ҚКХП ұсынған Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Өскеменде “Защита” локомотив жөндеу депосы ұжымымен кездесіп, өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.
Кездесу кезінде кандидат батыстық стандарттар мен тұтынушылық мәдениеттің теріс ықпалына тоқталып өтті. “Бүгін буындары қатып үлгермеген әлемнің барлық жастары батыстық киімдерді киеді, шетел әуендерін тыңдайды, голливудтық фильмдерді және сериалдарды көреді. Мұның барлығы жай бос уақыт өткізу емес, бұл – тұтыну мәдениетінің жалпыға бірдей таралу үрдісі. Дәстүрлі адами құндылықтарды насихаттауды жоққа шығарып, жат үлгілер мен өмірлік шарттарды көзсіз көшіру адамилықтан ауытқуға, жекелей енжарлыққа, жалпы материализм мен азаматтық немқұрайдылыққа әкеледі”, – деп атап өтті кездесуде Тұрғын Сыздықов.
Кандидаттың пікірінше, жаппай интернет арқылы таратылып отырған батыстық өмір мәнінде қатыгездік, енжарлық, немқұрайдылық, іс-әрекетке деген жауапсыздық белгілері жатыр. Мұндай жаппай шектеусіз өмірлік қағидаттар кез келген ұлттың құлдырауына алып келеді. Сонымен қатар, Батыс жастары отбасылық құндылықтар, дәстүр, бірізділік, үлкендерді құрметтеу, отансүйгіштік сияқты адамгершілік қасиеттерге мүлдем жат тұтынушылық стандарттарымен өмір сүруде.
“Мемлекеттің басты байлығы – оның адамдары. Саламатты, зайырлы ұлт қағидаттары адамдарға нәресте шағынан сіңірілуі керек. Балалар тек қана пайдалы тағамдармен қоректеніп, дене шынықтырумен айналысып, сезім, сыйластық және құрмет сияқты отбасылық құндылықтарды танып өсуі керек. Жастар дәстүрлі құндылықтар мен қоғамдық мұраттарды танып өскенде ғана батыстық мәдениеттің ықпалынан құтылады”, – деп аяқтады өз сөзін Тұрғын Сыздықов.
Кездесуде сөз алған облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Ш.Байдәулетов қатысушыларға сайлауалды науқан кезіндегі үгіт-насихат және іс-шаралар туралы айтып берді.
***
Ел Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың Шымкент қаласындағы сайлауалды штабы атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.
Насихат жұмыстарының барысы туралы сайлауалды штабтың жетекшісі Нұрлан Қадырқұлов ақпараттандырды.
Кандидаттың сенімді өкілі З.Мұхамеджанов сайлауалды тұғырнаманың басты бағыттарына тоқталды. “Коммунистік халықтық партиясы қызметінің негізінде тұтас, бірізді ғылыми дүниетанымға сүйенген марксизм-ленинизм идеялары жатыр. Марксизм ғылымды дамытудағы жаңашылдықтар мен жаңа мәліметтерді тарату негізінде үздіксіз дамып, жетіліп отыратын шығармашылық білім болып табылады”, – деп атап өтті З.Мұхамеджанов.
Қызылорда облысы сайлауалды штабының жетекшісі Т.Телеубаев та атқарылған жұмыстары туралы баяндай келе, қазіргі таңда насихат жұмыстары облыстың барлық аудандарын қамтып отырғанын жеткізді.
(Ресми ақпарат).