«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМНЫҢ КҮНІ — АДАММЕН

Бір әке-шешеден тараған балалар тамырын тереңге тартқан мәуелі ағаштың бұтақтары іспетті. Олардың көрген тәлім-тәрбиесі, бойларына сіңірген адамгершілік қасиеттері, имандылық нәрі, алпыс екі тамыры арқылы тұла бойға тараған қаны бір. Сондықтан да болар, олардың арасында бауырмалдық, кішіпейілділік, өзара жәрдем, туысқандық ыстық сезім сияқты адами қасиеттер берік орнаған. Осы ізгі қасиеттер арқылы ағайындылардың арасындағы қарапайым көзге көріне бермейтін “алтын көпір” асыл мұрадай баладан-балаға, ұрпақтанұрпаққа жалғасуда. Алайда, осы байланысқа біз күнделікті өмірімізде мән бермейміз. Ағайын-туғанның арасындағы бір-біріне жанашырлықты қалыпты жағдайдай қабылдап, ол туралы ойланбаймыз да. Шын мәніне келгенде, жоғарыда айтып кеткен адами қасиеттердің барлығы оның бойында күлше нанды бөле жеп, бір төсекте жатып, бір ойыншықпен ойнаған сәби күндерінен қалыптасатын сияқты. Қазір алпыстан асып, зейнеткерлік жасқа келген шағымда өткеніме көз салсам, өмірдің талай ащысы мен тұщысын көріппін. Соның біріне тоқталып, жан сырыммен бөліспекпін.

Халқымыздың арасында: “Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең”, “Денсаулық – зор байлық” деген мақалдар екінің бірі айта беретін жаттанды тіркеске айналып кетті. Осы нақылдардың байыбына әр сау адам бара бермесі де анық. Мұны өз басымнан осындай жағдайды өткерген соң айтып отырмын.

Ол кезде кеңшардың әлі тарай қоймаған кезі. Сенбі күндері құрылыс алаңындағы ағаш тілетін араға ауыл адамдары өз шаруашылықтарына қажетті тақтай өткізіп алуға кезекке тұрады. Біздің кезек келіп, тақтай тіліп жаттық. Бөренені жіберіп, бітуге бір метрдей қалғанда, астындағы қол арбаны тартып аламын дегенде тайып құладым. Араны жүргізіп тұрған жігіт оны тоқтан ажыратып үлгерді, бірақ ол серпінмен келіп аяғымның сүйегін тобықтың тұсынан турап түсті. Аяғым тек сіңірге ілегіп қалды. Сол сәттен бастап денсаулықтың қадірін түсіне бастадым.

Күздің ызғарлы, суық желі басым күні. Аудандық аурухананың хирургия бөлімінде жатқызатын орын жоқ. Кезекші дәрігер аяғымды тесіп, ілді де, “орын жоқ” деп тар дәлізге тастады. Қай жерің ауырса, жан сол жерде. Дәлізде ерсілі-қарсылы сабылған жандардың жүргендері, сөйлегендері, есіктердің сықыры бәрі есім кіресілі-шығасылы жатқан менің жүйкеме тиеді. Келесі күні аурухана дәрігері Саят Молдахметов келіп, аяғымды қайта тазалап, бір палатадан орын босатып сонда ауыстырды. Аяғым асулы, гірмен екі айдай жаттым. Қаққан қазықтай, қозғалмай бір қалыпта жату оңай ма, арқам тесілді, шаш ағарды … Содан, әйтеуір, балдаққа тұрып емханадан шықтым.

Бірақ аяғымнан жиі-жиі ірің ағып қайта-қайта тазалауға тура келді. Ақыры ол кездегі облыс орталығы болған Көкшетау қаласына, олар Алматыға жіберді. Барлығының айтатыны “аяқты кесу керек” деген тоқтам болды. Тепсе темір үзетін шағымда аяғымды кестіруге қимадым. Онда бірге жатқан мосқал кісілер: “Сен әлі жас емессің бе, кестіруге сосын да үлгересің, әлі де байқап көр”, – деп кеңестерін беріп, жанашырлық танытты. Сөйтіп, ауылға қайтып келдім.

Отбасындағы мен атқаратын шаруаның барлығы зайыбым мен алды оннан жаңа асқан балаларымның мойнына түсті. Азамат басыңмен саржамбас болып үйде жатып, бала-шағаңның қиналып жүргенін көруден асқан азап жоқ екенін сол кезде шын сезіндім. Бар қолымнан келетіні әлі жасқа тола қоймаған сәбиімді бесікке бөлеп қойып – тербету. Ауруымның жаныма батқанына қарамай, балдаққа сүйеніп жүріп үй ішінің тірлігін істеуге тырысамын. Аяғым іріңдеп, сыздап ауырғанда жанымды қоярға жер таппай қиналамын. Түн баласы ұйқы көру жоқ. Өзіммен-өзім жапан түзде жалғыз қалғандай болып отырамын. Амалым таусылып, не де болса тағдырдың жазғанын көрермін деп тәуекелге бел буып, аяғымды кестіруге келіспек болдым.

Ол кезде қазіргідей ұялы телефон деген жоқ, жан-жақтағылармен хабар алысу, ақыл-кеңес сұрау қиын. Бірде халімді білуге Пескиде (қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы) темір жол бойында тәртіп сақшысы болып қызмет істейтін інім Бектай келді. Ол кезде Лениногорск – Мәскеу бағытында жүретін пойыз Пески арқылы жүретін. Інім сол пойыздың ішіндегі мейрамхананың директоры болып істейтін мордва азаматы Кирдяшкин деген кісімен жақсы таныс екен. “Дос – жаманшылықта, туған-туыс – кемдік-тарлықта танылады” дегендей, менің кейпімді көріп, не істерін білмей, жаны ауырған бауырым жағдайды сол жолдасына баяндайды.

Құдай сәтін салды деген осы болар. Сөйтсе, ол кісінің жол апатына түскен баласының басынан да менікіндей жағдай өтіп, екі аяғын кеспек болған екен. Бірақ ол Мәскеу маңындағы Пушкин қаласы ауруханасының травматология және ортопедиялық бөлімшесінде емделген баласының қазір аяғы дін аман екенін айтады. “Адамның күні – адаммен” дегендей, әлгі кісі ініме: “Ағаңды келесі рейске алып кел, мен сонда апарып көрсетейін”, – дейді.

Мың болғыр әлгі азамат мені өзінің баласын емдеген дәрігерлерге алып барды. Онда барғанда бұрынғы қияметімді қайта бастан өткердім. Олар алдымен аяғымды емдеп, іріңнен тазартты. Сосын қайта сындырып “сына” қойып, жинады. Жарты жыл дегенде елге оралдым.

Ауыр жұмыс істеуге, күш түсіруге болмайды. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, аяғым әлі де қақсап ауырады. Дегенмен, екі аяғыммен туған жерімнің топырағын тең басып жүргеніме шүкіршілік етемін. Бүгінгі күні алдымен Жаратқан иеме, сосын жанашырлық танытып, мені сонау Мәскеуге дейін апарып емдетуге мұрындық болған бауырыма, өзге этнос өкілі болса да, бөтендік танытпай, ауруханаға күн құрғатпай сәлем-сауқатын тасып, қамқорлық көрсеткен мордва азаматына шексіз ризашылығымды жеткізгім келеді. Қазағымның “Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар”, “Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса досыңа қыл” деген нақылдары осындайды меңзеп айтылса керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, ата-ананың аясында, бір отбасында татулыққа, жан жүректері біте қайнасқан жақындыққа тәрбиеленген балалар ержетіп есейген, өз алдарына бөлек шаңырақ көтерген шақтарында да бір-бірін іздеп, өмірде кездесетін қызық-қуаныштарымен, бастарына түсетін уайым-қайғыларымен тең бөлісіп, туыстық қатынастары үзілмей, жалғасып жатса, игі.

Жалпы ағайын-бауыр, туыс-туған, дос-жарандар бір-біріне тілеулес болып, қуана қауышып жатқанда ғана өмірдің мәні, туыстықтың сәні келмек!

Ақмолла ТІКШЕКЕЕВ,

зейнеткер.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp