Облыстық полиция департаментінде 17-18 қаңтар күндері азаматтарды қабылдау өтеді. Қабылдауға алдын-ала жазылудың қажеті жоқ. Бұл шара “Жолда қабылдау” республикалық акциясының бірінші кезеңі аясында ұйымдастырылып отыр.
Азаматтар құқықтық кеңес алып, өз ұсыныстары мен пікірлерін айта алады. Сондай-ақ, олар патрульдік, әкімшілік полиция, көші-қон қызметінің басшыларымен жүзбе-жүз кездесу мүмкіндігіне ие болмақ. Азаматтарды қабылдау екі күн бойы таңғы сағат 9-дан кешкі 19-ға дейін жүргізіледі.
Петропавлда “Жолда қабылдау” акциясының алғашқы күнінде қабылдау Абай көшесі, 15 мекенжайындағы “Nur Otan” партиясының ғимаратында өтеді. Әдеттегідей облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев азаматтарды қабылдайды. Ал учаскелік инспекторлар шағынаудандардың тұрғындарын учаскелік полиция пункттерінде қабылдайды.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспановтың айтуынша, “Жолда қабылдау” акциясы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2019 жылдың көктемінен бері өткізіліп келеді. Сәуір айынан желтоқсанға дейін солтүстікқазақстандықтар тәртіп сақшыларына 3300 рет жүгінген. Оларды жол инфрақұрылымын жақсарту, автокөлікті тіркеу, абаттандыру мәселелері толғандырады.
Акцияға қатысатын азаматтар өздерінің сұрақтарын облыстық полиция департаментінің “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда өтетін тікелей эфирлерде қоя алады. 17 қаңтар күні эфирге шығу уақыттары сағат 9.30, 11.00, 16.00-ге, ал 18 қаңтар күні сағат 10.00, 11.00, 12.00-ден жоспарланған. Сондай-ақ, акцияға қатысушылар үшін 8 (715-2) 61-25-26 нөмірі бойынша Call-орталық және 8-777-642-32-97 WhatsApp нөмірінде “тікелей желі” жұмыс істейді.