Петропавл қаласының №2 сотының 2014 жылдың екінші жартыжылдығындағы жұмыс жоспарына сай азаматтық істерді қараудың қорытындысы шығарылып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша талаптардың орнын толтыру мәселелері талқыланды.
Сотқа келіп түскен арызшағымдардың статистикалық деректеріне қарағанда, денсаулыққа келтірілген зиянға бірқатар мынадай негіздер себеп болған. Бұл орайда денсаулыққа жоғары қауіп-қатердің әсерінен болатын, еңбек және басқа да міндеттерді атқарудағы келісімшарттар бойынша зияндарды, кәмелет жасына жетпеген адамдардың (жол-көлік оқиғалары кезінде) жапа шегуі, азаматтардың өліміне әкеліп соқтыратын және денсаулыққа тиетін (дұрыс емдемеу, жануарлардың кесірінен және қылмыстардан болатын) басқа да зардаптарды айту керек.
Осы ыңғайда сот шығарған шешімдер заңды және негізді деп табылады.
Сот тәжірибесінің сарабы көрсеткеніндей, жол-көлік оқиғаларының салдарынан денсаулыққа зиян келтіру бойынша даулар көп туындайды.
Жол-көлік оқиғасында, онда жүргізушінің кінәсі бар ма, жоқ па, соған қарамастан, өміріне, денсаулығына зиян келтірілген немесе жоғары қауіп-қатер төнген адам осы үшін өтем талап етуге құқылы. Жүргізуші мұндай жағдайларда: егер адам өміріне, яки денсаулығына өзінің қимыл-әрекетінен тысқары жағдайларда зиян келтірілсе, мысалы, табиғи апаттар, топанда, жер сілкінгенде, соғыс оқиғаларында немесе зардап шеккен адам қасақана апатқа ұрынса, жүргізуші өзінің кінәлі еместігін дәлелдей алса, ол жауапкершілікке тартылмайды.
Жапа шеккен адамның өзінің сақтанбауы келтірілген зиянның орнын толтыру мәселесі қаралып, шешім шығарғанда ескеріледі.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық алқасының 2013 жылғы 8 сәуірдегі қаулысымен азамат Т.-ның азамат М.-ға материалдық және моральдық зиянның орнын толтыру туралы шағымы бойынша Петропавл қаласының №2 сотының шешімі өзгертілді. Жапа шеккен адамның түнгі уақытта көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтіп, жүріп келе жатқан көлікке өзі келіп соғылғаны анықталды. Сөйтіп, жауап беруші кінәлі болмай шықты.
Апелляциялық қарау соттың шешімін өзгерте отырып, шағымданушы өзіне-өзі зиян келтіргенін, осы оқиғаның 60 пайызына өзі кінәлі екенін айғақтады. Соған сәйкес келтірілген материалдық шығын 40 пайызға кемітілді. Осылайша материалдық шығынның көлемін, моральдық зиянның өтемін белгілеу кезінде судьялар әрбір істі нақты зерттеп, бағамдауы керек.
2003 жылдың 1 шілдесінде қабылданған «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Заңға сәйкес көлік құралдарының иелері өздерінің азаматтық жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Сөйткен жағдайда олар сақтандыру компаниясын іске тарта алады.
Осындай істерді қараған кезде сот сақтандырушыны үшінші тарап ретінде жауап беруші жағынан іске тарта алады.
Бірақ бұл қағида жапа шеккен адам мүліктік шағым жасағанда ғана қолданылады. Сақтандырушыдан моральдық зиян үшін өтем өндіріп алу заңда қарастырылмаған.
Сондай-ақ, сот іс-тәжірибесінде азаматтың денсаулығына бір топ адамдардың кесірінен зиян келтірілген жағдайда сот олардың әрқайсысының жауапкершілігін анықтап, шағымданушыға және мемлекетке іс барысындағы шығындарды өтеудің үлесін белгілеуі керек.
Денсаулыққа еңбек және басқа да қызмет үстіндегі міндеттерді орындау кезінде келтірілген зиянды өтеудің талаптары басқаша сипатта қаралады. Өндірістегі қайғылы жағдайды анықтағанда іске айрықша талап қойылады. Адам жарақаттанса немесе денсаулығына басқалай зиян келтірілсе, Азаматтық кодекстің 937-бабының 1-тармағына сәйкес жапа шеккен адамның бұрынғы қол жеткізіліп келген, яки иелене алатын еңбекақысы (кірісі) қайтарылып берілуге тиіс.
Осы орайда сот азамат Г.-ның бір ЖШС-ден материалдық және моральдық зиянды өндіріп алу туралы шағымын дұрыс шешті. Соттың 2013 жылдың 14 тамызындағы шешімімен жауап беруші талап қоюшыға уақытша еңбекке жарамсыздығы кезінде айрылған еңбекақысы үшін 702655 теңгені қайтарып бергізді.
Кәмелетке жасы толмағандардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда баланың заңды өкілдері, ата-аналары, асырап алушылар, қамқорлыққа алған адамдар, осы құқықты заңмен иеленушілер зиянның орнын толтыру үшін сотқа шағымдана алады. Мысалы, соттың 2014 жылдың 18 сәуіріндегі шешімімен кәмелетке толмаған К.-ның пайдасына оған сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін үшінші қалалық ауруханадан 500 мың теңге өндіріліп алынды.
Қалжан ЕРМАҒАМБЕТОВА,
Петропавл қаласының
№2 сотының судьясы.