“Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын, Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың, Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың”, – деп қазақтың маңдайына біткен ақиық ақыны Төлеген Айбергенов сипаттаған бекзат өнерді жанына серік етіп келе жатқан жас таланттардың бірі – Күлайхан Рахмет.
Ол 1987 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы Көктоғай ауданында дүниеге келді. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетті халықаралық журналистика мамандығы бойынша тамамдағаннан кейін “Түрік әлемі” газетінде, Астанадағы “Түгел” медиахолдингінде, “Қазанат” және “Құлыным” журналдарында жауапты қызметтер атқарды. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болашақ журналистерді даярлау ісімен айналысуда. Жас ақынның жуырда “Еркелет мені” атты тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, оның тұсаукесері оңтүстік астанамыздағы жастар орталығында өтті. Бүгін назарларыңызға Күлайханның осы жинаққа енген бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Ешкімге ұқсамаймын
Сірә да, мұқалта алмас жанымды мұң,
Өзгешемін, қайтпайтын жалындымын.
Ертеңіме қараймын сенімменен,
Тартып алар басымнан бағымды кім?
Дара шабыт сыйлайтын теңіз-жырым,
Басқалардан өзгеше менің күнім.
Қуанышым жылытса мың жүректі,
Мың жүректі мұңайтар менің мұңым.
Кербезденіп бататын кешім бөтен,
Өмірді де өзгеше кешірмесем.
Жүрегімнің ішінде дүрсілдейсің,
Дүниенің жүрсең де төсінде сен.
Ешкімге де ұқсамай бөлек өстім,
Тағдырмен де тайсалмай ерегестім.
Мен өзім боп қаламын өзгермеймін,
Әлдекімнің көшірмесі мен емеспін!
Еркелет мені
Шаршадым тағы, тірліктен мынау шаршадым,
Өмірді қайтем көңілге қаяу салса мұң.
Еркелет мені, жағдайын ұғып жанымның,
Қатал өмірде мейірімді ғана аңсадым.
Көңілде қаяу жабырқаулымын бұл күнде,
Бәрі де жалған, өтірік менің күлкім де,
Еркелет мені, бауырыңа басып, жан аға,
Жабырқаулы жанымды сезбей жүрсің бе?
Сағыныш та бар кеудемде менің кернеген,
Көкірегімді кеміргіш құрттай кеулеген.
Еркелет мені, мойныңа барып асылсам,
Бір сәтке болсын алысқа кетсін шер менен.
Үмітім алда, Тәңірдің бар ғой берері,
Ардақты жанға еркелей бергім келеді.
Еркелет мені, қажеті қанша басқаның,
Мейірім ғана, мейірім маған керегі.
Құлазу
Ана жоқ деп кім айтар менде бүгін,
Мәңгі бірге өзіңмен кенже қызың.
Ақ жол тілеп тұрады аруағың,
Арқалап жүргенімде пенде жүгін.
Сағыныштың сарғайған салып әнін,
Тірліктен мен де бір күн жалығармын.
Мені күтіп жата тұр жұмағыңда,
Түбінде бір болады жолығар күн.
Баяғыдай сонда ана мені құшып,
Жылайсың-ау, қалған соң сағынысып.
Отырамыз ана мен бала болып,
Сағыныштың сарқылмас балын ішіп.
Асықпа, ана, жанымның жетуі шын,
Жалғастырып өмір – өлім екі ұшын.
Пенделікті пейілмен атқарайын,
Ада етіп парызымды кету үшін.
Жүрегімнің ауырып сыздағаны,
Мекендеп қалған жандай қу даланы,
Табиғат та тәрк етіп кеткен сірә,
Күн күлмейді жай ғана сызданады.
Сен кеткелі, әкешім, таулар маған,
Назарын да бір сәтке аудармаған.
Өзіңе еріп басатын тастар дағы,
Шегетіндей шеге боп айбар маған.
Дәл өзіңдей өмірде қамал қайда,
Өзің жоқсың баяғы сол маңдарда.
Қасқыр ұлып жататын қара жондар,
Түкситетін қабағын мен барғанда.
Даламның ала кеттің дарқандығын,
Болмайды қара қоста қалқан бүгін.
Маңдайымнан сен сүйген туған жерде,
Анашым, сені іздеп шаршап жүрмін.
Күту де бір бақыт
Келмеді әлі, келмесе қойсын келмесе,
Шаршадым мен де күтуді қойдым ендеше.
Төзім дегенің түбі бар нәрсе емес пе,
Жаралған мен де жан емеспін ғой өзгеше.
Келмеді әлі, келмесе қойсын келмесе,
Амалым бар ма сезімді төзім жеңбесе?
Перілерше келіп, періште болу мүмкін бе,
Тәңірім өзі жаратқан болса пендеше.
Келмеді бірақ, келмесе қойсын келмесе,
Тілегім жалғыз, жүректе жалын сөнбесе.
Кезбе өмірді кері қайтарар жайың бар,
Серт беріп несін сергелдең болдың сен кеше?
Келмеді рас, келмесе қойсын келмесе,
Адал сенім мен жүрекке сезім сенбесе.
Тұрақсыз жандар тұралап қалар жалғанда,
Күту дегеннің өзі де бақыт ендеше.
Дерт
Бағынбас босқа жүрегім,
Емес қой менің еркімде.
Сүйетініңді білемін,
Сезбей жүр соны дейсің бе?
Сүйгендігім үшін де,
Себепсіз сенімен ұрысам.
Бір қулық бар ішімде,
Сездірмеуге тырысам.
Жақса да сөзің жаныма,
Қаламын жиі өкпелеп.
Айтса екен деп тағы да,
Алысқа жаным кетпе деп.
Жасырып солай қалауын,
Саламын сені азапқа.
Емін де өзім табамын,
Шығарам өзім азатқа.
Көктемнің күні секілді
Жаныңмен жаулап еркімді,
Сені іздеп көңіл желпінді.
Телефон соғып тұрушы ең,
Қалт жібермей әр күнді.
Игілік ісі кеш емес,
Жолдаушы ең жиі смс.
Айтқанның бәрін жөн көріп,
Бастамаушы едің бос егес.
Сезімнің ашып есігін,
Көңілде тұрды есімің.
Әзілдеп бір сөз айтсам да,
Сұраушы едің кешірім.
Қай жаққа бұрдың бетіңді.
Ұмытып соңғы сертіңді.
Күлімдеп тұрып қар жауған,
Көктемнің күні секілді.
Ауылға барып қайтайық
Ауасы балдай тазарған,
Ауылда өткен жаз арман.
Тіршілік сені оятар,
Несібеңді ал деп азаннан.
Далада төлдер маңырап,
Жатасың жайлы балбырап.
Көзіңді ашсаң көрінер,
Көк аспан менен шаңырақ.
Әсем саз шалып құлағым,
Әнімен құстың тұрамын.
Атам да шығар ақ үйден,
Қолына ұстап құманын.
Күн нұры төксе шуағын,
Қуалап шыңға мұнарын.
Жеңешем отқа шай қояр.
Суынан тастай тұманың.
Ұнайды ауыл саған да,
Ақ пейіл дарқан далам да.
Айдап сап жылқы өріске,
Жорғасын мінген ағам да.
Ауылдың таңы ағарған,
Тіршілік сонда жаңарған.
Тамаша ауыл тірлігі,
Өшпейді мәңгі санамнан.
Ауылға барып қайтайық,
Сағыныштарды сарқайық.
Бәріне көзбен куә боп,
Ағайындарға айтайық.
Айдынында өмірдің тербелеміз
Ойландырған сәтінде оңаша мұң,
Қолыма кеп бақ құсым қона салдың,
Жаныңменен жібердің жалындатып,
Тереңіне батырып тамашаның,
Атырғанда тірліктің нұрлы таңын,
Маған аштың көңілдің гүл құшағын.
Адастыра көрмеші, Тәңір, бізді,
Сыңарыңдай өмірлік бірге ұшамын.
Көзін сүзіп қараса жұлдызды аспан,
Қызғанды ма бұлақтар сыбырласқан.
Айдынында өмірдің тербелеміз,
Көлдің ерке құсындай жұп жарасқан.
Сұрақ
Қайдан, қайдан, қайдан маған жолықтың,
Өзегінде өмір деген жорықтың,
Тұрағымды таппағандай торықтым,
Жанарыңда жасырын сыр соны ұқтым.
Неге, неге, неге, неге көріппін,
Жанарымды сүріндірген көріктім.
Сезімімен сенімімді беріппін,
Қиялдадым мінезіңе еліттім.
Бекер, бекер, бекер көрген екенмін,
Алып-ұшқан бұл жүректі не етермін?
Жан дертімнің таба алмай бір емін,
Армандаумен енді өзіңді өтермін.