«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМЗАТТЫҢ ҰСТАЗЫ

Уәлиханов аудандық кітапханасында ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай “Ақ ниет” қоғамдық бiрлестiгi мен Аналар кеңесiнің ұйымдастыруымен “Ана – бүкiл адамзаттың тәрбиешiсi” атты кеш өтті. Бұл демалыс кешіне ауданның көпбалалы және жалғызбасты аналары, кәсiпкерлер, мұғалiмдер, дәрiгерлер, мемлекеттік қызметшілер, үй шаруасындағы әйелдер шақырылды.

Кешке қатысқан аудан әкiмi Аман Төрегелдин әйелдердiң қоғамдағы рөлi туралы өз ойын ортаға салды. Аудан басшысы Қайрат ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Зәуреш Досымбековаға “Алтын алқаны” жұрттың үлкен қошеметтеуімен табыс етті.

Кеште ер-азаматтар да әйелдер қауымына жылы лебіздерін білдірді. Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Сансызбай Қалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Қадыров, Кiшкенекөл ауылдық округiнiң әкiмi Сапар Сәниев желтоқсанның айтулы мерекелерімен құттықтап, отбасының да, қоғамның да құты болып отырған нәзік жандарға алғыстарын білдірді. Аудандық аурухананың дәрiгерi Райза Сейтімова, кәсiпкер Күмiсжан Құрмантаева, “Ақ ниет” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Күләш Егiмбаеваның да лебіздері жылы қабылданды.

Кiшкенекөл орта мектебiнiң шығармашылық ұжымы би билеп, ән шырқап, жыр пернесін де басты. Жиналғандар дастарқан басында да жылы әңгіме тарқатты. Өмір сабақтары жайлы бөліскен ақ жаулықты әжелер Алтын Жолдасбаева мен Батай Қабираның әңгімесін жұрт сүйсіне тыңдады.

Сарман АЯЗБЕКОВ,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp