Қоғамда көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп барады. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы мектеп-лицейде «Қызылжар» орталық мешіті жанындағы әжелер клубы мүшелерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды.
Жиын барысында ақ жаулықты әжелер мен ұстаздар іргесі бекімей жатып, дәм-тұзы жараспай қалған жас отаулардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Өткен жылы екі мыңға жуық ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Күлімкөз Смайылованың айтуынша, бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын байқауға болады. Ашуға булыққан нәзік жандар отбасының болашағын, балаларының тағдырын ойламастан, жұбайымен қош айтысуға асығады. Күлімкөз Қайырбайқызы осы тұрғыда «дөңгелек үстел» басына жиналған қыздарға ақыл-кеңес беруге тырысты.
Ал шаңырағы шайқалған отбасындағы сәбилер тағдырын сөз еткен Сапура қажы Әміреқызы мен Алтын қажы Жарас бақытты ғұмыр кешудің қыр-сырымен бөлісті. «Ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатқандықтан, отбасылардың ойраны шығып, арадағы бала тағдыры тәлкекке түсіп жатыр. Мәселен, бұрын жастар ауыл ақсақалдары мен үлкендерінің сөзін жерге тастамаған. Олар бұзығын тыйып, ақылын айтып, отбасындағы жөнсіз ұрыс-керісті болдырмай, өздері бәрін реттеп отырған. Ал қазіргі ұрпақ аға буынның айтқанына құлақ асқысы келмейді. Өзімдікі дұрыс деп ойлайды. Біз осындай олқылықты жою мақсатында мектептерге шығып, оқушылармен кездесу ұйымдастырудамыз», – деді әжелер клубының төрайымы Сәлима қажы Атажанқызы.
Қымбат ИСМАНОВА,
ардагер ұстаз