Елімізде адам саудасы тыйылар емес. Биылдың өзінде мұндай жантүршігерлік жайтқа қатысты 78 жағдай тіркелген. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыс орын алып, 50-ге тарта жәбірленуші жапа шегеді екен. Дүниежүзіндегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер, ал осы санның үштен бірі балалар көрінеді.
Адам құқығын аяққа таптайтын ғаламдық індетке төтеп беріп, тірі жанның тағдырын тауарға айналдыруға араша бола алмай отырғанымыз шындық. Елдегі құлдық құрбандарының көпшілігі мәжбүрлі түрде заңсыз жұмысқа жегіледі, жезөкшелікке салынады. Тіпті ағзасы сатылып, тірі тауарға айналатындар да бар.
Бұл мәселе біздің өңірде де өзекті. Облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, адам саудасына қатысты өңірде жыл сайын шамамен 15-20 қылмыс тіркеледі.
– Қылмыстың бұл түріне адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық, сондай-ақ көрінеу жезөкшелік пен жеңгетайлықпен айналысуға үй-жай беру кіреді. Біз мұндай қылмыстармен бетпе-бет келгенде Қылмыстық кодекстің 126, 128-баптарына басымдық береміз. Бұларды өте ауыр баптар десек болады, өйткені қылмысты дәлелдеу «инемен құдық қазғандай». Қылмыскердің кінәсін дәлелдейтін материалдарды жинау оңай емес, – дейді маман.
Бұл басқарма 2022 жылдың шілде айында құрылған. Содан бері 100-ге жуық істің мән-жайы тексеріліпті. Жандос Басыбаев тіркелген қылмыстардың дені жезөкшелік пен жеңгетайлыққа қатысты екенін айтты. Мамандардың назарына Ақмола облысы Есіл қаласының 40 жастағы тұрғыны іліккен. Әйел Петропавлға жиі келгіштеп, клиенттерге интимдік қызмет көрсетуге бойжеткендерді, соның ішінде кәмелет жасына толмаған қыздарды ұсынған. Тексере келе оның қыздарды «тірі тауар» ретінде сататындығы анықталыпты. «Әйел Қостанай қаласының 19 жастағы тұрғынын Петропавлдағы сауналар мен қонақ үйлерде интимдік қызмет көрсетуге пайдалану үшін жалға алынған пәтерлердің бірінде сатып жатқан жерінен қолға түсті. Бойжеткеннің өмірін қылмыскер небары 250 мың теңгеге бағалаған», – дейді Жандос Басыбаев.
Жуырда Петропавл қаласында адам саудасымен айналысқан екі топ құрықталды. Қылмыскерлер интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жыныстық сипаттағы әрекеттерді жарнамалауға тырысқан. Олар ұйымдасқан жұмыс арқылы миллиондаған қаржы тауып келген. Алдын ала деректер бойынша топтың күндік табысы 1,5 млн. теңге болса, өткен жылдың басынан бері олар 1,7 млрд. теңге алған. Бұл қылмыстық топтың кең аумақты қамтып, ұйымдасқан түрде әрекет еткенін көрсетеді.
«Тінту барысында ақша, банк карталары, автомобиль, компьютерлер, телефондар мен басқа да ақпарат тасымалдау құралдары тәркіленді. Істің негізгі қатысушылары уақытша қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан түрде адам саудасымен айналысу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап аясында мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін жаза кесу көзделген», – дейді облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы Игорь Мерцалов.
Жандос Басыбаев айтып өткендей, адам саудасы мәселесінде жас қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеу кеңінен етек алуда. Көп жағдайда 18-25 жас аралығындағы қыздар Түркия, Бахрейн, БАӘ елдеріне жіберіледі екен. Нәзік жандар өздерінің өзге мемлекеттерге «тірі тауар» ретінде жіберіліп жатқанынан хабарсыз болатын көрінеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бастапқыда қыздар шетелге жоғары ақы төленетін жұмысқа тұрамыз деп сеніп барады. Қыздардың кейбірі басына түскен жағдайға төзбей, тамырларын кесіп, өз-өздеріне қол салады.
Бір өкініштісі, адам саудасы біздің көз алдымызда ашық түрде жасалуы мүмкін. Мекеме басшысы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қамқорлық танытқан болып айласын асырады. Тамақ, тұратын орын бәрі қамтамасыз етілетінін айтып, жұмыскерлердің сеніміне кіреді. Осылайша жігіттерді біртіндеп күштеп жұмысқа жеге бастайды. Оларды таңертең ерте тұрғызып, кешке дейін мәжбүрлеп еңбек еткізеді. Тіпті сенбі, жексенбі күні оларға демалыс та бермейді. Тамақ та ұсынбай, ер-азаматтарды құлдыққа салады.
Психолог Айнұр Бектұрғанованың айтуынша, мұндай жағдайға көбінесе іздеушісі жоқ жандар мен балалар үйінде өскендер және ішкілікке салынғандар тап болады. «Адам саудасының астарында адам төзгісіз азғындық жатыр. Ата-ана жылуын көрмегендердің көбі сенгіш келеді. Оларды көндіру оңай. Өзге елдің заңы мен тілін білмейтін адам қаржы табу үшін кез келген ұсы нысты қабылдауға мәжбүр. Қылмыскерлер осы факторларды басты нысанаға алады. Жалпы біз балаларымызды өмірде кездесетін түрлі келеңсіздіктен сақтандырып отыруымыз керек. Абай атамыздың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әр адамның басты бағдарына айналуы тиіс», – дейді психолог.
Мамандардың айтуынша, адам саудасына қатысты қылмыстардың біразы ғаламтор арқылы жасалады. «Internet World Stats» ұйымы Қазақстанды интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына кіргізген. «Біздің елімізде ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заң бұзушылықтар жиі тіркеледі. «Facebook», «Instagram», «Tiк Tok» сынды желілерді пайдаланушылардың парақшалары 100 пайыз қорғалған деп айта алмаймыз. Біреудің атынан парақша ашып, оның жұмысын жүргізу сынды қылмыстар сәт сайын жасалады. Адам саудасын ауыздықтау үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ағарту жұмыстарын күшейткен абзал», – дейді бағдарламалаушы Ерлік Мұратұлы.
Адам саудасы жалғыз адамның қатысуымен жасалмайды, көп жағдайда ұйымдасқан қылмыс санатына жатқызылады. Тағы бір айтып өтерлігі, құлдыққа түскендердің құқық қорғау органдарынан немесе көршілерден, адамдардан көмек сұрауға немесе қашып кетуге, телефон соғуға батылдары жетпейді. Бұдан бөлек, қылмыстың бұл түрін дәлелдеу өте қиын. Өйткені қылмыскер «ол өз еркімен жезөкшелікпен айналысты немесе оны ешкім күшпен ұстап тұрған жоқ, қолында телефоны бар ғой, ендеше неге құзырлы органдарға хабарласып, көмек сұрамады» деуі мүмкін. «Сот та мұны ескереді. Сондықтан мұндай қылмыстық іс жарты жыл, бір жыл қаралуы мүмкін. Осы аралықта «зардап шеккендерді» психологиялық тұрғыда қорғау да біздің міндетімізге кіреді», – дейді Жандос Басыбаев.
Біз маманнан «Облыста бала сату деректері кездесті ме?» деп сұрадық. Ол мұндай фактінің тіркелмегенін, бұл бағыт та мамандардың бақылауында екенін айтты.
Толғанай МӘКЕНОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».