«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ САУДАСЫ – АЗҒЫНДЫҚТЫҢ БІР ТҮРІ

Елімізде адам саудасы тыйылар емес. Биылдың өзінде мұндай жантүршігерлік жайтқа қатысты 78 жағдай тіркелген. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыс орын алып, 50-ге тарта жәбірленуші жапа шегеді екен. Дүниежүзіндегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер, ал осы санның үштен бірі балалар көрінеді.

Адам құқығын аяққа тап­тайтын ғаламдық індетке төтеп беріп, тірі жанның тағдырын тауарға айналдыруға араша бола алмай отырғанымыз шындық. Ел­дегі құлдық құрбандарының көпшілігі мәжбүрлі түрде заңсыз жұмысқа жегіледі, жезөкшелікке са­лынады. Тіпті ағзасы сатылып, тірі тауарға айналатындар да бар.

Бұл мәселе біздің өңірде де өзекті. Облыстық полиция департаменті ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев­тың айтуынша, адам саудасына қатысты өңірде жыл сайын шамамен 15-20 қыл­мыс тіркеледі.

– Қылмыстың бұл түріне адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, же­зөкшелікпен айналысуға арналған при­тондар ұйымдастыру немесе оларды ұс­тау және жеңгетайлық, сондай-ақ көрі­неу жезөкшелік пен жеңгетайлықпен айналысуға үй-жай беру кіреді. Біз мұн­дай қылмыстармен бетпе-бет келгенде Қылмыстық кодекстің 126, 128-бапта­рына басымдық береміз. Бұларды өте ауыр баптар десек болады, өйткені қыл­мысты дәлелдеу «инемен құдық қазған­дай». Қылмыскердің кінәсін дәлел­дейтін материалдарды жинау оңай емес, – дейді маман.

Бұл басқарма 2022 жылдың шілде айында құрылған. Содан бері 100-ге жуық істің мән-жайы тексеріліпті. Жандос Басыбаев тіркелген қылмыстардың дені же­зөкшелік пен жеңгетайлыққа қатысты екенін айтты. Мамандардың назарына Ақмола облысы Есіл қаласының 40 жаста­ғы тұрғыны іліккен. Әйел Петропавлға жиі келгіштеп, клиенттерге интимдік қыз­мет көрсетуге бойжеткендерді, соның ішінде кәмелет жасына толмаған қыздар­ды ұсынған. Тексере келе оның қыздарды «тірі тауар» ретінде сататындығы анықта­лыпты. «Әйел Қостанай қаласының 19 жастағы тұрғынын Петропавлдағы сауна­лар мен қонақ үйлерде интимдік қызмет көрсетуге пайдалану үшін жалға алынған пәтерлердің бірінде сатып жатқан жерінен қолға түсті. Бойжеткеннің өмірін қыл­мыскер небары 250 мың теңгеге бағала­ған», – дейді Жандос Басыбаев.

Жуырда Петропавл қаласында адам саудасымен айналысқан екі топ құрық­талды. Қылмыскерлер интернет-ре­сурстарды пайдалана отырып, жыныс­тық сипаттағы әрекеттерді жарнамалау­ға тырысқан. Олар ұйымдасқан жұмыс арқылы миллиондаған қаржы тауып келген. Алдын ала деректер бойынша топтың күндік табысы 1,5 млн. теңге болса, өткен жылдың басынан бері олар 1,7 млрд. теңге алған. Бұл қылмыстық топтың кең аумақты қамтып, ұйымдас­қан түрде әрекет еткенін көрсетеді.

«Тінту барысында ақша, банк карта­лары, автомобиль, компьютерлер, теле­фондар мен басқа да ақпарат тасымал­дау құралдары тәркіленді. Істің негізгі қатысушылары уақытша қамауға алын­ды. Қылмыстық кодекстің ұйымдасқан түрде адам саудасымен айналысу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап аясында мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін жаза кесу көзделген», – дейді облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы Игорь Мерцалов.

Жандос Басыбаев айтып өткендей, адам саудасы мәселесінде жас қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеу кеңінен етек алуда. Көп жағдайда 18-25 жас аралы­ғындағы қыздар Түркия, Бахрейн, БАӘ елдеріне жіберіледі екен. Нәзік жандар өздерінің өзге мемлекеттерге «тірі тауар» ретінде жіберіліп жатқанынан хабарсыз болатын көрінеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бастапқы­да қыздар шетелге жоғары ақы төле­нетін жұмысқа тұрамыз деп сеніп бара­ды. Қыздардың кейбірі басына түскен жағдайға төзбей, тамырларын кесіп, өз-өздеріне қол салады.

Бір өкініштісі, адам саудасы біздің көз алдымызда ашық түрде жасалуы мүмкін. Мекеме басшысы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қамқорлық танытқан болып айласын асырады. Та­мақ, тұратын орын бәрі қамтамасыз еті­летінін айтып, жұмыскерлердің сенімі­не кіреді. Осылайша жігіттерді біртін­деп күштеп жұмысқа жеге бастайды. Оларды таңертең ерте тұрғызып, кешке дейін мәжбүрлеп еңбек еткізеді. Тіпті сенбі, жексенбі күні оларға демалыс та бермейді. Тамақ та ұсынбай, ер-азамат­тарды құлдыққа салады.

Психолог Айнұр Бектұрғанованың айтуынша, мұндай жағдайға көбінесе із­деушісі жоқ жандар мен балалар үйінде өскендер және ішкілікке салынғандар тап болады. «Адам саудасының аста­рында адам төзгісіз азғындық жатыр. Ата-ана жылуын көрмегендердің көбі сенгіш келеді. Оларды көндіру оңай. Өзге елдің заңы мен тілін білмейтін адам қаржы табу үшін кез келген ұсы нысты қабылдауға мәжбүр. Қылмыс­керлер осы факторларды басты нысана­ға алады. Жалпы біз балаларымызды өмірде кездесетін түрлі келеңсіздіктен сақтандырып отыруымыз керек. Абай атамыздың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шы­ғар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» де­ген сөзі әр адамның басты бағдарына айналуы тиіс», – дейді психолог.

Мамандардың айтуынша, адам сау­дасына қатысты қылмыстардың біразы ғаламтор арқылы жасалады. «Internet World Stats» ұйымы Қазақстанды интер­нет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына кіргізген. «Біздің елімізде ақ­параттық қауіпсіздік саласына қатысты заң бұзушылықтар жиі тіркеледі. «Facebook», «Instagram», «Tiк Tok» сын­ды желілерді пайдаланушылардың па­рақшалары 100 пайыз қорғалған деп айта алмаймыз. Біреудің атынан парақ­ша ашып, оның жұмысын жүргізу сын­ды қылмыстар сәт сайын жасалады. Адам саудасын ауыздықтау үшін ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ағарту жұмыстарын күшейткен аб­зал», – дейді бағдарламалаушы Ерлік Мұратұлы.

Адам саудасы жалғыз адамның қаты­суымен жасалмайды, көп жағдайда ұйымдасқан қылмыс санатына жатқы­зылады. Тағы бір айтып өтерлігі, құл­дыққа түскендердің құқық қорғау ор­гандарынан немесе көршілерден, адам­дардан көмек сұрауға немесе қашып ке­туге, телефон соғуға батылдары жет­пейді. Бұдан бөлек, қылмыстың бұл түрін дәлелдеу өте қиын. Өйткені қыл­мыскер «ол өз еркімен жезөкшелікпен айналысты немесе оны ешкім күшпен ұстап тұрған жоқ, қолында телефоны бар ғой, ендеше неге құзырлы органдар­ға хабарласып, көмек сұрамады» деуі мүмкін. «Сот та мұны ескереді. Сондық­тан мұндай қылмыстық іс жарты жыл, бір жыл қаралуы мүмкін. Осы аралықта «зардап шеккендерді» психологиялық тұрғыда қорғау да біздің міндетімізге кі­реді», – дейді Жандос Басыбаев.

Біз маманнан «Облыста бала сату де­ректері кездесті ме?» деп сұрадық. Ол мұндай фактінің тіркелмегенін, бұл ба­ғыт та мамандардың бақылауында екенін айтты.

Толғанай МӘКЕНОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp