
Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев бірнеше ауданға іссапары барысында үкіметтік емес ұйымдар жұмысының жылдық нәтижесін қарап, алдағы уақытқа белгілеген жоспарлар талқыланған отырыс өткізді.
Азаматтық қоғамды дамытатын институттардың арасында үкіметтік емес ұйымның атқаратын рөлі зор. Дамыған елдерде мұндай ұйымдар билік қабылдайтын барлық шешімдердің негізгі бөлігіне ықпал ете алады. Толып жатқан патриоттық, жастар, әлеумет, денсаулық сақтау, құқық қорғау жұмыстары үкіметтік емес ұйымдардың араласуымен ғана шешіледі. Ал біздегі ұйымдардың көбі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында қосалқы көмекке ғана жарайтын сияқты. Өздігінен жаңа жұмыстар ұсынып жатқан ұйым көзге түсе қоймайды. Мәселен, Айыртау ауданындағы 24 үкіметтік емес ұйымның “ысқырығы жер жарғанмен, айдағаны бес ешкі”. Жетім балалар мен оларды қолдау, гендерлік саясатты жүзеге асыру, құқық қорғау сияқты салаларда лоттарды ұтып алған олар екі жобаны ғана іске асырыпты. Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі – туризмді дамыту бойынша да нақты ұсыныс-пікір білдірмегені сынға алынды.
Уәлиханов ауданында он екі үкіметтік емес ұйым бар, бірақ олардың да іске асырғаны екі-ақ жоба. Оның өзінде мемлекеттік органдар жасап жатқан “Мерейлі отбасы” мен жастар саясатын іске асыруға бағытталған шараларға көмек көрсеткен. “Жастар форумы”, “Жастар слеті” деген сияқты шараларға атсалысқан.
Тайыншалықтардың жұмысында бір белсенділік нышаны сезілді. Олар биыл аталатын мерейтойлық шараларға бөлінетін лоттарын анықтап қойыпты. Сондай-ақ, “Жас сарбаз”, лаңкестікке қарсы жұмыстар да белгіленген.
Руслан Әлішев аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтып, әкімдердің осы салаға жауапты орынбасарларына тапсырма берді. Мәселелердің карталарын жасап, нақ соларды іске асыруға лоттар берілуі тиіс.
Сонымен қатар Руслан Әлішев “Серпін” бағдарламасымен Петропавл қаласына оқуға келіп, мемлекеттік грантпен оқып, алайда, мамандық алғаннан кейін өз өңіріне кететін жастарды жергілікті жермен таныстырып, тарихтан хабардар етіп, аға ұрпақ өкілдерімен, жергілікті жастармен кездестіріп, киелі жерлерге саяхаттар жасату мақсатында құрылған “Тамыр жаю” үкіметтік емес ұйымының ашылуына қатысты.
Жақсыбай САМРАТ.