«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЖАРЫ КІРГЕН АУЫЛДАР

 

Облыс орталығына жақын орналасқан Қызылжар және Есіл аудандарында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында бірқатар игі істер қолға алынған. Мәселен, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бұқаралық спортты дамыту үшін аула спортымен айналысуға арналған “Workout” тренажерлері бар алаң ашылған. Бұл жерде, сондай-ақ, жасанды жамылғы төселген шағын футбол алаңы да бар. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов спорт алаңында шынығып жүрген тұрғындармен тілдесіп, саламатты өмiр салтын ұстанудың пайдасы жайлы әңгімелесті. Спорт алаңдары тұрғындардың көңілінен шыққан. Себебі, ала допты қуған жастармен қатар, аға буын өкiлдерi де жаттығу жасап, денелерін қыздырып, денсаулықтарын нығайтуда.

Сапар барысында ауданның кәсіби спорттағы әлеуетін көтеретін орталық стадионды жаңарту жұмысы да, қиыршықтас төселген көшелердің бүгінгі жайы да назардан тыс қалмады. Өңір басшысы аталған ауданға қарасты Рассвет және Семипалатное елдi мекендерiндегі ауылішілік жолдардың жай-күйiмен танысты.

– Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 311 елдi мекендi абаттандыру үшiн қаражат бөлiндi. Жарықтандыру жұмысы қолға алынып, елдi мекен iшiндегi жолдар жөнделуде. Сондай-ақ, спорт нысандарының құрылысы жүргiзілуде, – деп атап өттi Ерiк Сұлтанов.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Есіл ауданындағы Чириковка ауылына да ат басын бұрды. Мұнда тұрғындарды ағын судан қорғау үшін ауылдың сыртына топырақ үйіліп, айналма арна салынуда.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp