«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҢ АБЫРОЙЫ СЫНАЛАР СӘТ

Елімізде коронавирус індетіне байланысты орын алған төтенше жағдайға сәйкес “Қазақстан Қарулы Күштерінің аумақ­тық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы” Жарлық шықты. Көпшілікке бұл құжаттың маңызын және мақсатын түсіндіріп өтуді жөн санаймыз.

Төтенше жағдай ке­­зінде ел қорғауға жарайтын аза­маттарды арнайы шақырып, тех­ногенді немесе табиғи апат­тар­дың, індеттердің және өзге де ке­­­­леңсіздіктердің зардабын жою – әлем елдерінде бар тә­жірибе. Өйткені, түрлі төтенше жағдайлар кезінде оның зардабын жою, ал­дын алу ісінде тиісті қызмет ма­ман­дарының, Қарулы Күштер сар­баздарының аздық ететін кездері болады. Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін жан-жақты қорғауға бағытталған.
Жар­лыққа сәйкес әскери жиындар он күннен үш ай мер­зімге дейін созылуы мүмкін. Алай­да, нақ­ты мерзімді жергілікті әкімдік белгі­лей­ді. Қала және облыс әкімдігі шақыртылатын азаматтар санын өздері анықтайды. Сондай-ақ, олар әскери жиындарды ұйымдастырады. Ал кейбір аймақтарда әскери міндеттілерді мүлдем шақырмауы да мүмкін.
Қазір жаһандағы көптеген елдер тәрізді Қазақстан да коронавирустың таралуын тежеуге күш салуда. Бұдан бөлек, кейбір өңірлерде көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Ал күн болса жылынып келеді. Міне, дәл осындай сәтте әскери міндетті азамат­тар атқарушы билікке, төтенше жағдай кезінде қызмет етіп жатқан құрылымдарға көмекке тартылуда.
Бұл азаматтар Қарулы Күштердің әскери қызметшісі мәр­тебесін алады және “Әскери қыз­мет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Жарлыққа сәйкес оларға әлеумет­тік сипаттағы барлық жеңілдіктер жасалатын болады. Олардың барлығы тегін тамақпен, қажетті заттармен және медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар әскери жиындар кезе­­ңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны және атқаратын қызметі сақталады. Оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтін адамдарға – ең төменгі еңбекақы төленеді. Мәсе­лен, әскери жиынға шақырылғанға дейін әскери қызметшінің жалақысы 100 мың тең­ге болса, жиындағы әр айда ол сол көлемдегі қаражатты алады. Ал ең төменгі еңбек­ақы мөлшері – 42500 теңге.
Әскери міндет­ті­лердің денсаулығына, отбасы жағдайы­на, жасына да мән беріледі. Жиынға шақыру кезінде еріктілерге бірқатар артық­шылық берілетінін атап айтқан жөн. Шақыртулар негізінен “SMS” хабарламалар арқылы жіберілетін болады. Сондай-ақ, барлық азаматтар бір күнде емес, кезең-кезеңмен шақыртылады. Әскери жиын арқылы оларды төтенше жағдай кезінде арнайы қызметке тарту – бір жағынан елге пайдалы болса, екінші жағынан төтенше жағдайда жұмыссыз қалған азаматтар үшін қолайлы.
Әскери жиындарға шақыртылып, бірақ белгіленген күні келмеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын атап өткен жөн.

 

Айман ӘБЖАППАРОВА,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметкері. 

 

Сурет https://newtimes.kz/ сайтынан алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp