
Солтүстік Қазақстан облысындағы туризм саласын айтқанда алдымен ойға Айыртау ауданындағы Шалқар және Имантау көлдері оралады. Көкшетау ұлттық табиғи паркіне жататын бұл өлкенің ажары ерекше екені жасырын емес. Көркіне көз тоймайтын тұмса табиғаты жанға рақат сыйлайды. Өлкемізге берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, арысы Ресей, тіпті алыс шетелдерден демалуға келетіндер аз емес. Көрікті мекендегі туризм саласының дамуы жайында Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Жүсіповпен сұхбаттасқан едік.
– Жақсылық Мейірханұлы, Имантау мен Шалқар еліміздегі негізгі туристік аймақтардың тізіміне кіргені белгілі. Саяхатшыларды несімен қызықтырады?
– Облыстың басты туристік орталығы – Айыртау ауданы болып саналады. Имантау – Шалқар курорттық аймағы – туризмді дамытудың перспективтік аумақтарының бірі, онда маңызды туристік нысандар және табиғи көрікті жерлер орналасқан. Бұл өңірде экологиялық және тарихи туризмді табысты дамытуға мүмкіндік береді. Биік таулары, ну ормандары және айдын көлдері бар ерекше ландшафт. Курорттық аймаққа көптеген қорғалатын археологиялық және сәулет ескерткіштері кіреді. 2018 жылы курорттық аймақ республикалық маңызы бар басым жобалардың ондығына және Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.
– Қонақтар, бірінші кезекте, суы шипалы көлдерді мақтап жатады. Көл суы қандай қасиетке ие?
– Шалқар көліне шомылғысы келетіндер көп. Оның суының емдік қасиеті бар. Бұл көлге бірнеше бұлақ құйғанымен, суы ешқайда ақпайды. Оның хлорид-натрий құрамы теңіз суына ұқсайды. Айналасы қарағайлы орман. Оңтүстік жағалауы тастақ, орман ішіне еніп тұр. Оңтүстік-шығыс жағы құмдақ болғандықтан шомылуға қолайлы. Көлдің жағасында көптеген маусымдық демалыс базалары бар. Көлдердің суы таза және тұщы. Ауданда Имантау мен Шалқар көлдерінен басқа су айдындары бар. Мәселен, Лобаново, Жақсы Жалғызтау, Ақкөл көлдері де туристер үшін тартымды демалыс орны болып есептеледі.
– Қазіргі кезде туризмнің де түр-түрі пайда болды ғой. Соның бірі – аңшылық туризм. Бұл бағытты дамыту ойларыңызда бар ма?
– Бұл мәселе де күн тәртібінен түскен жоқ. Көрікті өлкеде аңшылық пен саятшылықты жандандыруды қолға алдық. Аңшылық туризм – “Орлиная гора” және “Красный кардон” демалыс базаларының аумағында жақсы дамуда. Мұнда тек кәсіби аңшыларға ғана емес, кез келген адамға демалуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі аң аулаудан басқа, интер аң аулау, спорттық және әуесқой аң аулау және саңырауқұлақ, жидек, дәрілік шөптерді теруге де мүмкіндік жасалған. Қонақтарға арналған екіқабатты қонақүй кешені, монша, 50 орындық дәмхана, дүкен, шаңғы базасы бар.
– Айыртау ауданы тарихи нысандарға бай екенін айттыңыз. Оларға туристердің қызығушылығы қалай?
– Шынымен де, бізде тарихи нысандар көп. Ботай қонысын алайықшы, бұл біздің ата-бабаларымыздың жылқыны қолға үйреткендігінің куәсына айналған нысан. Әлі күнге қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ашық аспан астындағы музей де ұйымдастырылды. Туристер келіп танысады, суретке түседі, тек тынығып қана қоймай, қаншама мағлұмат алады. Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлиханов музейі мен Айғанымның қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен де – туристер үшін тартымды нысандар. Қонақтар көптеп келеді. Қызығушылық жоғары.
– Әңгіменің басында Шалқар көлінің емдік қасиеті бар дедіңіз, демек, бұл медициналық туризмді дамыту үшін таптырмас мүмкіндік қой.
– Иә, ем қабылдау үшін туристер негізінен “Шалқар-су” шипажайы мен “Солнечный ВИП” демалыс орындарына келеді. Онда сумен, балшықпен емдеу жүргізіледі. Және маралдың қаны құйылған ванналар мен фитобөшкелер бар. Әркім өз қалауы бойынша қажетті ем-дом қабылдайды.
– Аудандағы демалыс орындары бір тәулікте қанша қонақ қабылдай алады? Және онда қонақтарға қандай жағдай жасалған?
– Ауданда бір мезетте 3100 туристі қабылдай алатын 40 демалыс орны жұмыс істейді, оның ішінде Кіші Айыртау көліндегі үш бірдей балаларды сауықтыру орталығы да бар. Алты демалыс базасы жыл бойы жұмыс істейді, олар: “Солнечный ВИП”, “Изумрудное”, “Тұрпан”, “Дом у озера”, “Адель”, “Орлиная гора”.
Имантау – Шалқар туристік аймағын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде соңғы үш жылда 177 километр автомобиль жолы жөнделді, бұл көлік инфрақұрылымын және туристік объектілерге қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді. Айыртау, Саумалкөл, Шалқар, Имантау ауылдарының 90 пайызы “2ГИС” халықаралық картографиялық компаниясының базасына енгізілген. Қазіргі уақытта демалушыларға ыңғайлы болу үшін аудан орталығындағы демалыс аймақтары, дүкендер, банкоматтар орналасқан жерлерде де жұмыс жүргізілуде. Белсенді ақпараттық-имидждік жұмыстың және инфрақұрылымның жақсаруының нәтижесінде біздің ауданда ішкі туризмнің өсуі, облыстан ғана емес, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларынан және республиканың басқа өңірлерінен туристік ағынның ұлғаюы байқалады.
– Биылға қандай жоспарларыңыз бар?
– 2021 жылы 12 туризм нысанын ашу, кеңейту және жаңғырту жоспарлануда. “Имантау”, “Imantau Marine Club”, “AytaS” демалыс орындары ашылады деп күтілуде. “Солнечный ВИП” демалыс аймағын, “Орлинная гора”, “Қазығұрт”, “Аршалы” және “Дом у озера” аңшылар үйін кеңейту көзделіп отыр. “Шалқар-су”, “Жемчужина” демалыс нысандары да жаңғыртылады.
Айыртау ауданы – Солтүстік Қазақстан облысының табиғи және тарихи байлығы шоғырланған жер. Имантау – Шалқар курорттық аймағы Қазақстанның солтүстігін туристік бағытқа айналдыратынына сеніміміз зор.
Әңгімелескен
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.