
Әрбір отбасы үшін сәби сүю – зор бақыт. Ал ана мен бала өмірін қорғау – медицина саласы қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Талай жанға бақыт сыйлаған облыстық перинаталдық орталықта күн сайын нәрестенің іңгәлаған дауысын есту – дәрігерлер үшін үлкен қуаныш. Бүгінде ана мен бала мемлекет қамқорлығында. Қазір тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында облыстық перинаталдық орталықта жүкті әйелдер мен сәбилерге тиісті қолдау шаралары қарастырылған. Тек сервистік палаталар мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін физиотерапиялық ем ақылы екенін айтып өткен жөн. Жүкті әйелдердің барлығы міндетті медициналық сақтандыру қоры есебінен тиісті көмекпен қамтамасыз етілген. Бізде құны қымбат тұратын кейбір сараптамалар да тегін жүргізіледі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған Жолдауында ана мен бала денсаулығына қатысты пікір білдіріп, көкейге қонымды ойды ортаға салған болатын. “Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ, дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп. Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасап, соның негізінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет”, – деп атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзі бірқатар кемшілікті түзетуге ықпал етпек. Денсаулық сақтау саласында нақты дерттер топтамасы бойынша тізім жасалып, тиісінше қаржы бөлінсе, бұл медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттырады.
2020 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік емханаларда тексеруден өту, стационарлық ем қабылдау сияқты медициналық қызмет түрлерін МӘМС жүйесіне жарна аударған қазақстандықтар ғана пайдалана алады. Бірақ мемлекет “жеңілдігі бар санатқа” кіретін азаматтардың сақтандыруын төлеуге міндеттеледі. Бұл санатқа он сегіз жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер енеді. 2020 жылы тұрғындарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісіне сәйкес және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек пакеті аясында қызмет көрсетіледі. Бұл жаңашылдықты жүзеге асыруға біздің мекеме де қызу дайындалуда. Бүгінде қабылдау бөлмесінен бастап барлық бөлімшелер компьютермен жабдықталуда. Өйткені, алдағы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және өзге медициналық ұйымдармен бір жүйеде жұмыс істейтін боламыз. Сондықтан орталықты компьютермен жабдықтаудың маңызы зор. Қазіргі таңда біз барлық қажетті құралдармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілдік. Перинаталдық орталықтың материалдық-техникалық базасы осы заманға сай жабдықталған.
Қазір орталықта 327 адам жұмыс істейді. Алайда, барлық медициналық ұйымдарға тән кадр тапшылығын жоққа шығара алмаймын. Бізге акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог мамандар қажет. Жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында барлық жоғары медициналық оқу орындарында болып, студенттер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Соның аясында бірнеше келісімшартқа қол қойдық. Үстіміздегі жылы бес жас дәрігер жұмысқа орналасты. Соның ішінде генетик маман да бар. Ол біздің облыстағы жалғыз генетик.
Үстіміздегі жылы жергілікті бюджет қаржысына облыстық перинаталдық орталықтың акушергинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог дәрігерлері резидентурада білім алуда. Сондай-ақ, медициналық мекеме жұмысқа орналасқан жас мамандардың жалға алған пәтер ақысын төлейді. Қалалық әкімдік тарапынан оларға көтермеақы да қарастырылған.
Алдағы жылдары өңірдегі денсаулық сақтау саласында бірқатар өзгерістер орын алмақ. Қазіргі таңда перинаталдық орталықтың облыстық ауруханамен бірігуі жүзеге асырылуда.
Өңірде жүкті әйелдердің 82 пайызы біздің орталықта босанады. Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айында 4883 сәби дүниеге келді. Өкінішке қарай, нәрестелердің шетінеуіне жол беріліп отырылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда биыл өлім-жітім көрсеткіші 6,5 пайызға азайды. Орын алған өлім-жітімнің 82 пайызы айы-күні жетпей туған балалар екенін айтып өткен жөн. Көбінесе, 500-1000 грамм салмақпен дүниеге келген сәбилер шетінейді. Өткен жылы балалар арасында туабітті жүрек ақауы жиі орын алды. Алайда, биыл жағдай тұрақты. Өлім-жітімге мерзімінен бұрын босану мен қатар құрсақішілік инфекция жиі себеп болады. Тағы бір айта кетерлігі, өңірімізде ана өлімі тіркелген жоқ.
Бала көтерген әрбір келіншек жүктілік мерзімінің 12 аптасына дейін дәрігердің қабылдауында болып, тіркеуге тұруға міндетті. Дәрігер қауіп факторларын ескеріп, екіқабат келіншекті қатаң бақылауға алады. Дүниеге дені сау сәби әкелу үшін ананың денсаулығы мықты болуы керек. Экстрогениталды патология, артериалды гипертензия аурулары бар екіқабат әйелдердің денсаулығына төнетін қауіп зор. Пневмония, жіті респираторлық вирустық ауруларға шалдыққан жүкті келіншектерде де түрлі асқынулар орын алуы мүмкін. Сондай-ақ, жүкті әйелдердің жартысынан астамында қазір қаназдық ауруы жиі кездеседі. Ана денсаулығына оның зияны көп. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрсақ көтерген келіншектердің 31 пайызының ғана денсаулығы жақсы.
Кез келген әйел үшін перзент сүю – үлкен бақыт. Денсаулығында кінәраты бар кейбір нәзік жандар түрлі қауіп-қатерге қарамай баласын бауырына басуды армандайды. Бұл жағдайда дәрігерлер жауапкершілігі екі есе артады. Десе де, олар алдымен баланың болашағына алаңдағаны жөн. Сондықтан әрбір әйел өзінің денсаулығына жіті қарауы қажет.
Жанна МАУЫТОВА,
облыстық перинаталдық
орталықтың бас дәрігері.