Петропавлда кикбокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған “Қазақстан кубогы” республикалық сайысы өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 146 кикбоксшы қатысып, 11 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатында дарынды спортшының алғашқы жеке бапкері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин Азаматтың зор рухани күш-жігер иесі болғанын, 27-ден асқан уақытында жас ғұмырының жолы кесілген жеңімпазды жерлестері мақтан тұтып, ізбасарлары оған еліктейтінін атап айтты. Ал Азамат Нұрпейісовтің ата-анасы сайыс ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізді.
Жарыс барысында “Фулл-контакт” жүйесі бойынша шаршы алаңға көтерілген солтүстікқазақстандық Никита Сипягин мен Жадыра Ахмадиева жеңімпаз атанды. “К-1” жүйесі бойынша бір күміс пен екі қола медаль жерлестерімізге бұйырды.
Бірнеше күнге созылған доданың қорытындысы бойынша Жамбыл мен Қарағанды облыстарының командаларына жол берген жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді.
Жарыста жеңістің биік тұғырынан көріне білген спортшылар келесі жылдың сәуір айында Түркіменстанның астанасы – Ашхабад қаласында өтетін “Азия ойындарында” ел намысын қорғайтын болады.
(Өз тілшіміз).