«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚТЫҢ АЙБЫНЫ

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары өткізген әдістемелік сабаққа өңір басшысының орынбасары Владимир Бубенко, сондай-ақ, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық әскерге шақыру комиссияларының төрағалары қатысты.

Шара барысында сөз алған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов қыркүйек және желтоқсан айлары аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, жастардың ата-аналарымен, олар оқып және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелесу жүргізілетіндігін айтты. Әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде болашақ әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі. Қосымша медициналық куәландыру, яғни наркологиялық тестілеу, гепатит пен туберкулезге зертханалық зерттеу шаралары да көзделген.

Биыл күзде әскерге 500 азамат шақырылады. Олардың 200-і Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде борышын өтесе, қалған азаматтар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберілетін болады.

Шара соңында Владимир Бубенко әскерге шақыру комиссияларының заңдылықтарды сақтай отырып, жұмыс істеуі, шақыру пункттерін медициналық құралдармен жабдықтау және дәрігер мамандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp