«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Қолыма қалам алысымен ойыма Ахмет Байтұрсыновтың “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деген аталы сөзі орала кетті. Айтса айтқандай, ана тілімізді сақтау, сақтау ғана емес, ардақтау – азаматтық парыз. Тілің жоғалса, ұлттық рухың да жоғалады, яғни Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз өзіміздің ұлттық ойлау жүйемізді, тарихи танымымызды, рухани мәдениетімізді барынша терең дамыта отырып, барлық салада рухани тәуелсіздікке жетуіміз керек.

Біздің ұжымда тіл саясаты дұрыс жолға қойылған. Басшымыз халықтық мүддеге қызмет ететін ұлттық саясатты ұстануда, сондықтан мекемеміз тілден бастау алған рухани құндылықтарға барынша бет бұруда деп айта аламын.

Бүгінгі күні мекемемізде ісқағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі, қызметкерлер үшін қазақ тілін үйрену сабақтары тегін өткізілуде, тілді игеру деңгейін тексеру үшін қызметкерлерден тест алынады, бекітілген кестеге сай техникалық сабақтар қазақ тілінде өткізіледі, сондай-ақ, дәстүрлі түрде әр айдың соңғы сәрсенбісі әр бөлімге бекітілген жоспарға сәйкес мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында экономикалық сабақтар да жүргізеді.

Жақында Ұлттық банктің облыстық филиалында тілдер мерекесіне арналған “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты сайыс өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қызметкерлердің сөздік қорын дамыту.

Қызметкерлер тәлім-тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдер, бүгінгі күнге сай бата түрлері, тарихи тақырыптарға байланысты белгілі қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысты. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен заманауи көріністер көрсетілді. Оған филиалда еңбек ететін барлық ұлт өкілдері қатысып, тіліміздің одан әрі дамуына әрқайсысы өз үлестерін қосты.

“Қара жорға” биінің адам денсаулығына тигізетін пайдасы туралы мағлұмат беріліп, осы биді билеуден жарыс өтті. Жарыс соңында барлық ұжым мүшелері ұлттық рухты көтеретін “Көк байрағым”әнін шырқады.

Сонымен қатар ұлттық ою-өрнегі бар ыдыстар көрмесі ұйымдастырылып, ішіндегі ұлттық тағам мен сусыннан дәм татып, ұлтымыздың құндылықтарынан нәр алып, жоғары көңіл- күймен тарастық.

Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі болғандықтан, әр қазақ “Тіл тағдыры – ел тағдыры” екенін түсініп, соның дамуына өз үлесін барынша қосса, дұрыс болар еді. Өзге тілдің жетегінде жүре бермей, өз еліміздің ұл-қызы болып, туған тілімізді ұлықтап, ұлтымыздың мәртебесін асырайық, ағайын!

Меруерт ӘЛІМ,

Ұлттық банктің облыстық филиалының аудармашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp