
Саналы ғұмырын шәкірт жүрегіне білім нәрін құюға арнап, адал еңбекпен абырой-беделге бөлену екінің біріне бұйыра бермейді. Петропавлдағы әл-Фараби мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Күлбағила Жапарова – осындай жандардың бірі. Ұлағатты ұстаз қырық жылдай педагогика саласында табан аудармай еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне қомақты үлес қосты.
Оның тәлім-тәрбиесін көрген ұл-қыздардың әрқайсысы өмірде өз орнын тауып, биік белестерден көріне білді. Күлбағила Дәулетқызы еңбек жолын 1977 жылы Аққайың ауданындағы Леснополянское орта мектебінде бастады. Әр кез жауапкершілік биігінен көріне білген тәлімгер 1983-1989 жылдары мектеп директоры қызметін де абыроймен атқарды. Ол тәтті түстей артта қалған жылдарды сағынышпен еске алады. Өйткені, сол кездері Күлбағила апай аудан мектептерінің арасында өткен түрлі байқауларда талай рет жеңіске жеткен еді. Оқушылары да жақсы білімімен көзге түсті.
Кейіпкеріміз отбасылық жағдайларға байланысты шаңырағымен облыс орталығына көшіп келуге мәжбүр болады. Қалалық жерде жұмыс істеуге жүрексінгенімен, мұнда да жаңа ортаға тез үйренісіп кетті. Спортта дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатқа орналасып, шәкірт тәрбиелеу ісін жалғастырды. Өмір болған соң адам баласы бақытты сәттерді де, қайғы мен қиындықтарды да өткереді ғой. Күлбағила апай сырқат меңдеген жұбайының өміріне араша бола алмады. Алайда, туған-туыстары, әріптестері, дос-жарандары көрсеткен үлкен қолдаудың арқасында қиын күндерді артқа тастады. Бұл тұрғыда оған көмек қолын созған интернат директоры Жамбыл Тасеменовтың есімін атап өтпеске болмас. Ұлағатты ұстаз мектеп басшылығы тарапынан көрсетілген қолдауды әлі күнге дейін ұмытқан емес. Өмір қиындықтарын еңсере білу нағыз жігерлі, рухы мықты жанға ғана тән ғой. Сөйтіп, нәзік жан балаларды білім нәрімен сусындату ісіне қайта араласты. Белсенді өмірлік ұстанымының арқасында Күлбағила Дәулетқызы сабақ берумен қатар білім ордасының гуманитарлық ғылымдар әдістемелік бірлестігін басқарды. 2002 жылы жазушы Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдығына арналған облыстық конкурстың жеңімпазы атанды. Шәкірттері де байқаулардан жүлделі орындар алып, ұстазының сенімін ақтай білді. Солардың бірі Ербол Жементиков Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына арналған облыстық шығармалар конкурсында үздік атанды.
Күлбағила Дәулетқызының еңбегі облыстық білім басқармасы тарапынан да ылайым бағаланды. Оның “Методический калейдоскоп” оқу-әдістемелік оқулығы үздік деп танылды. Сондай-ақ, жерлесіміздің бірнеше сабақ жоспары Білім және ғылым министрлігінің “Русский язык и литература в казахской школе” атты оқу-әдістемелік журналында басылып шықты. Ал “Абай Кунанбаев – гений человечества” атты зерттеу жұмысы “Педагогический вестник” ғылыми-педагогикалық журналында жарық көрді.
Күлбағила Жапарова 2006 жылы Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға ауысады. Гимназияда білім алып, үлкен өмірге аттанған ұл-қыздардың ұстазына деген алғысы шексіз. Әлі күнге дейін олар сүйікті тәлімгерлеріне хабарласып тұрады. Олардың арасында түрлі жарыстардан орын алған талантты жастар аз емес. 2007 жылы Даникер Құсайынов “Казахстанский патриотизм как основа процветания и развития страны” тақырыбында шығарма жазып, 2-орынға ие болды. Ал 2010 жылы Самал Мақан есімді оқушы ұстаз сенімін ақтап, республикалық олимпиадада жүлделі орынды иеленді. Тимур Сандыбаев та қалалық лингвистикалық конкурста жүлделі орыннан көрініп, ұстаз мерейін асырды. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дегендей, олар жеткен жетістіктер – ұстаздың арқасы.
Күлбағила Дәулетқызы балабақшада да еңбек етті. Бұл істің үлкен жауапкершілікпен атқарылатынын ұғынған тәлімгер осы салада да әдістемелік қорын үнемі жаңартып, толықтыруға тырысты. Соның нәтижесінде “Батыр” балабақшасының тәрбиеленушілері Данияр Тілепбергенов, Әмірхан Қасенов, Әлішер Мұқашев, Мәдина Шамшуменова және тағы басқалары бүлдіршіндер байқауында топ жарды. Кейін Петропавл қаласындағы №12 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған кезде де өрендердің білімі мен тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Күлбағила апай №24, №13 орта және №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде қызмет еткен кезінде де еңбегі мен өн бойындағы асыл қасиеттерін, білімін болашақ ұрпақтың кәдесіне жарата білді. Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде білім алатын шәкірттері де жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Дильназ Қасенова, Карина Исмаилова, Айым Исабаева сынды оқушылары олимпиадада жүлделі орын алып, білім ордасы мен ұстаздарының мақтанышына айналды.
Отбасының ырыс-берекесін кіргізіп отырған ардақты жанның балалары бүгінде жеке-жеке отау құрып, өздері көтерген шаңырақ шаттығын шалқытып отыр. Әсіресе, Диар мен Амир есімді немерелері – әжесінің көз қуанышы. Бойдағы білім-білігін, қарым-қабілетін, талантын білімді жастарды тәрбиелеуге жұмсаған жан ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқанын – Алланың берген ең үлкен сыйына балайды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: К.Жапарова.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.