Облыстық аурухананың қабылдау бөлімшесіне Тимирязев ауданының орталық ауруханасынан шақырту қоңырауы түсті. Жол апатына ұшыраған жігітке жедел медициналық көмек қажет. Автожолда орын алған төтенше жағдайдан соң жігіттің бел омыртқасы сынып, жұлынына зақым келген. Науқас ауыр халде. Ол отаға мұқтаж.
Облыстық аурухананың нейро-хирургия бөлімшесінің дәрігері Смайыл Сатин жолға қамданды.
– Облысымыздың шалғай аудандарына санитарлық авиация арқылы жетеміз. Өзге жолмен жедел жету мүмкін емес. Төтенше жағдай орын алған ауданға ұшақпен бір сағаттың ішінде жетіп, сол жерде тиісті көмек көрсете аламыз. Дәрігерлер жұмысының нәтижесі уақытқа тікелей байланысты. Әсіресе, жол апатына ұшырап, өзге де төтенше жағдайдан соң денсаулығына зақым келген адамға тез арада медициналық көмек көрсетілуі тиіс болғанда бұл таптырмас көлік, – дейді Смайыл Сатин.
Расында да, адам өмірі таразыға түскен уақытта әр минут қымбат. Облыс орталығынан алыс жатқан ауылдарға мамандардың дер кезінде жетуін қамтамасыз ететін көліктік медицинаның айрықша жедел жүйесі – санитарлық авиация мен реанимобильдер. Алғашқыда жедел медициналық көмек орталығында болған санитарлық авиация 2011 жылдың мамыр айында облыстық аурухананың қарамағына өтті. Облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Дина Әшімованың айтуынша, “Жедел жәрдем” көліктерінің материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы өткен жылдарға қарағанда көш ілгері. Осызаманғы медициналық қондырғылар мен құрал-жабдықтар да, білікті дәрігерлер де жеткілікті.
– Облысымыздағы санитарлық авиацияның қызметі Астанада орналасқан республикалық орталықпен тығыз байланыста. Республикалық орталық “Жаңа Әлем Air Company KZ” жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен келісімшарт жасасты. Өңірімізде өткен жылдан бері санитарлық авиация қызметін АН-2 ұшағы көрсетіп келеді. Қыс мезгілінде ұшып-қонуы үшін әуе көлігіне шаңғылы доңғалақтар орнатылған. Жуық арада бұл ұшақтан басқа, шұғыл көмекті тікұшақ арқылы да көрсететін боламыз, – дейді Дина Әшімова.
Ауыр жарақаттарға, күйікке, жүктілік пен босану кезіндегі асқынуларға, сәбилердің туабітті кемістіктеріне өңірлерде көмек көрсету мүмкін болмайтын жағдай жиі кездеседі. Мәселен, аудандардағы орталық ауруханаларда кадр тапшылығы мәселесі өзекті екені белгілі. Мамандардың тапшылығы күрделі ота қажет кезде өткір сезіледі. Осындайда ұйымдастырылатын авиация жәрдемі талай нәрестелер мен аналардың өміріне араша түсті.
Жыл басынан бері медициналық авиация көмегі 51 рет жүзеге асырылды. Оның ішінде екі жүкті әйелге, жарақат алған 14 науқасқа көмек көрсетілген. Аудандық ауруханалардан 21 адам облыс орталығына жеткізілген. Сегізіне ота жасалған.
Дина Әшімованың айтуынша, балалар ауруханасына санавиация арқылы 10 жасар бала жеткізілген. Баланың жағдайы тым ауыр еді. Ол созылмалы ревмакардит дертіне шалдыққан. Ревматизм безгегі асқына түскен. Дене қызуы көтеріліп, буындарының ісіну салдарынан баланың денсаулығы күрт төмендеген. Облыстық дәрігерлер балаға тиісті ем-шара қолданып, бетін бері қаратты.
Өткен жылдың тоғыз айында ғана 500-ге жуық науқасқа көліктік медицинамен шұғыл көмек көрсетілген. Демек, осынша жанға дәрігерлер қуаныш сыйлап, отбасыларын бақытқа бөлеген.
Жол апатына ұшыраған тимирязевтік жігіт те осы бақытты жандардың қатарында деп толығымен айта аламыз. Шақырту түскен соң санавиациямен бір сағаттың ішінде аудандық ауруханаға жеткен нейрохирург С. Сатин әріптестерімен бірге жігіттің диагнозын нақтылап, ота жасаған. Уақытында әрі сапалы жасалған отаның арқасында бүгінгі күні науқас аяғын нық басып жүр. Сондықтан да ол өзін бақытты деп есептейді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.