
Балдырған Ілиясовты жерлестері ұлағатты ұстаз, іскер басшы, табысты кәсіпкер ретінде жақсы таниды. Абыройлы азамат жақын күндері мерейлі алпыс жасқа қадам басқалы отыр. “Жақсы сөз – жарым ырыс” дегендей, осы кісі туралы жазайыншы деп қолыма қалам алдым.
Балдырған Қамбарұлын жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап танимын. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесімен айналысқан әріптестерінің ішінен оза шауып, алға шыққан жалғыз өзі ғана. Бір жылдары аяғынан шалғандар да табылды. Бірақ жүрегінде намыс оты бар ол Батыраштарға өзінің қатардағы көптің бірі емес екенін дәлелдеді.
Осы орайда жыр алыбы Жамбылдың “Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт” деген өлең жолдары көкейіме оралып отыр. Шынымен де, сонау ықылым замандардан бері әрбір пенденің мына тіршіліктегі мақсат-мүддесі адам болып қалу емес пе?! Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірде бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді десем, сөзімді жоққа шығаратын адам табыла қоймас. Мақала кейіпкері Балдырған Ілиясов – өмірдің бұралаң жолында адамдық болмысын кірлетпеген, әрқашан өз биігін аласартпаған азамат. Оны көпшіліктен даралайтын ерекше бір қасиеті – адамгершіліктің асқақ мұратына қол жеткізген жан. Яғни, қарапайымдылық, кешірімділік, еңбекқорлық, дарқандық секілді еразаматтың бойынан табылуы тиіс мінезге бай. Оған осынша мақтау сөз арнауымыз бекер емес. Өйткені, азаматтың осы күнге дейінгі ғұмыры алақандағыдай барша жерлестерінің көз алдында өтіп жатыр.
Балдырған Қамбарұлының өмір жолы Шал ақын ауданындағы Балуан ауылынан бастау алады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, Қазтуған жырау айтқандай, “Жабағылы жас тайлақ, жардай атан болған жер, жатып қалып бір тоқты, жайылып мың қой болған жер” – Балуан ауылы да өңіріміздің сүт бетіндегі қаймағы еді. Балдырған Ілиясов те адамшылықтың әліппесін кір жуып, кіндік кескен – атақоныста бойына сіңіргені ақиқат. Небір есімі жұртшылыққа мәлім азаматтарды бесігінде құндақтаған киелі мекен оның да өмірдің даңғыл жолында азамат болып қалыптасуына ықпал етті.
Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – бұрынғы К.Ушинский атындағы (қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ) педагогикалық институтты тамамдағаннан кейін ол асыл жары Раушанмен бірге ауылдағы анасының қолына барып, өзі білім алған мектепті көркейтуге білек сыбана кіріскенін біреу білсе, біреу білмейтін шығар. Жолдамамен Моңғолия еліне жібергенде, ол табандап тұрып, жұпар ауасын жұтып, көк орай шалғынында аунаған өз ауылына сұранды. Жүрегінде намыс оты бар азамат үшін түн ұйқысын төрт бөліп, маңдайынан жел қақтырмай өсірген анасын жалғыз тастап кету абыройына нұқсан еді.
Халқымыз “болатын бала алысқа қарайды” деп бекер айтпаса керек. Ауыл балаларын спортқа баулып, волейбол, баскетбол, күрес үйірмелерін ашып, тәртіп пен талап қою арқылы, сенім үдесінен көрінуге баулығанын арада қаншама жылдар өтсе де, әріптестері әлі күнге дейін еске алып отырады. Ауылдағы өнерлі жастардың басын қосып, театр үйірмесін ұйымдастырды. Сол тұста бөлімше басқарушысы болған Есмағзам Исин деген азамат: “Жүргенде өкшесі жерге тиеді, түбінде осыдан жақсы адам шығады”, – деп жас маманның таудай талабына сүйсініп отырады екен. Өмірден көргені мен түйгені мол үлкендер адамды жықпай таниды ғой. Ол қателеспеген екен.
Мектеп әкімшілігінің жұмысқа қабылданғанына небары екінші жылға аяқ басқан мұғалімге оқу ісінің меңгерушісі қызметінің тізгінін беруі тегін емес. “Жас келсе – іске!” дегендей, оның өскелең ұрпаққа жанашырлық танытып, оқытуды жаңа деңгейге көтеруге деген талпынысы әріптестерінің көңілінен шығады. Қызылжармен шекаралас Ресейдің Омбы қаласына жолы түскенде осындағы ең мақтаулы №8 мектепке арнайы барып, оқу-тәжірибесімен танысады. Сөйтіп, шығармашылық топ құрып, педагогтардың жаңаша оқытуға бет бұруына ықпал етеді. Талабы таудай жас маман діттегеніне қол жеткізіп, аз уақыт ішінде Балуан мектебі аудандағы абыройлы оқу мекемелерінің біріне айналады. Өткен күндердің осындай шуақты сәттері жайлы естеліктер аз емес. Бірақ оның бәрі оқырмандарды жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан кешегіні тізбектей бермей, азаматтың бекзат болмысын аша түсетін ерекше оқиғаларға тоқталайық.
Менің айтайын дегенім, Балдырған Қамбарұлы әрбір қазақтың баласы елдің лайықты азаматы болуы керек деген қағиданы ұстанады. Сондықтан саналы ғұмырында шәкірт тәрбиесінде жан аямады. Бұған ол облыс орталығындағы №6 қазақ орта мектебінің оқу меңгерушісі қызметінде жүргенде анық көз жеткіздік. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың таңы атқанда жоғымыз түгенделіп, барымыз бүтінделетініне кәміл сендік. Ана тіліміз, діліміз төрге озуы үшін Балдырған Қамбарұлы секілді азаматтар атқа қонды. Қазақ сыныптарына оқушылар жинау үшін әрбір шаңырақтың есігін қағып жүріп, көпшілікті үгіттеп табанынан тозды. Біреулер түсіністікпен қабылдаса, сөз тыңдамай жер-жебірлеріне жетіп, үйлерінен қуып шыққандар да табылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ балаларының ана тілде білім алуы үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған аз топтың ішінде Балдырған Қамбарұлы да жүрді. Ата-аналардың сенімінен шығу үшін де қаншама тер төгілді.
Сол тұста №6 мектептің директоры қызметін атқарған өңірімізге танымал ұстаз Әдия Ахметова бұрынғы әріптесі жайлы тебірене әңгімелеп берген еді. “Балдырған Қамбарұлының есімін ол Шал ақын ауданының түкпіріндегі Балуан ауылында жүргенде талай рет естідік. Кейін қалаға көшіп келгенде оны енді ашылып жатқан мектепке бірден директордың орынбасары қызметіне қабылдадық. Жаңашыл, еңбекқор азамат білім мекемесінің аяғынан тік тұрып кетуі үшін аянбады. Өйткені, бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Балдырған Ілиясов өзіне жүктелген сенімді ақтай алатын азамат”, – дейді Әдия Ысқаққызы.
Балдырған Қамбарұлы одан кейін Жұмысшы кентіндегі №42 мектепті басқарды. Мұндағы қазақ тілінің кабинеті тасадағы елеусіз жерде орналасқаны жанына батып, бірден осы олқылықты түзеуге кіріскенін сол кезде біз де естіп, сүйсінген едік. Кейін Қызылжардағы оқушыларының тәртібі мен білімі бойынша көш соңында қалған оқу ордасын адам танымастай өзгерткенін білеміз. Бұл жерде де ең алдымен оқушылардың білімге деген ынта-ықыласын ояту үшін түрлі байқаулар ұйымдастырып, спорт үйірмелерін ашады. Ұстаздар арасында кабинеттер сайысын өткізеді. Ғылыми-практикалық конференция, семинарлар арқылы білім сапасын жаңа деңгейге көтереді. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатады. Ең бастысы, пешпен жылытылатын мектепті орталық жылыту жүйесіне қосады.
Қызылжардағы қазақ мектеп-гимназиясын басқарған тұста Мәскеуде өткен жалпы ресейлік конференцияда “Ұлттық мектептердің жаңа моделі” тақырыбында өз жобасын қорғап, шетелдік әріптестерінің назарына ілікті. Кейін халықаралық “Атлантис” бағдарламасына қатысу үшін Германиядан арнайы шақырту алады. Берлиндегі оқу-тәрбие жүйесін басқару бойынша халықаралық “Штюбер” компаниясының үйлестірушісі болып тағайындалады. Бірақ тасада тұрып, тас лақтырғандардың кесірінен қазақ балаларының тәлім-тәрбиесіне арнаған тың жоспарлары жарты жолда қалды.
Жаны таза, ақынжанды азамат жалғыз қалғанда бар сырын ақ қағаз бетіне түсіреді.
“Сары уайым, қайғыны кім тілесін,
Соңғы кезде түсіме көп кіресің.
Сенсіз өткен жылдарымда белгі жоқ,
Асыл анам мәңгі есімде жүресің!” Көңілі жабырқағанда жүрек түкпіріндегі мұңын анасынан басқа кімге айта алады?!
Бүгінгі күні ол – өңірімізге белгілі кәсіпкерлердің бірі. Қызылжардың қақ ортасынан бірнеше балабақша ашып, 70-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкерлікпен айналысу әркімнің еншісіне бұйыра бермейді. Оның да машақаты көп. Бірақ Балдырған Қамбарұлы үшін алынбайтын асу, бағынбайтын биік жоқ. Барлық адами қасиеттер бойынан табылатын абыройлы азамат бүгінгі күні өмірдің шыңында тұрып, айналасына асқақ қарайды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “SoltústikQazaqstan”.