Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық әлеуметтік көрініс ретінде әлем елдерінің саяси даму деңгейіне қарамастан оларды жаппай жаулап алды. Соның ішінде Қазақстан да бар, олардың көлемі жағынан ғана айырмашылық байқалады. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуды, нарықтық экономика құрылысын, инвестиция тарту үдерісін тежеп, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына теріс ықпал етеді, еліміздің болашақ дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының негізгі басымдығының бірі ретінде айқындалған.
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып “Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы” Заңды қабылдап, онымен күрес жөнінде арнайы мемлекеттік орган құрды. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен ашықтығы, қызмет көрсету сапасы артты, бизнеске әкімшілік жүктеме кеміп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар жетілдірілді, қоғамдық бақылау аясы түбегейлі түрде кеңейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты халыққа Жолдауында: “Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет”, – деп атап көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар ғана стратегиялық әріптес емес, бұл ретте азаматтық қоғам институттарының да маңызы зор. Бүгінде барлық деңгейдегі депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жемқорлыққа біртабан жақын ортаны қоғамдық бақылауға алу ауқымы айтарлықтай ұлғайды. Азаматтық қоғам өкілдерінің сеніміне кіре отырып, қоғамдық қабылдаулар өткізу тұрғындар құқықтарын қорғаудың пәрменді құралы әрі кері байланыс орнатудың маңызды тетігіне айналды. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында алға қойған міндеттер аясында Қазақстан Республикасының “Қоғамдық кеңестер туралы” Заңы қабылданды. Ол өз кезегінде азаматтық қоғам институттарына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, тексеру жүргізу және мемлекеттік сектордағы басқарушылық шешім қабылдау үдерісіне қатысу бойынша өкілеттіктер беріп отыр.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени және діни бірлестіктерді, жастар, кәсіподақ, құқық қорғау ұйымдарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмыстарына тарту бойынша кең ауқымды іс-шаралар жүргізуде. Бұған қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша облыстағы көптеген азаматтық қоғам институттарымен жасалған ашық келісімдер ықпал етпек. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жақтастарын іздеу шаралары мемлекеттің жергілікті жерлерде жүргізген “Адалдық алаңы” интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылды. Біздің облыстан “Адалдық алаңына” 432 ұйым және 69 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тіркелген.
“Нұр Отан” партиясы облыстық, қалалық және аудандық филиалдарымен ынтымақтастық орнатылған. Олардың түрлі шаралары қалалық және ауылдық елді мекендердегі пункттерінің базаларында өткізіледі. Соның нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын жергілікті жерлердегі қоғамдық институт ретіндегі аталмыш партияға тұрғындардың сенімдері артқан. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті басшылығының азаматтарды жеке қабылдаулары осы партия филиалдарында өткізіледі.
Облыста үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен шаралар жиі болып тұрады. “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы өңір аудандарындағы сегіз ауылдық елді мекен тұрғындарымен “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон” акциясы аясында кездесулер өткізді. Департамент өңірдің барлық жастар ұйымдарының белсенділерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мәселен, жастар ұйымдарымен “Будь информирован – будь просвещен” атты кең ауқымды акция өткізілді. Шара барысында тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарында және мемлекеттік органдарда көрсетілетін қызмет және оны алушылардың құқықтары жөнінде түсінік беретін парақшалар таратылды.
Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен жастардың қатысуымен бедел бейнероликтерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. “Мен ашкөз мемлекеттік қызметшімін” бейнеролигі облыс аумағынан тысқары жерлерде де қызығушылық туғызып, қоғамның оң бағасын алды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға өңір кәсіпкерлері де белсене қатысады. Барлық аудандар мен Петропавл қаласының бизнесмендері белсене атсалысқан Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізген бірінші форумы – соның дәлелі. Форумның өткізілуі қордаланып қалған көптеген мәселелерді реттеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру саласында одан әрі әрекет ету тетіктерін талқылауға мүмкіндік берді.
Департаменттің үкіметтік емес сектормен ынтымақтастығы бұдан да тиімді және нәтижелі болуы үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қаражат бөлінеді. Соның аясында облыс тұрғындарын барынша қамтыған кешенді алдын алу шаралары өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша департамент бастамасымен өткізілген “Жастар ауылы” атты шара кеңауқымдылығымен және маңыздылығымен ерекшеленді. Оған мемлекеттік органдардың, облыс пен аудандардың жастар бастамалары орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен белсенділері, жас кәсіпкерлер мен өңір мұғалімдері, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өткен жылғы тамыз айында департамент Солтүстік Қазақстан облысындағы Қоғамдық қабылдау жұмысының тұсауын кесіп, “Азаматтық бақылау” жобасын іске қосты. Жобаның негізгі мақсаты үкіметтік емес секторлар өкілдері мен қатардағы солтүстікқазақстандықтардың сыбайлас жемқорлыққа “нөлдік төзімділігін” және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін көздейді. Ол агенттіктің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылады.
Елбасы Жолдауындағы мақсаттарға сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізгенде ғана қол жеткізуге болады.“Сыбайлас жемқорлықпен күреске мемлекет пен қоғам бірге жұмылуы тиіс. Жемқорлық – құқықбұзушылық қана емес. Ол мемлекет дамуының тиімділігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді”, – деген болатын. Елбасы мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыра отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет және мәдениет қалыптастыру жекелеген ауылда, қала мен өңірде, тұтастай республикада үкіметтік емес ұйымдармен, бизнеспен және мемлекетпен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқанда ғана мүмкін болады. Азаматтық қоғам институтымен жүргізілген жұмыс нәтижесін қорытындылай келе, бізге басқа да үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар қосылады деген сенімдеміз.
Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің басшысы.