деп текке айтылмаса керек.

Фанис ЛИТФУЛЛИН,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы
ақсақалдар кеңесінің төрағасы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp