«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫ ІСІНЕН ТАНЫ

Адал еңбегімен, асыл қасиеттерімен өзгелерден озық екені білініп, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген азаматтар біздің арамызда аз деп айта алмаймыз. Әсіресе, мынадай алмағайып заманда адамгершіліктің құнын түсінетін, ар-намысты биік қоятын және пендешіліктен таза адамдарды көрсек, еріксіз сүйсінеміз. Бүгінгі мақала кейіпкері, Шал ақын ауданы әкімінің бірінші орынбасары Бағдат Шәкенов – жақсы мінезімен, бекзат болмысымен жұртшылықтың көңілінен шығып, өмірдің биік белестерін бағындыра білген ардақты жан.

“Азаматты ісінен таны” деп халық бекер тұжырым жасамаған ғой. Елдік мақсат, ұлттық мүдде мәселесі атқа мінерлердің бәрін бірдей алаңдатады деп айта алмаймыз. Кейбірі жұмсақ креслодан айырылып қалмасам деген жымысқы пиғылдың жетегінде жүріп, қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелерге бас қатыра қоймайды. Әсіресе, тіл мен діл мәселесіне келгенде жұмған аузын ашпайтындар көп. Сондықтан ондай басшылар халыққа сүйкімсіз. Біз Бағдат Қарақанұлын олардың қатарына қоса алмаймыз. Сөзім дәлелді болу үшін мына бір оқиғаны мысалға келтіре кетейін. Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары кітап, газет оқымайтындардың қатары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп келеді. Бұл мәселе, әрине, алдыңғы толқын өкілдерін қатты алаңдатып отыр.
Екі-үш жылдан бері өзіміз бала күннен қолымыздан түсірмей, іздеп жүріп оқитын, әр санын тағат таппай тосып отыратын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің таралымы азайып қалғанына бәріміз де қатты алаңдаймыз. Жанашыр оқырмандар бас қосып, ежелден қазақтың жоғын түгендеп, мұңын мұңдап жүрген басылымға қандай көмек бере аламыз деген мәселені ортаға салғанда Бағдат Қарақанұлы біздің жанымыздан табылды. Өйткені, билік басындағылардың ұстаздар мен мемлекеттік қызметшілерді газетке мәжбүрлеп жаздыруға болмайды деген сөзін желеу етіп, газеттен теріс айналғандары аз емес еді. Сын сағатта жігіттердің көбі өз көлеңкесінен өзі қорқып, алаш ардақтылары кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен басылымға көмек бере алмайтындарын ашық айтып жатқанда, Бағдат Шәкеновтің батылдығына қатты сүйсіндік. Газет тілшілерінің жанына еріп, ауыл-ауылды аралап, жұртшылыққа жүрек сөзін айтқанын қалай ұмытайық.
“Елдігіміз, бірлігіміз сыналар тұста, аянып қалмайық, ағайын! Тәуелсіз елміз деп кеуде қағамыз. Бірақ ұстаздар, ел азаматтары газет оқымаса, кешегі арыстар іргесін қалаған басылымды керек қылмаса, онда біздің ар-намысымыздың құны көк тиын. Ұялы телефонға телміргендерден қорқу керек. Әлеуметтік желілер газеттің орнын баса алмайды. Неше түрлі азғындықты насихаттайтын ғаламтордан аулақ болайық”, – деп шырылдаған еді.
Бұл – елінің ертеңіне алаңдаған азаматтың ғана аузынан шығатын сөз. Өзі өзгелерге үлгі болып, жыл сайын облыстық “Soltústіk Qazaqstan” және республикалық “Egemen Qazaqstan” газеттеріне бірінші болып жазылатынын білемін.
Хакім Абайдың “дүние – үлкен көл, заман – соққан жел” деген терең мағыналы сөзі бар. Шынымен де, бүгінгідей ақпараттық технология қарыштап дамыған кезеңде қаншама асыл құндылықтарымыздан ажырап қалып жатқанымыз Бағдат Қарақанұлы секілді ұлтымызды, тарихымызды құрметтейтін азаматтардың жанына батады. Сондықтан ол өзі қызмет етіп жүрген ауданда әлі күнге дейін түйіні тарқамай отырған ономастика мәселесін де оң шешуге бір адамдай атсалысты. Аудан, ауыл көшелеріне қазақша атау беруге үлкен еңбек сіңіргенін де айтып өткен жөн.
Кім болса да, кір жуып, кіндік кескен жерінің, туған ауылының түтіні түзу ұшқанын қалайды. Сондықтан біз де ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени салаларының өрге басуына тілектеспіз. Бұл орайда, ең алдымен, жергілікті билікке үміт артатынымыз анық. Бағдат Қарақанұлының жетекшілігімен қаншама проблемалар шешімін тауып жатқанын жұртшылық жақсы біледі. Бүгінгі күні ауданымыздағы әлеуметтік нысандарды биоотынмен жылыту қолға алынып, көптеген мекемелерге арнайы қазандық қойылды. Соңғы жылдары Сергеевка қаласының біраз көшелері жөнделді. Айта берсек, айшықты істер аз емес. Елі үшін еткен еңбегін бұлдамайтын Бәкең секілді азаматтар көп болса ғой, шіркін!
Бағдат Шәкеновтің өзіне көрсетілген сенімді ақтап, бар жұмысты ұршықша үйіруіне оның тәжірибесінің молдығының да көмегі тиюде. Алғашқы мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болғанымен, өмір бойы мемлекеттік қызметте жүр. Айтпақшы, Бағдат Қарақанұлы – бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданының Мәдениет ауылының түлегі. Сондықтан ол ауыл адамдарының мәселесіне бейжай қарай алмайды. Шал ақын ауданына келгенге дейін Ақмола облысындағы Телман, Сандықтау, Балкашино ауылдарының әкімі болды.
Халыққа адал қызмет ету әркімнің қолынан келе бермейді. Алтын көрсе жолдан тайып кетіп жататындар да аз емес. Тіпті, атақ-абыройды көтере алмай жұртқа жеккөрінішті болғандар да бар. Халық – бәріне сыншы. Біздің ауданға басшылық қызмет атқаруға кімдер келіп, кімдер кетпеді? Олардың бәрінің бұл жерде айшықты қолтаңбасы қалды деп айта алмаймыз. Ал бүгінгі күні көпшілік Бағдат Қарақанұлын риза көңілмен бейнетінің зейнетін көрер жасқа шығарып салғалы отыр.

 

Талғат ТЕМЕНОВ,
кәсіпкер.
Шал ақын ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp