Аққайың ауданында тұратын егде жастағы ерлі-зайыпты Петропавлдан келген бес жасар немересін ертіп, көл жағасында серуендемек болған. Ойнап жүрген немерелерінің көзден ғайып болғанын ауыл тұрғындары кеш байқайды. Ал бала болса орманға кіріп, адасып кеткен. Біраз жүргеннен кейін ол көлік қозғалысы көп “Петропавл – Булаево” автожолына шыққан. Сол кезде оны табиғатты қорғау полициясының қызметкері байқап қалады. Тәртіп сақшысы “Уылдырық шашу” акциясы аясында рейдтік іс-шараға шыққан екен.
Бала полицейге көл жағасынан келгенін айтқан. Тәртіп сақшысы бүлдіршінді көлікке отырғызып, жақын маңдағы ормандар мен көлдерді аралайды. Көп ұзамай немерелерін шарқ ұрып іздеген ерлі-зайыптының “ВАЗ-2115” автокөлігі көзге түскен. Немерелерін құшағына қысқан ата-әжесі полиция қызметкеріне алғыстарын жаудырды.
Әсет ҚАНАФИН.